Тұрмысқа шығуыма ата-анам қарсы
Мен жақында 21- ге толамын. Осы уақытқа дейін жігітпен айлап, жылдап жүріп көрмеппін. Тек анда-санда кездейсоқ танысып қалған жігіттермен сөйлесіп тұратынмын, бірақ олар мен іздеген адам болмаған соң өз жөніммен кететінмін. Тек 8-наурызда құрбыларыммен қосылып мұңайып қалатынбыз. Жұрттың бәрі құшақ-құшақ гүл алып жатқанда, біз бір тал гүлге де татымағанымыз ба деп өзіміз қыдырып қайтатынбыз.
Құрбы қыздарыммен өзіміздің өмірлік жарымыз болатын адамды күтетінбіз. Биыл өмірімде алғаш рет ораза ұстадым, және ауызашарда Алладан жақсы жар, жақсы жұмыс тіледім. Диплом алатын уақытта бір жігіт әлеуметтік желі арқылы достық ұсынды. Сол жігітпен әңгімеміз жарасып, өзімнің теңімді тапқандай болдым. Ол жігіт бір аптаның ішінде өзіне баурап алды. Тек бізге кездесу ғана жетпей тұр еді. Құрбыларыммен кездескен кезде «мен биыл тұрмысқа шығатын сияқтымын, жүрегім бірдеңені сезеді» дейтінмін. Дипломымды қолыма алғаннан кейін жұмысқа орналасуға құжаттар жинастыра бастадым. Ббіраз уақытан бері сөйлесіп жүрген жігітіммен кездесудің де сәті түсті. Сонымен екеуміз кездестік, ол маған ұнады. Бірақ ол өзімнен 10 жас үлкен екен. Ол өзінің жасының үлкен екенін маған бірден айтуға батылы бармапты. "Сөйлеспей қояма" деп қорықтым дейді. Бірақ оның келбеті өте жас көрінеді. Ол мені өзінің анасымен таныстырды. Анасы ашық-жарқын кісі екен, бірден тіл табысып кеттік.
Мен жігітімнің бар екенін, жақында тұрмысқа шықпақ ойым бар екенін үйдегілерге айтпақ болып ауылға бардым. Анама жігітім туралы, оның жасы өзімнен он жас үлкен екендігін айтқанымда мамам: «отызға дейін үйленбей жүрген қандай жігіт, мүмкін ажырасқан шығар» деді. Анамның күдіктенетін де жөні бар ғой. Ол кісінің сөзі өзімді де ойландырып тастады. Қалаға келе салысымен жігітіме жолығып, анамның көкейіндегі сұрақты қойдым. Расында да менің жігітім бұрын үйленіп, ажырасқан жігіт болып шықты. Бұрынғы әйелінен баласы болмағандықтан ажырасыпты. «Әйелімді қанша емдеттік, нәтиже болмаған соң екі жаққа кеттік» дейді. Жігітімнің мына сөзінен кейін күні бойы жыладым. Енді бақытымды таптым ба дегенде ажырасқан еркек, он жас үлкен жігіт жолыққанына қатты налыдым. Осы жігіт үшін қанша жігіттен бас тарттым. Бірақ жақсы көрген соң, оның жақсы жан екенің білген соң, одан бас тартып кете алмадым. Мені бақытты қыла алатынына жүз пайыз сенімді едім. Алла біздің маxаббатымызды сынап жатқан шығар деп соңына дейін шыдауға бел будым. Әрине үйдегілер ұрысты, жәй да айтты, қатты да айтты. Елге бізді масқара қылма, неге жұрт сияқты теңінді таппайсың деп біраз лекция оқыды.
«Ата-анасын, өзін көріңіздер, танысыңыздар. Көрмей-білмей жатып жаман ойламаңыздар. Бұл тағдырды өзі қалап, таңдап алған жоқ, сондықтан оның бақытты болуға xақы бар» деп жүріп ата-анамды көндірдім. Құдай қаласа
Қазан айында ұзатыламын, онымен төрт рет кездестік. Ақ босағаны адал аттағаныңды қалаймын, маған көп ұл-қыз туып бересің деп айтады. Үйленбей тұрып екеумізде тексерілеміз, балалы болуға асығып жүрміз. Бұрынғы әйелі басқа жанға тұрмысқа шығыпты. Оны қайта-қайта айтып есіне түсіре бергім келмейді. Бір-бірімізді қатты сүйеміз. Алла бұйырса, алдағы өмірім туралы да жазармын...
Айнара, Алматы