«Мен қарғысқа ұшыраған байғұспын ғой»

Oinet.kz 27-07-2022 11951

Мәжит екеуміз мектепте бірге оқығанбыз. Ол ерекше сымбатты, көркем жігіт болатын. Домбыра шертіп, ән салғанда өне бойың шымырлай жөнелетін.

 Screenshot_10.jpg

Әннің сөздеріне өзінше ұйқас қосып, келістіріп жіберетін ақындығы да бар. Ұстаздар бүкіл сынып сағаттарының, кештердің жазу-сызу, суреттерін Мәжиттің мойнына артып қоятын. Сабағын да жақсы оқыды. Қай жағынан алсаң да, «сегіз қырлы, бір сырлы» деген қазақтың әдемі сөзі дәл осы Мәжитке айтылғандай көрінеді. Қыз біткеннің арманына айналды. Содан болар, қыздармен көп жүруші еді.

Біз мектепті аяқтайтын жылы 9-сыныптағы Қарлығаштың жүктілігі туралы өсектер айтыла бастады. Іші де білінді. Сыныптағы жігіттер Мәжитке жақында әке болатындығын айтып, келемеждеп жүретін. Бірақ ол оқиға Мәжитке айтарлықтай әсер еткен жоқ. Басқа қыздармен кездесуін жалғастырып жүре берді. Мектепті бітіріп, жан-жаққа тарап кеттік. Алып шаһарға оқуға келдім. Тұрмыс құрдым. Араға 30 жыл салып, Мәжитпен қызымның құдалығында жолығып отырмын. Ол құдамның жақсы араласатын достарының бірі болып шықты. Кезінде Мәжит – асаба, құда – музыкант болып, ұзақ жылдар бірге жұмыс істеген екен. Алғашында біреуге ұқсаттым, дұрыс танымадым. Уақыт өз дегенін алады ғой. Десе де, Мәжит маған тым қартаңдау көрінді. Өңі солғын тартқан, жайнаған жанарын қабағы басып тұр. Маңдайына қалыңдап түскен қатпарлар аз бейнет шекпегенін айғақтап тұрғандай. Денесінде құр сүйегі қалған. Басын төмен салып жүргеннен бе екен, жотасы бүкірейе бастапты. Бойы да шөгіп қалған.

Кеш батып қалды. Жастар қала аралап кетті. Үлкендер демалып жатыр. Есік алдына шығып, ертеңгі той қамын ойлап отырмын. Жатсам, ұйқым келер емес. Ашық тұрған есіктің пердесін түріп, біреу сыртқа шығып келеді. Аяқ киімін таппай тұрған сияқты. Орнымнан тұрып, жарықты қостым. Мәжит екен.

– Сен әлі ұйықтамағансың ба? – деп менің далада отырғаныма таңырқағандай болды. Екеуміз даладағы орындыққа жайғастық.

– Иә, ұйқым келер емес. Балаң қайда кетті?

– Осында дос баласы бар екен. Сол келіп, алып кетті. Қараңғыда көзім көрмейтін болған соң, көлік жүргізіп келген. Бағана таңғала қарағаныңды байқадым… Мен қарғысқа ұшыраған байғұспын ғой. Жастықпен жасаған қателіктерімнің зардабын қартайғанда шегіп келемін, – деп жанары жасқа толып кетті. Ауыр күрсінді де сөзін жалғады.

– Сен – бақытты анасың, қыз ұзатпақсың, келін де түсірерсің.

Ішім бірдеңені сезе қойды. Үндемедім. Есіме Қарлығаштың жайы орала кетті. Ойымды оқығандай. Әңгімені сол арнадан жалғады. Мен тек үзбей, тыңдаумен болдым.

…Айтуынша, Қарлығаштың анасы көз жасын көл етіп, Мәжиттің алдына бірнеше рет барыпты. Нәтиже болмаған соң, отбасымен ауылдан біражолата көшіп кеткен екен. Содан кейін Қарлығашты көрмеген. Кейін Фарида есімді қызбен көңіл жарастырып, бар-жоғы бір айдың ішінде үйленуге шешім қабылдайды. Бірақ бақыттары ұзаққа созылмайды. Фарида үйленген соң, бес-ақ айда қызды болады. Мәжиттің Фаридаға деген сезімі су сепкендей басылады. Десе де, олар бірден ажырасып кетпей, ұрыс-керіспен бір жылдай бірге өмір сүреді. Сол уақыт ішінде Фаридада жанжалдың басылуына үміт оты тұтанған болатын. Ол енді Мәжиттің баласын өмірге әкелмекші. Бірақ бұл жаңалық Мәжитті аса қуанта қоймайды. «Маған сендей әйелден туылған бала керек емес» дегенді желеу етіп, баланы алдыртып тастайды да, ажырасып кетеді.

Асабалықпен айналысып жүріп, бір қызы бар ұйғыр келіншекпен өмірінің жаңа парақтарын ашады. Қаланың ортасынан екі қабатты котедж салады. Ай сайын машинасын жаңа маркаға ауыстырып, дәурені жүреді. Тіпті үйлерінде қазан қайнатпай, қымбат мейрамханалардан тамақтанады. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, Нұрия екеуі балалы болмайды. Бұның себебін денсаулығымен байланыстырған келіншегі дәрі-дәрмекке қыруар қаржы жұмсалып жатқандығын айтып, Мәжиттің қалтасын қағумен болады. Бірақ мәселенің анығын Нұрияның күйеуі түрмеден келіп, үйден қуылғанда ғана біледі. Сол кезде ғана заңды некеге де отырмағандығы, үйін әйелдің атына рәсімдегені есіне түседі.

Бар жан-тәнімен сенген әйелінің сатқындығы Мәжиттің қабырғасын қатты қайыстырады. Ішімдік серігіне айналады. Жұмыс та жайында қалады. Ауылдағы әкесінің ескі үйіне барып тұрады. Саудагер жесір орыс келіншектің анау-мынау жұмыстарын жасап беріп, ақысына Наташа екеуі бір шөлмек арақты бөлісіп ішіп жүреді. Сөйтіп жүріп, Наташаның қойнынан қалай шыққанын да байқамай қалған екен. Міне, осылай жылдары өтіп жатыр. Наташаның өз ұлы бар. Ол енді бала туатын жастан да өтіп кетті. Одан кетсе, өмір сүре алмайтындығын айтады. Қаңғып қалатындай көрінеді де тұрады.

– Иә, мені біреудің баласы «папа» деп жүр. Өз балам кімді «әке» деп жүргендігі бір жаратушыға аян! «Әке» деуге де жетпей кеткен балам ше? Бала  – адамның бақыты, өмірінің жалғасы. Бірақ менде оның екеуі де жоқ. Енді болуы да мүмкін емес, оны өзім де білемін. Өмір – алма кезек. Мен Қарлығашты жылаттым. Баламды жетім еттім. Фариданың отбасымызды сақтамақ болған ниетін құптамадым. Өз қолыммен жетектеп апарып, баламды құрбан еттім. Қарғысқа ұшырадым. Бәріне тек өзім… Ақымақтығым кінәлі. Адамға өмір қайтадан берілетін болса ғой, шіркін! Осының бірінде қайталамас едім. Игі істермен айналысып, айналама мейіріммен қарар ма едім?! Бірақ ол мүмкін емес. Бәрі де кеш,– деп сөзін аяқтады да, көзін тарс жұмып, қос алақанымен бетін басып, үнсіз отырып қалды.

Бір кездерде жадырап, жайнап жүрген Мәжиттің бүгінгі күйі мені үлкен ойға қалдырды. Ескі таныс ретінде жанашырлықпен қарасам, әйел ретінде жек көріп отырғандай болдым. Бір анығы, адамның көз жасы жақсылыққа жетелемейтінін толық түсіндім. Бір-ақ рет берілетін мынау жалған дүниеде біреуді жылатпай өмір сүрейікші.

Хадиша Молдахулова, Алматы қаласы

Нағыз еркектен қыз туады
Тоқалдың бәрі бақытсыз болуы үшін жаралған ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу