Жан құрбым жазылмайтын азапқа душар етті

Oinet.kz 03-07-2022 4042

Өмірде жан аяспас досыңмен, «мәңгілік біргеміз» деген сүйіктіңнің сатып кеткенінен ауыр дүние жоқ екен. Мен осыны қатты сезіндім. Алғашында сенгім де келмеген. Бірақ көзбен көріп, өзің куә болған соң, бәріне көнеді екенсің.

Screenshot_6.jpg

Өлгім келді. Бірақ өмір бәрібір тәтті екен. Өзіме қол салуға күшім жетпеді…Түсінікті болу үшін бәрін де басынан бастайын:

Жанар екеуміздің достығымыз бірінші курсқа түскеннен басталды. Сондай қарапайым, ақылды қыз еді. Артық қулығы жоқ. Өсек-аяңға да жақын емес. Өз-өзімен жүретін момақан қыз. Бірақ қазақтың «жуастан жуан шығады» деген сөзін ескермеген екенмін. Соным дұрыс болмады. 

Көрші факультетте оқитын Айдар деген жігітпен жүріп жүрдім. Парасатты, білімді жігіт еді ол. Жатақханадағы біз тұратын бөлмеге мені іздеп жиі келіп тұратын. Тіпті курстағы қыз-жігіттер Айдар екеуміздің махаббатымызға қызыға да қызғана қарайтын. «Бүгінгінің Қыз Жібегі мен Төлегенісіңдер» деп жататын. «Қойыңдаршы, ол екеуі өмірде жолы болмаған махаббат иелері ғой. Ал біз үйленуге, бір шаңырақтың астында мәңгі бірге тұруға келісіп қойдық. Әлі біздің тойымызда боласыңдар», деп мен мәз болушы едім. Әттең, бәрі мен жоспарлағандай болмай шықты. Жанар екеуміз жатақхананың екі адамдық бөлмесінде тұрушы едік. Содан болар, Айдар Жанармен де жақсы таныс болды. Кейде жатақта мен болмаған кезде Жанар «Айдар келіп кетті. Шәй қойып бердім», деп жымиып отыратын. Сөйтсем ол бекер жымимайды екен. Бір гәп бар болып шықты. Сонымен өмір өтіп жатқан. Жаз келіп, студенттер каникулға кетті. Мен де Ақтөбедегі туған үйіме тарттым. Жанар Таразға, ал Айдар туған жері Семейге кеткен. Құдайға шүкір, Айдармен телефон арқылы күніне неше рет хабарласып, сағынышымды басып жүрдім. Ол да «сағындым» деп жиі айтатын. Бірақ бірде «бір жұмыстармен жүрмін, біраз уақыт хабарласа алмаймын, ренжіме» дегенді айтты. «Неге ренжиін, жұмысыңды алаңдамай бітіріп ал. Аман-сау болсаң болды да», деп қоя салғанмын. Сол күнен бастап Айдардың телефоны өшті.

Бірде курста бірге оқитын бір қыз хабарласып: «сенімен жүріп жүрген Айдар жан подружкаң Жанарға үйленіп алыпты ғой», деп төбеме жай түсірді. Басында қалжың екен деп қалдым. Бірақ шын болып шықты. Не істерімді білмедім. Дәл сол кезде жынданып кете жаздағаным рас. Сол күнді ағыл-тегіл жылаумен өткіздім. Ертеңінде Айдарды танитын достарына шығып, оның жаңа номерін тауып хабарластым.

- Кешір Сәуле, жағдай солай болып қалды. Мен сені сүйемін деп жүріп, Жанарды сүйіп қалдым. Кешір!,- деп телефонды өшіре салды.

Сол күні кешкілік телефоныма Жанардың өзі шықты.

- Сәулежан, Құдай үшін кешіре көрші. Бұл жерде Айдардың кінәсі жоқ. Бәріне мен бейбақ кінәлімін. Саған келіп жүргенде Айдарға мен де ғашық болып қалдым. Бір күні ол сені іздеп бөлмеге келгенде жылап тұрып оны жақсы көретінімді айттым. Ол кезде сен қаладағы әпкеңнің үйіне қонуға кеткенсің. Айдар бұрылып кетпекші болып еді, есікті іштен бекетіп, қолынан ұстап жылап тұрып алдым. Тіпті өлетінімді, онсыз өмір сүре алмайтынымды айтып егілдім. Ол жанымда бірер сағат жұбатып отырды. Мен жібермеген соң, сол түні менің жаныма қонып қалды. Бәрі сол түні шешілген еді. Бірақ саған дәл сол кезде айтуға мен де, Айдар да батпады. Түк білмегенсіп жүре бердік. Ақыры міне, үйленіп тындық. Саған сатқындық жасап, сүйгеніңді тартып алғанымды кешірші. Айдарды сен қалай сүйсең, мен де солай сүйдім. Саған қимадым. Оны өзіме айналдырып алдым. Әлі он тоғыздасың ғой. Бар өмірің алдыңда. Бақытты болуыңа тілектеспін - деп жылап жіберді.

- Мен қалай бақтты боламын? Менің бақытымды сен ұрлап алдың ғой, опасыздар - деп жылап, телефонымды бір ұрып шаға салдым.

Мәңгілік біргеміз деп жүрген сүйіктім Айдардан, жаны таза адал досым деп жүрген Жанардан мұндайды күтпеп едім. Олардың опасыздығын көріп, өлгім келген. Бірақ бір күш оған жібермеді. Бәлкім, жанның тәттілігі болар. Мүмкін, менің әлсіздігім шығар. Білмеймін.

Күзде оқуға келдік. Оларды көрдім. Бірақ өте суық амандастық. Қазір екеуі пәтер жалдап тұрады. Мен жатақта. Жанармен күнде аудиторияда кездесеміз. Бірақ мен одан, ол менен қашқақтап жүреміз.

Жақын дос болмаған сияқтымыз. Өте қиын екен. Кейде Айдарды көріп қаламын. Қайтарда аудиторияның алдында Жанарды тосып тұрады. Өтірік байқамаған боламын. Ол да мені көріп қалса қашқақтайды. Бірақ алыстан менің әрбір қимылымды бақылап, тұратынын байқап қаламын.

«Бәлкім, мені әлі де сүйетін шығар. Жанарға аяғаннан үйленген болар. Мүмкін, түбі маған қайтып келер» деп ойлап қоямын. Бірақ «өзіне деген ақ-адал махаббатымды тәрк етіп сатып кеткен, опасыз адамды кешіруге бола ма?» деп іштей қатайып қоямын. Алайда оны көрген сайын жүрегім шым ете түседі. Сондайда Сейсен деген бір ақын жігіттің:

«Тұлпардың тұяғы бар, талмайтұғын,

Сұңқардың қанаты бар, самғайтұғын.

Ал, менде бір ғана үміт тек өзіңмен,

Мәңгілік арамызды жалғайтұғын», – деген өлеңін іштей қайталап, көзіме жас толып кете береді.

Шын, құлай сүйген адам үшін махаббаттың азабын шегу — нағыз тозақ екен. Бірақ бәріне көнеді екесің…

(Жазба әлеуметтік желідегі Сәуле деген қыздың парақшасынан алынды)

Екі ұл, екі келін
«Әйелі жоқ үй»: Фатима Жүнісова
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу