Көкем көпке дейін сары келіншекті сағынышпен еске алып жүрді

Oinet.kz 21-09-2022 4099

Сол көктемде бір көкеміз біздің қалаға қызметпен ауысып келді. Жас кезінде әжептеуір әнші болған екен. Әрине, қазір ән айтпайды. Гүр-гүр еткен даусын естігенде «Осы кісі шынымен әнші болған ба?» деп ойлап қалатыныңыз анық. Бірақ, мәдениет саласындағы бір мекемеге басшы болып келген көкеміз әңгіме арасында «Баяғыда домбыра тартып жүргенде мені теледидардан көп көрсететін» дегенді мақтанып айтатын.

Screenshot_12.jpg

Қызметке кіріскен күні-ақ құттықтап шығып, кешке бір кафеде дуылдатып тойлап тастадық. Содан кейін барлығы өз тіршілігімен кетіп, біраз уақыт хабарсыз қалған болатынбыз. Мамыр мерекесінің алдында күн суытып, тобықтан келетін қар жауды. Сол күні көкем телефон шалды.

Жағдай сұрады. Екі бөлмелі пәтер жалдапты. Отбасын әлі алып келмеген. Үй салқын. Ананы-мынаны әңгіме қып келіп, ақырында көкем мен күтпеген бір өтініш айтты.

– Әй, Орал бала, үйде жеңешең жоқ. Қашан көшіп келетіні де әзірге белгісіз. Амал жоқ, өзім тамақ істеп жатырмын. Үй қоңыр салқын. Көрпе оранып жатырмын. Шынымды айтсам, ішім пысты... Сен маған әңгімелесетін бір келіншек тауып берші, – деді.

– Әңгімелесетін болғанда қандай келіншек? – деп мен де аң-таң болып.

– Жоқ, сен арам ойлап қалма... Ондай келіншектерді өзім-ақ ақшаға тауып аламын ғой. Маған бірге отырып тамақ ішіп, сөйлесетін, әңгімелесетін адам керек.

... Қазақ деген қарға тамырлы ғой. Егер жекжат жағынан қусақ, көкем маған қайынаға болып келеді. Сол ауылдың қызын алғанмын. Қайынағамның мына ұсынысынан маңдайым тершіп кетті.

– Ойбай, аға, сіз маған қайынаға болып келесіз. Күйеу балаңызға ондай өтініш айтқан ыңғайсыз емес пе? – деп басымды алып қашып көрдім.

– Әй, Орал, осы саған қанша мәрте айтамын. Сен маған күйеу бала емессің. Сен маған інісің, бауырсың. Өткенде де бір тойда «Қайынағам төрге шықсын» деп маған орын беріп жатсың. Қайынаға деп ешқашан айтпашы... Есіме де түсірме. Екеуміз ағалы-інілі бауырмыз. Болды. Енді тағы айтсаң, ренжимін. Қысқасы, мен саған інім ретінде тапсырма бердім. Тамақ істеп күтіп отырамын. Кешке бір келіншек ертіп келесің... Болды. Жақсы.

Қайынағам, ой кешірерсіздер, көкеміз телефонды баса салды.

Ал, енді не істедім? Әрине, жай ғана тамақ ішіп, арқа-жарқа боп әңгімелесіп қайтатын келіншектер табылар-ау. Дегенменде көкеміздің ойы басқа жақта сияқты ма, қалай өзі... Егер шынында солай болса мұның соңы ұрыс-керіс болып кетуі де мүмкін-ау. Көп ойландым. Ешкім есіме түсер емес. Мұндай тірлікпен кім айналысып көрген.

Содан «осыдан сұрап көрейінші» деп бір жігітке телефон шалдым. Ол да «Сонда қандай келіншек?» деп аң-таң боп қалды. «Әңгімелесетін келіншек». «Сондай келіншек бола ма?» деп ол одан бетер айран-асыр болады. Мен түсіндіре алмай әлекпін.

Содан қысқасы, әңгімеміз «Біздің кеңсе жаққа келіңізші» деумен аяқталды. Осы жерде әңгіменің пленкасын тез-тез айналдырып жіберу керек сияқты. Мен барған соң ол жігіт «Аға, қазір мынандай заманда кім әңгіме тыңдап отырады? Ол әңгіменің соңы немен тынатынын да білмейсіз. Сондықтан мен сізге саунадан бір қыз шақырып берейін, ақшасын төлеңіз де соны алып бара салыңыз» деп ұялы телефонын шұқылай бастады. «Ой, көкем ондай келіншекті айтқан жоқ... Егер біліп қойса, менің жонымнан таспа тіледі ғой» деп мен де азар-безер боламын. «Көкеңіз білмей қалады..» деді темекісінің түтінін әуеге үрлеп тұрып жымиып...

Қысқасы, менің көзімше бір қызға телефон шалды. Ол қыз саунада отыр екен. «Қайдасың? Тез жетші» деді амандық-саулықтан кейін. Анау қыз «Жедел жәрдемнен» де тез жетті-ау деймін. Әйтеуір, лезде пайда болды. «Мына көкеңмен сөйлесші» деп әлгі жігіт мені көрсетті.

Сап-сары қыз екен. Әлде келіншек пе? Жоқ, шынында жап-жас келіншек болуы керек. Қысқасы, қыз десе де, келіншек десе де жарасады. Әп-әдемі, сүп-сүйкімді. Көшеде көріп қалсаң, мына келіншектен еш күдіктенбейтінің анық. Өзі де ашық-жарқын екен. Бірақ, әп-әдемі келіншек әңгімені ақшадан бастады. Оның әр сағаты ақша тұрады екен.

– Айналайын, ақшаңды төлеймін, бірақ бір сценарий құру керек боп тұр.

– Не сценарий?..

– Сен өзі бұрын не жұмыс істегенсің?

Келіншек қабағын түйіп ойланып қалды.

– Бұрын шаштараз боп жұмыс істегенмін...

– О, шаштараз болса жақсы екен... Енді қарындас, мәселе былай... Қазір бір үйге қонаққа барамыз. Менің бастығымның үйі. Ол кісі тамақ істеп күтіп отыр. Сен менің шашымды қысқартып жүрген келіншек боласың. Екеуміз сол шаштаразда танысып, араласқанбыз. Яғни, екеуміз «жүріп жүрміз». Менің қасымда отырасың. Дастарханға тағы бір құрбыңды шақырған боласың. Құрбыңды ары күтеміз, бері күтеміз. Ол ақырында келмейді. Сен сол аралықта менің бастығымның жүрегін жаулап, өзіңе ғашық етіп алуың керек. Сосын ар жағын жағдайға қарай көресің. Бірақ, бірден ашып айтайын, бастығым сенің қайдан келгеніңді білмейді. Білсе, мені құртады. Ол туралы мүлдем ауыз ашпа. Сен шаштараз боп жұмыс істейсің, болды. Сосын ыңғай білдірсе, бірден жата кетпе. Дені дұрыс келіншектер олай істемейді. Төсек дегенді мүлдем ұмыт.

– Сонда мен не істеуім керек? – деді келіншек түсінбей...

– Сен тек бастығымыздың әңгімесін шын ықыласыңмен тыңдап, айтқанына бас шұлғып отыруың қажет. Бастық сені ұнатып қалуы керек.

– Жақсы, көрейік, -- деп қалды келіншек ойланып.

– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін... Бастығым бұрын теледидарға көп шыққанмын деп айтушы еді. Көрген кезде «Сізді бір жерден көрген сияқтымын» деп қоя сал. Риза болып қалады.

– Ол жағын қатырамын ғой, -- деді келіншек мен берген ақшаны санап, қол сөмкесіне салып жатып... Сөйтті де көзін бір қысып қойды.

***

Көкем барын салып дайындалыпты. Тауық етінен қуырдақ қуырыпты. Зал тамдағы столға ақ дастархан жайып, үстін толтырып, екі жерге екі балауыз шам қойған. Бір бұрышта шетелдің қызыл шарабы тұр.

Есіктен енгеннен келіншекті құрақ ұшып қарсы алған. «Айналайын, қалайсың? Тоңып қалған жоқсың ба?» деп келіншектің пальтосын шешуге көмектесіп, бәйек болып жатыр. «Көке, қазір бұл келіншектің құрбысы келеді. Бұл менің жүріп жүрген келіншегім» деп сыбырлап үлгердім. «Түсіндім, түсіндім...» деп ол кісі де басын шұлғып жатыр.

Кіре беріс сәл қараңғылау еді. Шамы жарқыраған зал тамға кіргенде көкем келіншекке жақсылап бір қарады. Көзінен байқадым, көкем келіншекті бірден ұнатты. Келіншек те қымсына қоймады. Жарық жерде көкеме бір қарап, «Ой, мен сізді бір жерден көрген сияқтымын... Түріңіз таныс» деп сәл ойланып қалды.

– Қай жерден көрдім-ай сізді... Қазір, қазір... Точно, сізді теледидардан көргем.

Көкем айналып түсті.

– Айналайын, сары қыз... Мына бәлелерге үнемі айтамын, кезінде теледидардан түспейтінбіз деп... Еш сенбейтін. Міне, теледидар көретін қыз, танып тұр. «Хабары» бар ма, «Қазақстаны» бар ма, еліміздің телеарналарының атасына мың рахмет. Мені әбден көрсеткен. Қазақстанның қай бұрышына барсам да ел өстіп танып жатады...

Содан көкем мен сары келіншектің әңгімелері жарасып жүре берді ғой. Қызмет етуге кірісіп кеттім. Шай қойдым. Қуырдақты табаққа салып алып келдім. Сол аралықта көкем әңгімені айтып жатыр, айтып жатыр. Келіншек аузы ашылып, бар зейінімен тыңдап қалған. Ара-арасында «Сонымен ары қарай не болды?» деп көкемді түртіп қояды. Көкем бір көсілді дейсіз.

Келіншек те осы қаладағы шаштаразда жұмыс істейтінін, сол жерде танысып, араласқанымызға біраз уақыт болғанын, бүгін шай ішейік деп арнайы шақырғанымды айтып үлгерді.

– Қазір тағы бір құрбым келеді, оған қарсы емес шығарсыз, -- деп күліп қойды.

– Келсін, келсін... Қайта қуанамыз, -- деп көкем тіптен жайылып түсті.

Қуырдақ жедік, шай іштік. Сары келіншек нағыз әртіс екен. Көкемнің пернелерін дөп басты. Әйтеуір, көкемнің бір ашылған күні болды бұл... Ара-арасында келіншек біреуге телефон соғып қойып, «Аға, кешіріңіз, бүгін шаштаразда клиенттер көп болып, құрбым кешігіп жатыр» деп қояды. Құрбысын қажетсініп отырған көкем жоқ. «Шаруасын бітіріп, асықпай келе берсін» деп әңгімесін ары қарай жалғайды.

Шайдан кейін көкем қолына гитара алды. Бірақ, осы көкемнің әнші болдым дегеніне дәл осы жолы сене қойған жоқпын. Қарлыққан даусы бар-бар етіп, бір әнді бар даусымен айқайлап айтып шықты.

«Не деген қоңыр дауыс...» деп келіншек басын шайқап, жүрегін ұстады. Сөйтіп еді көкем «Енді баян тартамын» деп ар жақтан тұрған баянға қол созды.

Қысқасы, ән айтып, әңгіме айтып біраз отырдық. Келіншектің құрбысы кешіге берді. Келіншек қайта-қайта кешірім сұрайды. «Мейлі , енді қайтеміз...» деп қояды көкем.

Бір кезде көкем темекі шегуге балконға шықты. Мен де ере шықтым. «Мына қыздың құрбысы келмей қалмай ма?» деді темекісін тұтатып жатып.

– Соны білмей тұрмын ғой... Қалай да болса келемін деген...

– Сен оны танушы ма едің? Былай дұрыс келіншек пе?

– Жоқ, көрген емеспін. Танымаймын.

– Құрбысы да тура осы сары қыз сияқты болса жарар еді. Мынау бір керемет келіншек екен, -- деп көкем басын шайқап терезенің жақтауында тұрған күлсалғышқа темекісін қағып жатып.

***

Қайтадан дастархан басына оралдық. Тілек айту, тост көтеру басталды. «Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын» деді сары келіншек. Ары қарай көкем ұзақ-сонар әңгіме бастап кетті. Бұл кісі көбінесе жастық шағын айтады. Келіншек те ұйып тыңдап қалған. Ара-арасында басын шайқап, таңдайын қағып қояды.

– Біздің кезімізде жастардың отырысында жарықты өшіріп, вальс билеу деген сән болған. Ол деген бір керемет қой... Бүлініп жатқан ештеңе жоқ. Қайта қараңғыда қызбен билеп жүріп, емін-еркін сырласасың. Қазіргі жастар билеу дегенді ұмытып барады...

Көкем бірнәрсеге өкінгендей басын шайқады.

Тағы балконға шықтық. Көкем темекі шегіп, терезеден сыртқа қарап тұр.

– Мына қыз керемет екен. Әңгімесі қандай... Сөйлегені қандай... Осындай әдемі келіншектерді қайдан тауып аласыңдар осы?

– Сол шашымды қысқартуға барғанда таныстым ғой...

– Мықты келіншек... Бірақ, бір нәрсені байқап қалдым...

Көкем менің көзіме тіке қарады.

– Нені байқадыңыз? – дедім жанарымды тайдырып.

– Мына келіншектің ойы менде сияқты ма, қалай өзі...

– Жоға, ол өзі сондай жарқылдап қалған келіншек. Жұрттың бәрімен осылай тез араласып кетеді. Өзі бір ақкөңіл...

– Е, бәсе... Шынында, солай сияқты. Керемет ақкөңіл келіншек екен. Құрбысы да осындай болса жақсы болар еді.

Көкем ваннаға кіріп кетті.

Осы сәтті аңдып тұрғандай сары келіншек қасыма жетіп келсе бола ма?

– Аға, не ғой... Мына көкеңіз дайын болды. Енді жата берейік те... Бәрібір болатын нәрсе емес пе?..

– Жындысың ба? Жатқаны несі? Мен саған айттым ғой төсекті ұмыт деп. Ондай келіншек екеніңді білсе мені құртады, жұмыстан шығарып жібереді... Сен соны түсінесің бе? – деп сыбырладым.

– Жақсы, жақсы, түсіндім, -- деп келіншек кешірім сұрағандай қолын жүрегінің тұсына қойып, сәл басын иіп, шығып кетті.

***

Көкемнің әңгімесі таусылмайды ғой, шіркін. Қайдан шыға беретінін, сосын ит жылғы оқиғаларды кеше ғана болғандай айна-қатесіз айтып беретініне таң қалмай көріңіз. Келіншек те шын ықыласымен тыңдап қалған. Байқаймын, мен асханаға шығып кеткенде көкем келіншекке әзіл айтып, риза болғансып әлсін-әлсін құшақтап қояды. Мен кірсем, сәл шегініп отырады. Асханадан балконға өтсең, зал тамның терезесінен бәрі көрінеді. Қалада мұндай балконды лоджа деуші ме еді? Шәйнекті қоя салып, лоджаға жүгіріп барып, терезеге қараймын. Көкем қарқ-қарқ күліп келіншекті құшақтап жатады. Келіншек те кет әрі емес. Ол да ішек-сілесі қатқан. Қасындағы келіншекті күлкіге көмгеніне көкем де мәз.

Бір кезде көкем балконға шақырды. Қуырдақты қайтадан ысытып қолым тимей жатыр еді, «тезірек келші» деп тағы айқайлады. Бардым. Көкем тағы көзіме қарады.

– Әй, Орал, осы сен маған күйеу бала сияқты едің ғой, -- деді езу тартып.

– Иә, қарындасыңызды алып отырмын ғой...

– Мен саған қайынағаң ретінде бір өтініш айтайын деп отырмын.

Ішім қылп ете қалды.

– Айтыңыз...

– Айтсам, құдай біледі, мына келіншектің ойы менде. Осыны бір ыңғайлап көрсем қалай болады?..

– Ойбай, аға, ұят болады... Бұл ондай келіншек емес. Бекерге ренжітіп аласыз. Сәл шыдаңыз, қазір құрбысы келеді ғой.

– Құрбысының атасына нәлет... Келмей-ақ қойсын. Керек емес. Маған осы келіншек керек. Мен мұндай келіншектерді құрығыма «шесть секундта» түсіремін. Тек сен рұқсат берші.

– Ой, аға, ұят қой... Қазір сіз ыңғайлаймын деп ренжітіп алсаңыз, үйіне қайтамын деп шығады. Түн ішінде үйіне жеткізіп тастау керек болады. Сосын құрбысы да келмейді.

Көкем сәл ойланып қалды. Бірақ қызып алыпты.

– Мен саған қайынағаң ретінде өтініш айтып отырмын ғой... Келіншекті бір рет ыңғайлап көремін, егер шынында ренжіп, қайтамын деп жатса, шопырды шақыра саламын, сол апарып тастайды.

Мен ойланып, қиналғансып тұрмын. Көкем тура алдымда тесіліп қарап тұр.

– Сөйтші, Орал, сөзімді жерге тастамашы...

Арқамнан қағып қойды. Үндемедім. Көкем келісті деп ойлады.

– Мақұл ма? Солай істейік... – деп темекісін өшіріп, ішке асығыс беттей берді.

***

Қайтадан шай іштік. Келіншек телефонын шұқылап отыр. «Мәссаған, құрбым әлі жұмыста отыр екен. Бүгін масқара адам көп...» деп қойды. «Адам көп болса, шаршаған шығар, демалсын, келмей-ақ қойсын» деді көкем бір керіліп қойып. Анау «Мен жоқ кезде үнемі осындай болады...» деп сәл қабағын шытқандай болды. «Жұмыс деген кешкі сағат жетіден кейін бітпей ме екен? Сонда соңғы клиентке дейін отыра бере ме?» деді көкем таң қалып... Анау үндемеді. Тек ернін тістей берді.

Осы кезде көкем маған «кет» дегендей басын сілтеп, ишарат білдірді. Шәйнекті көтеріп шыға сала зу етіп лоджаға жетіп бардым. Терезеге үңілсем, көкем келіншекті қапсыра құшақтап жатыр екен. Келіншектің де екі қолы мойынды орап барады.

Аздан кейін бөлмеге кірсем, көкемнің жағасы жайлауда, көңілі көкте. Келіншек бір тізесінде отыр.

– Міне, біз табыстық, Орал... Білесің бе, осындай келіншекті іздегеніме қаншама жыл болды. Ешқайсысы ұнамайтын. Ақыры таптым, міне... – деп келіншекті қолтығына қысып-қысып қойды.

– Мен де сізбен кездескеніме қуаныштымын, -- деді келіншек көкемнің иығына басын қойып жатып.

***

Қайтадан балконға шықтық. Көкем тағы темекі шегіп тұр.

– Керемет келіншек... Енді сен тартып алды деп қапа болма. Жассыңдар ғой, әлі талай келіншекпен кездесесіңдер. Білесің бе? Мына келіншекпен алғаш сөйлескеннен-ақ ойы менде екенін біліп қойдым. Шамасы, мен сияқты ашық-жарқын еркектер ұнайтын болуы керек.

– Бекер ертіп келдім бе тұрмын, көке... Мұндай болады деп ойламадым ғой.

– Е, енді өкіндің не, өкінбедің не, оның пайдасы жоқ... Айтпақшы, өткенде анау ешектің миын жеген Әскербек пен Бақыт екеуіне де дәл осылай "әңгімелесетін келіншек тауып келіңдерші" деп өтініш айтқанмын ғой.

– Иә...

– Сөйтсем, екеуі саунаның қыздарын ертіп келіпті.

– Қой, е... – дедім мен де ішегімді тартып, көзімді бақырайтып.

– Иә, иә... Саунаның қыздары екенін бірден білдім. Содан «Саунадан қыз шақыратын менің ақшам жоқ дейсіңдер ме? Әлде соны тауып келетін танысым жоқ дейсіңдер ме? Мен сендерге әңгімелесіп отыратын келіншек табыңдар» деп едім ғой» деп екеуінің де құйрықтарынан теуіп қуып шықтым.

– Мәссаған... Қатты айтыпсыз ғой. Ал, сонда қыздардың саунадан келгенін қайдан білдіңіз?

– Ой, мен иісінен білемін. Мысалы, мына үйдегі сары келіншектің үстінен әдемі духидың исі шығып тұр. Көпшілік мекемеде жұмыс істейтіні бірден байқалады. Ал, анау қыздардың үстінен басқа иіс шығады. Саунадан келгенін бірден біліп қойдым. Боқтап-боқтап бәрін қуып шықтым.

Шынымды айтсам, көкемнің көзінше ішегім қатып күлуге қорықтым. «Олары дұрыс болмаған екен» деп бірден ваннаға жаққа тарттым да есікті құлыптап алып, күле бердім, күле бердім.

Сол күні көкемнің үйіне қонуға тура келді. Ол кісі қайтармады. «Так, Орал бала, сен енді боссың... Ана бөлмеге бар да жата бер. Біз өзіміз әңгімелесіп отыра береміз» деді дастарханның үстінде. «Үйге қайта бермеймін бе?» «Жоқ, ертең қайтасың. Болды».

Келіншекке «Абайла, сценарийден ауытқып кетпе» дегенді көзіммен ұқтырып, орнымнан тұра бердім.

Олар ұзақ отырды. Көкемнің әңгімесі таусылмайды. Келіншектің күлкісі де жиі естіледі. Көзім ілініп кеткен екен. Оянып кетсем, тым-тырыс. Таң атуға жақын қалған сияқты. Ақырын басып, дәлізге шықтым. Сөйтсем, зал тамнан музыканың баяу даусы естіледі. Түсіне қойдым, көкем сары келіншекпен жарықты өшіріп, вальс билеп жатыр екен.

***

Содан көкемді екі-үш күннен кейін көрдім. Бұл кезде күн жылынып, тіпті, ыси бастаған. Жұмыстан кейін көкемнің үйіне барған едім. Мен де бардым, олар да келді. Олар дегенім – көкем мен сары келіншек. Көліктен екеуі қатар түсті. Көкем келіншекті құшақтап еркелетіп қояды.

Үйге кірдік. «Жоғары шыға беріңдер» деп ол кісі қолындағы портфелін оң жаққа қойды да, өзі асығып дәретханаға кіріп кетті. Осы кезде сары келіншек маған жетіп келді.

– Аға, мен саунаның қызы екенімді көкеңізге айтамын.

– Ойбай, неге?

– Ой, сіз біздің сағатымыз қанша ақша тұратынын білесіз ғой. Мына кісі ештеңе төлемейді. Күн сайын кешке шақырып алады да жібермейді. Мен енді оны айтпасам, бұдан қайтіп құтыламын?

– Айналайын, қарындас, әзірге ештеңе айтпай тұра тұршы... Оны білсе, мені бірден құртады. Бір ретін табармыз...

– Көкеңіз қызық екен, әңгіме айтады, жарықты өшіріп билейді, болды. Білмеймін, не ойлап жүргенін...

Осы кезде көкем әндетіп дәретханадан шығып қалды. Келіншек те, мен де бір-бірімізден ыршып түстік. Көкем ештеңе байқамады, әйтеуір.

***

Арада тағы бір апта өтті. Бұл уақытта көкеме хабарласпадым. Шыным айтсам, өзінен де, анау келіншектен де қорықтым. Бір аптадан кейін өзі хабарласты. Көңілді екен.

– Әй, Орал батыр, қайдасың? – деді салған жерден.

– Үйдемін.

– Біз мына бір кафеде отырмыз. Тезірек келші...

Бардым. Қасында сары келіншек те бар шығар деп ойлап едім. Құдай оңдағанда жоқ екен. Көкем үш-төрт жігітті алдына үйіріп қойып, әңгіме айтып отыр. Алдарында бір-бір саптыаяқ сыра.

Бір шетке отыра қалып едім, көкем қоймай қасына шақырды. Сонымен әңгімесін ары қарай жалғастыра берді.

Ұзақ отырдық.

– Айтпақшы, көке, сары келіншек қайда? Қасыңызда жоқ қой... – дедім бір кезде.

Көкем жан-жағына бір қарап алды.

– Ой, қызық болды ғой, -- деді сосын столдың үстіндегі қораптан алған шылымды ұштандыруға ыңғайланып.

– Иә? – дедім мен де лып етіп оттықты алып, лезде тұтатып жіберіп...

Көкемнің аузы-мұрнынан көк түтін бұрқ ете қалды. Сөйтті де аузынан шылымын алып:

– Ой, Орал, мен де бір перімін ғой, мен де бір серімін ғой. Маған жанасқан қыздардың бағы ашылып кетеді. Сары келіншек Атырауға байға тиіп кетті ғой... – деді көкем екіленіп.

– Аа, не дейді... – деп аузым ашылып орындыққа сылқ етіп отыра кетіппін ғой.

Сары келіншектің көкемнен осылай құтылғанын, онда да жақын жерді айтпай, түу Атырауды айтып кеткенін бірден түсіндім. Жақын жерді айтса, көкем іздеп баруы да мүмкін ғой.

Содан көкем көпке дейін сары келіншекті сағынышпен еске алып жүрді...

Оралхан Дәуіт

Күйеуім ауру емес пе екен деп алаңдаймын
Ол мені оп-оңай қармағына түсірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу