Оңбай алданғанымды екіқабат екенімді білген кезде түсіндім

Oinet.kz 26-05-2021 3277

Адамның қалағаны емес, Алланың жазғаны болады дегендей, мен де тағдырдан біраз теперіш көрген жанмын. Менің жіберген қателіктерімді келешекте сіңлілерім қайталамаса екен деген ниетпен қолыма қалам алуды ұйғардым.

image.png

Негізі, балалық шағым туралы көп ашылып әңгіме айтқым келмейді. Әкем ерте көз жұмды. Әкесіз өскен соң бағынбай кетеді деп ойлады ма екен анам бес баланы қатал ұстады. Ашуы келсе, қолына түскен нәрсемен ұру әдетіне айналды. Шынымды айтсам, кәдімгідей жасық болдым.

Содан да болар бойжете келе қыз болып жігітке қараудың не екенін білмейтін едім. Жүрегім «беймәлім» бір сезімдерге елеңдегісі келеді. Бірақ мен одан қатты қорқатынмын. Содан шығар мінезім де томаға-тұйық қалыптасты.

Сөйтіп жүріп өз еңбегіммен жоғары оқу орнына түстім. Жатақхана алдым. Үнемі қатал анамның қабағына қарап өскен маған мұндағы еркіндік ғажайып ертегідей көрінді. Сөйтіп жүргенде алғашқы сөз айтып, жылы қабақ білдірген жігітті болашақ жарым болады деп қабылдаппын.

Оңбай алданғанымды екіқабат екенімді білген кезде түсіндім. Мұны естіген «жігітім» қарасын көрсетпестен тайып отырды. Бойыма біткен шарананы алдырып тастауға менің де дәтім бармады. Қалайда оны өмірге әкелуге бел будым. Осы жағдайдан кейін басыма қара бұлт үйіріле бастады. Басқа-басқа қасымдағы бірге жүрген құрбыларым мені көрсе теріс айналатынды шығарды.

Иә, байқағаным, мұндай жағдайда қыздар жағы мүлдем көмектеспейді екен. Керісінше, ер балалар «не жейсің, не ішесің, халің қалай? - деп қолдау көрсетті. Ол кезде жап-жаспын ғой, бала көтерген кезде денсаулығым мазалаған жоқ. Бірақ бәрі маған қылмыс жасаған адамдай қарайтын. Көп адамдар ұрысты, ақыл айтты. Дәрігерлер де тап оң қабақ танытқан жоқ.

Көп қиналдым. Жиналысқа да салды. Қысқасы, мен сол оқу орнының қара күйесі болдым. Азапты күндерді артқа тастап, сәбиімді дүниеге әкелдім. Жылап-еңіреп жатақханаға қайта келдім.

Анам жағдайымды естігенде, менен теріс айналған болатын. Өйткені мен әулетімнің де намысын аяққа басқан қыз болып шықтым ғой. Осы кездерде мейірімді адамдардың қолдауымен жатақхананың бір бөлмесін паналап, оқуымды жалғастырдым.

Тағы да жігіттер жағы қолұшын берді. Кезекпен қала іргесіндегі тоғайға барып, жайылып жүрген сиырларды сауып, сүтін әкеледі. Сабаққа кеткенде де баламды солар бағып жүрді.

Негізі, бір қиындықтың бір шешілу жолы табылады екен. Перзентханада жатқанымда маған бір адамдар «бір көмектессе осы адам көмектесе алады» деп Бәтес деген кісінің телефонын берген еді. Өзі осы Оралдағы үлкен қонақүйдің басшысы екен. Қорқасоқтап қоңырау шалдым. Ешқандай таныстығым болмаса да ол менің жағдайымды бірден түсінді. Рухани да, қаржылай да қолдау көрсетті. Анам жасамаған жақсылықты жасады десем, асылық айтты деп ойламассыздар. Апта сайын ақша, балама жаялық, сабын секілді керек-жарақтарды әкеліп отырды. Түнде оқу орнының еденін жууыма мүмкіндік жасады.

Бәтес апамен әлі күнге дейін жақсы араласамын. Аштықта жеген құйқаның дәмін тоқ кезіңде ұмытуға бола ма?!

Сөйтіп жүргенде қазіргі жұбайыммен жолықтым. Құдайдың құдіреті, Жаратқанның оң қабағы шығар, ол мені жан-жүрегімен түсінді. Балама өз баласындай қарап, қамқорлық жасады. Өзі бір үйдің бетіне қарап отырған жалғыз ұлы екен.

Әрине, ата-анасы біздің үйленуімізге бірден қарсы шықты. Тіпті «бұрын үйленіп, айырылысқан болсаң бір сәрі, баласымен әйел алып не көрінді?» - деп анасы бізді үйден қуып шықты.

Екеуіміз көп қиналдық. Тұратын жеріміз жоқ. Ол студент. Мен еден жуамын әрі оқимын. Жаяулап біраз күн іздеп арзанға жалға беретін үй таптық. Орыстың бұрын тауық қамаған үйшігі екен. Жарығы бар әрі жылы болғасын кіріп алдық. Қожайынмен бір аулада тұрамыз, олардың үйі зәулім сарай. Иттерімен бірге тұрады. Жұбайыма «орыстың иттері қандай бақытты, жанға жайлы үйде тұрады», - дейтін едім.

Әйтеуір өлместің күнін көріп, тірлік жасадық. Кешкілік базар жағалап жүреміз. Картоп, пияз, капуста сататын кісілер шамалы босап кеткен көкөністерді тастап кетеді. Соларды жинап алып, үйге апарып тамақ пісіреміз. Шашылып жатқан пияздың қабығын жинап алып, шай қайнатамыз. Сөйтіп, азын-шоғын ақша жинап, ұсақ-түйек тауар алып сата бастадық.

Бес-алты жыл пәтер жалдадық. Шыны керек, талай азапты күнді бастан кешірдік. Осы қиын күндерден қалай шыққанымызға қазір таңғаламын. Тұла бойы тұңғышыма қоса, тағы екі ұл, бір қыз дүниеге әкелдім. Немерелерімен қаңғып жүргесін жұбайымның әке-шешесі аяған шығар, бізді үйге шақырды. Басында енемнен бастап, жұбайымның туыстарына дейін мені жаратпай қарсы алды. Мен оларды ренжітпеуге бар күшімді салдым.

Бірте-бірте қабақ шытқан күндер артта қала бастады. Оқуымды бітіріп мұғалім болып жұмысқа орналастым. Менің шырғалаңмен басталған өмірім бүгінде бір қалыпқа түскендей.

Тоғайдағы сиырдың сүтін ішіп өскен бала 14 жасқа келді. Суретші болсам деп армандайды. Облыстық байқауларға қатысып, бағын сынап жүр.

Кейде, мүмкін, осының бәрі баламды алдыртпай, дүниеге әкелгенімнен шығар, сосын маған да Құдайдың оң көзі түскен шығар деп ойлаймын.

Айна, Орал қаласы

alashainasy.kz

Туған сіңлім мен туған қайным көңіл қосып жүр...
Ұйғыр қызын ұмыта алмай жүрмін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу