Алмашы, апа, несие...
Кеше кеш болғанда әдеттегідей телефоныма анашымнан қоңырау түсті. Көңіл-қошым болмай телефонымның жасыл пернесін амалсыз ғана түртіп жіберіп, үн қаттым.
Балам «жағдайың қалай, құлыным?», деп басталған сөзінің беталысы қарызға ақша сұрауға ұласатынын іштей сезіп тұрмын. Сұрықсыз дауыспен, - жақсымын, -деп қысқа жауап қайырдым. «Балам қарызға...», - деп енді басын бастай берген сөзінің жалғасын айттыруға да мұрша бермей, «...өзіме жетпей жүр ақша»,- деп үйіп-төгіп жоқтан-барды жасап, қисынсыз проблемаларымды тізбектеп айта жөнелдім. Үні бәсеңсіген анамның дауысынан бұл жолы да өтінішіне қарсы қолданған айла-амалым сәтті жүзеге асқанын сездім. Осылайша сенсорлы телефонымның қызыл түймесін түртіп жібердім де, арамыздағы өзара сұхбатқа нүкте қойдым. Бұл – анам екеуіміздің жеке өмірімізде жиі орын алатын көріністен қысқа ғана үзінді болатын...
Анам отбасымыздың ұйытқысы, өзі Құдай бере салған қамқоршы періштеміз, темірдей төзім иесі. Үйде жеті бала-шағасымен қоса жаны жарым, мүгедек әкеміздің де шашына шаң қондырмай асырап келе жатқан батыр әйел. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру барысында әкеміздің әлсіздігін сездіртпеді, әрі аналық махаббатынан да мақұрым қалдырған жоқ. Балаларының ел қатарлы тойын дүрілдетіп өткізіп берді. Қызының барған жерінде басы төмен қарамасын, деп бар жиған-тергенін буып, қызының абыройын жасап артынан апарды. Одан қалса бала-шағасын жегізді-ішкізді, киіндірді, осылайша оларды қатарынан кем қылмай көшке ілестірді. Жанұяның зіл батпан жүгі бір басына түскен осындай қиын кезеңде соқа басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Көрші-қолаңнан қарызға ақша алып, дос-жараннан көмек сұрап, мына біздің аяққа тұрып кетуіміз үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бақты. Тағдырлар — алуан түрлі. Оған көнбеске шараң бар ма?! Сынағы көп, бұралаң өмір жолында менің анам да мың сүрініп, мың тұрды. Өмірдің қиын сәттеріне кеудесін қалқан етіп, оған қарсы тұра білді. Сол үшін де менің анам тұла бойына темірдей төзім дарыған батыр ана деп, мақтанышпен айта аламын.
Бүгінгі таңда еліміз үлкен дағдарыс кезеңін бастан өткеріп жатқаны - белгілі. Осындай ауыр кезеңде халықтың дені несие алуға банкке қарай ағылып жатқаны да - ақиқат. Сол көпшіліктің бірі боп менің анам да машақаты көп несие дейтін шиеленіскен дүниемен амалсыз істес боп қалды. Біріне-бірі қабаттасқан күнделікті тіршіліктің қара күйбеңі қарт ананы несие үстіне несие алуға мәжбүрледі. Міне, осылайша заманымызды несие билеген сындарлы кезеңде мұқтаждықтың құрсауында қалған менің анашым да көп қатарлы банкке бас сұқты. Жыртығымды жамаймын, деп банктен несие алуға бел буды. Бір банктен емес, бірнеше банктен. Тіпті, бір несиені толық жауып болмай тұрып, екінші бір банктен несие алуға мәжбүр болды.
Өзім он жылға жуық уақыт болды, қызмет бабымен қалаға келгенмін. Осында тұрып, «городской» атанып кеткелі талай уақыттың жүзі болды. Ауылға сирек барамын, тіпті соңғы кезде үйге қашан барғаным есімде де жоқ.
Кеше аяулы анам ауылдан қалаға келген болатын. Мені кішігірім асханаға тамаққа шақырды. Бір дастархан басында екеуара сұхбаттасып, жан-жақтан сөз қозғап, қызықты әңгіме-дүкен құрдық. Анаммен бетпе-бет отырып, жақыннан сыр ақтарысып сөйлеспегеніме көп болған екен. Бір байқағаным, анамды өте жақсы білемін,- деп құр өтірікті бөсіп жүрген екем. Көзіне ұзақ қарадым, өте мұңды. Талықсыған көздері өмірдегі көп қиналған сәттерінен сыр беріп тұрғандай, сірә. Жүзі солғын тартқан, ондағы әрбір әжім — ішкі жан-дүниесінің жаралы екенін аңғартып тұратындай. Бұрында қап-қара болып тұратын қолаң шаштары қалай тез ағарып кеткен?! Неге мұны бұрынырақ байқамағанмын?! Риза болатыным, сонда да анам ешқашан өзінің еңсесі тік, рухы биік, шыдамды қалпынан бір танған емес... "Балам не ішесің, не жейсің?"- деп асты-үстыме түсіп әлек. Ыстық сорпа іштік, артынша дәмі тіл үйіретін лаваш жеп алдық. Керемет дәмді екен. Сол арада анамның нөміріне қоңырау түсті. Байқауымша, каспий банктен. Оператор қыздың орысшалап сөйлеген өктем дауысы естіліп тұрды. Анам бар жағдайын түсіндіріп әлек. Артынша, екінші бір банк звандап мазасын алды... Өзі әбіржіп тұрса да, «банктегі туысқандарым ғой, осылай телефон соғып, менен жиі хабар алып тұрады»,- деп әзіл аралас үн қатты. "Әлі төлемегенсіз бе, не бітіріп жүрсіз осы уақытқа шейін?"- деп жекіп бердім. Оған аздап қынжылғанмен анам жан күйзелісін сездіртпеуге тырысып-ақ бақты. Артынша жағдайды түсіндіре бастады:
Анау Астанадағы жүрген ініңнің соңғы кезде жұмысы болыңқырамай жүр екен, соған біраз азық-түлік жібердім, пәтерақысын төлеуге қиналып жүр екен, оған да азын-аулақ ақша салып жібердім. Тұрмыстан қайтып келген үйдегі әпкеңнің де соңғы кезде көңіл-күйі болмай жүр, екі баласы жаңа киім әпер, деп жылаған екен, олардың да көңілін қалдырғым келмеді. Жарымжан қызымның жанына жалау бола алмасам анасы болып нағып жүрмін жер басып, - деп ағынан жарылды ақжаулықты анам. Әкең де өткен аптада үйден шыға берістегі сатыдан түсе бергенде аяғы бұралып, құйымшағы шатынаған болатын. Соған 300 000(үш жүз мың) теңге көлеміндегі сомаға ота жасаттырып келген едім, асқартаудай әкең ғой, еркек үйдің тірегі, басы аман болсыншы өзінің,- деп ет-жүрегі елжіреп отырғанын көзім көрді. Анау тұрмыстағы кіші әпкеңнің баласы бір жасқа толыпты, кеш те болса бесік тойын жасаған екен, қызымның абыройын жасап, тиесілі дүниесін апардым, абысындары бетіне баспасын, анасы жоқ демесін, мен тірімін ғой,- деп көзіне жас алған анам, - несиемнің осы айдағы төлемақысын төлей алмағаным да содан еді, - деп сөзін жалғастырды. Сол сәтте қарсы алдымда анамның кейпінде отырған әулиені көрдім. Қаусаған қолдарынан ішіп отырған шекер қосылған тәп-тәтті шайым у татығандай күй кешкенім. Анамның төзіміне тән бердім. Ананың аты қашанда ана. Шаңырағының шайқалмауы үшін бар күш-жігерін сарып етеді екен. Ана, шіркін, он баласы болса онауының да көңілін тауып жатады, алайда, кейде сол он бала бір ананың көңіліне жол таба бермейтіні өкінішті-ақ.
Көзіне ұзақ телмірдім... Толып жатқан толассыз мейірім мен нұр-шуақ көрдім. Анашым-ай! Жаныңа найза қадалса да құқ етпейсің-ау! Бір үйдің ауыртпашылығын көтергенің аздай, несиемді төлемегенімді балам біліп қойып, ұятты болып жүрмесін, деп менен де қысылып шыр-пыр болдың-ау, жаным апам! Несиеге төлейтін ақша таппай, әркімнен ақша іздеп сенделгеніңді сыр тұтып, қайғысын ішке бүккен асылым менің! Өмірдегі ең үлкен қателігім - сенің несиеңе ақша беріп жүріп, бірде-бір рет сол несиені не үшін алғаныңның себебін сұрап, оның астарына қызығушылық танытпағаным болған екен, жаныңа терең үңіле білмегенім екен. Көзіңді бақырайтып қойып, «несие алу күнә, шариғат заңына дұрыс келмейді, асыл дінімізде бұған тыйым салған»,- деп ақылгөйсіп, шала бүлінгенім — даналық емес балалық болған екен, апа! Одан да мен сорлы «Апа, жағдайың қалай, неге ақшадан тарығып жүрсің, банктерді жағалап жүретіндей басыңа не күн туды?»- деп бір рет сұрасам ше?! Қиналғанда шыбын жаныңа араша бола білмеген мына мені де «арқасүйер ұлым бар», деп көкірек керіп жүрсің-ау, апа! Саған ақыл айтып, данагөйсігенше бір сәт болсын жан-дүниеңе үңіле білсем ше?! Мектепте 25 жыл кіші қызметкер болып жұмыс істеген өзіңдей қарабайыр әйелдің көңілінің дархандығына қарап, өзімнің жоғары білімді азамат бола тұра ақыл-санамның соншалықты таяз екендігінен ұялдым. Өзім құрттай болып ап, өзіңдей тау тұлғаның алдында ақыл айтып, өктем-өктем сөйлеген сөзімнен ұялдым. Айлығымды қалтама салып алып, алдыңда білгішсініп, «несие ала бермеңіз» деп сарнаған тыйымсыз тілімнен ұялдым. Өресіз туған ұлдың қылығын жасаппын, апау! Одан қалса, көпшілік ортада "апамның несиесін төлеп жатырмын", деп сырт көзге өтірік қамқор ұлдың рөлін сомдағаным да — тексіздік болған екен, апа!
Көңілің қазақтың дархан даласындай неткен кең еді, апа?! Көзіңе жас ала көрме! Несие көз жасыңнан садаға кетсін сенің! Өмір – сынақ майданы, деп ылғи да өзің айтып отырушы едің ғой маған. Мұны — сенің ылғида айтып отыратын сол өткінші сынағыңның бір көрінісі ғана,- деп түсіндім! Енді сенің қорғаның да, тіреуің де — мен болайын, тек несиеге жолай көрмеші! Алмашы, апа, несие! Мен қолымнан келгенше өзіңе қамқоршы болып өтуге дайынмын, тек сен қасымда мені алтындай дұғаңмен демеп жүрсең болғаны! Менің осындай күнге жетіп, көштің алдында жүруімнің өзі әуелі Алла, сосын сенің арқаң емес пе, апа?! Кейде асылық жасап, үсіп-кеуіп артық кетіп жатсам, кешірші! Артық сөз айтып әппақ көңіліңе кірбің түсірген болсам оны да айыпқа бұйырма! Сынақта жүрміз, біз сынақтамыз, апа! Сол сынақ өмірде сен мені, мен сені түсінісіп-ұғынысып өтейікші! Қамшының сабындай ғана мына қып-қысқа өмірде әр іске түсіністікпен қарап, келісті өмір сүрейікші, апа! Апа...
Санжар Ғұлама