Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Сұраншақ бауырларынан шаршаған шымкенттік Мәрия есімді келіншек ERNUR.KZ тілшісіне ағынан жарылды.
«Мен ел қатарлы отбасында туып-өстім. Мектепті жақсы бағамен бітірдім, өз күшіммен қалаға оқуға түстім. Университетті бітірер жылы мені күйеуім алып қашты. Жердің түбіне, желді, құмды ауылға келін болып түстім. Барған жерімнің де жетісіп тұрғаны шамалы екен. Айналасын жыңғылмен қоршап қойған, кіп-кішкентай үйде он екі бала тұрады. Үлкен әулеттің ең кенже келіні болып бардым.
Мен студент болған соң ата-енеміз көп бөгемеді, бір айдан кейін еншімізді берді де, қалаға аттандырды.
Обалы не керек, күйеуім іскер адам болып шықты. Оқымаса да саудаға ебі бар екен. Ауылдас ағаларымен бірлесіп базардан орын алып, сауда жасай бастады. Кәсібі жылдан жылға өркендей түсті. Ақшамызды тірнектеп жинап, екі бөлмелі пәтер алдық. Бір жылдан соң қала шетінен жер алдық. Балаларымыздың басы көбейгенше қала шетіндегі жерімізге су, жарық, газ жетіп, сол жаққа үй салдық. Кейін оны саттық та, қазіргі заманға сай, ішінде бар жағдайы жасалған зәулім коттедж салып алдық. Аллаға шүкір, қазір жағдайымыз өте жақсы.
Тек қынжылатын бір нәрсе бар, ол - төркінімнің, бауырларымның сұраншақтығы. Біздің үйге қыдырып келген сайын анам мен әкем «мынау кілемің сәл ескіріп қалған сияқты ғой, жаңасын алсаңдаршы, ал мынаны бізге бере салыңдар, ауылға бола береді» дегендей әрдеңемізді алғысы келіп тұрады.
Барған сайын үйге деп бірдеңе ала барамын. Қайбір жылы ғана жолдасым екеуміз үйін күрделі жөндеуден өткізіп бердік. Перделерін жаңарттық, екеуі жерде жатпасын деп жатын бөлмесін түгелімен жасақтап, қымбат жиһаз әпердім. Қазір ештеңеден кенде емес. Бәрі бар. Сонда да біреуден бірдеңе алғысы келіп тұрады. Анам сөмкемді ұната салады, сырт киіміме қызыға салады. Сұрамайды да, алады да, киіп кете береді.
Дұрыс, анамнан ештеңені аямаймын, тек менің өзіме деп сатып алған затты анамның киіп жүргенін күйеуім көрсе не болады деп қатты қысыламын. Анамның бұл қылығын көрген келіндерім де ұятты ұмытты. «Әпше, анау қыздарыңыздың киімдері бар ма, маған мына көйлегіңізді бере тұрыңызшы» деп ұялмай-қызармай сұрап, алып кете береді.
Бір күні кіші інім «Қарызға бір миллион теңге бере тұршы» деп хабарласты. «Менде ондай ақша жоқ, жездең кеше ғана бар ақшасын тауарға салып жіберген, шамалы күтсең, сұрап алып берейін» дедім. Інім өкпелеп, өзіме қарсы сөйлеп тастады. «Бауырым деп бір сұрап қалып едім, болмайтын ақшаны жездеме айтпай-ақ тауып берсең болады ғой. Бар болғандарыңды қайтейін, керек кезде көмектеспейсіңдер!» деп тұтқаны қоя салды.
Осы үшін кіші інім менімен әлі күнге дейін сөйлеспей жүр. Бар болса аянып қалмайтын адаммын. Тек «қазір ақшам жоқ» дегенді түсіне алмаған ініме іштей ренжулімін. Менің де өз отбасым, өзіме сай шығыным мен проблемам болатынын төркініме түсіндіре алмай-ақ қойдым. Мынадай жағдайда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?»