Енемнің ашуын басудың жолын таптым

Oinet.kz 20-06-2022 6402

Менің енем өте ашуланшақ кісі. Және бір ашуланса жуық арада басыла қоймайды. Кешке дейін сөйлей береді. Ол кісінің ұрысынан шаршаған кездерде аузы ауырып, жағы талып кетпей ме екен деп ойланатынмын. «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген рас қой. Енем ашуланған күні бәріміздің көңіл күйіміз түсіп, не істеп, не қойғанымызды білмей берекеміз қашып кетеді. Таңертең енем бастаған ұрыс, кешке қарай бөлмемізде жалғасып, ертеңгі көңіл күйімізге де әсер ететін кездері де жиі болады. 

Screenshot_8.jpg

Бір күні енем шай ішіп отырғанымызда өткен күндерінде көрген қиындықтарын әңгімелеп, содан ашуланшақ болып қалғанын айтты. Айтуынша, атам екеуінің арасы жақсы болмапты. Арақ ішіп келіп, жанжал шығаратын, табысын құмар ойындарына шашып жіберіп, бала-шағасының аш қалған да күндері болған екен. Содан енем күндіз тікесінен тік тұрып, асханада жұмыс істеп, кешке үйге келгесін, орамал, шарф тоқып сатып, бала-шағасын жетілдіріпті. 

«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» дегендей, мінезіміз жібектей қыз едік. Ішті, құмар ойнады, түнде үй бетін көрмей қыдырып, көзіме шөп салды. Не керек, білгенін істеп, ақырында бір сөйлесе тоқтай алмайтын бәдік қатын қылып шығарды ғой. «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» дегендей жүнімізді шығарып, күң ғып жіберді бұл», – деп атама қарады ашулы жүзбен. Ол кісі не десін? Мойындағандай үнсіз отыр. Мен отырмын апам тағы ашуланып кете ме деп қыпылықтап. 

Сол күннен бастап енеме жаным ашып қарайтын болдым. Ол кісіге түсіністікпен қарай бастадым. Бұрын неге шекесі тырысып, ашулана береді екен десем, енді қанша қиыншылықты басынан кешірсе де, балаларын ешкімнен кем қылмай тәрбие берген не деген мықты ана деп таңғалатын болдым. Еңбегін бағалай бастадым. Алты баласының бәріне жоғары білім әперіп, бәрін бір-бір үй етіп шығарған. Тағы бір қызығатыным, қыздарын қолдан ұзатып, келіндерін де құда түсіп, той жасап алған. Осының бәрі мықтылық емей немене? Осылайша ол кісінің жанын түсінуге тырыса бастағаннан кейін бе, ұрысы да бұрынғыдай әбігерге түсірмейтін болды. 

Тағы бірде енем әдеттегідей, айқайға басып, ашуы тұтанып келе жатқан. Сағатқа қарасам сәске түстің кезі екен. Таңғы асымызды ертерек ішіп алғанбыз. Бір шай ішетін уақыты болып қалды-ау деп ойлап, дереу шай қойдым. Сосын шайға лимон, лайм, жалбыз, науат қосып демдеп, тәттілермен қосып алдына әкеліп қойдым. Орманда жүргендей бар даусымен айқайлап сөйлеп отырған енем, менің шай әкеліп тұрғанымды көріп түсінбей қалды. Сөйтіп «әбетке ерте емес па әлі?» – деп сұрады ашуы басылмаған күйі. Мен: «Әлі уақыт бар. Бірақ сіз шөлдеп қалмады ма деп... Шай ішіп алсаңызшы, ерекше етіп дайындадым», – дедім күлімсіреп. Маған бір, қолымдағы шәйнек пен тәттілер салынған пәтінісіме бір қарап алған енем «ана жерге қоя сал» деді бірден жібіп кете қоймай, зілденіп. Қой деген жеріне қойдым да, мен де аяғымның ұшымен басып шығып кеттім. Сәлден кейін айналып келсем, енем телефонда қызымен сөйлесіп отыр екен. 

Сыртынан көріп, әңгімесінің шырқын бұзбайын деп естімеген адамдай қайта шығып кеттім бөлмеден. Кейін дәріханалардан сұрастырып жүріп, ашуды басатын емдік шөптерді сатып әкеліп қоятын болдым. Енем ашулана бастаса «апа, емдік шай әкелдім, шөлдемедіңіз бе?» деймін. Үндемей, шайымды алып қалады. Бір айналып келсем, шекесі тершіп, тағы әкел дейді. Немесе біреулерге менің шайымды мақтап отырады. Өзімнің осы тапқырлығыма қатты қуанып жүрмін осы күні. 

45-тегі көршім "ғашықпын" деп мазалап жүр
Қызғанышы үдеп, ұрып өлтіріп қоя ма деп қорқамын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу