«Сені бай алмайды» дейді жеңгем
Менде қазір сондай бір қиын сезім болып жатыр , анонимді берсеңіздер екен хатымды. Оқырмандарыңыздың пікірін білгім келеді. Мен отырған қызбын. Жасым 25- те. Жақында сіңілім тұрмысқа шығып кетті. Барлық туған -туыстың айтатыны кәрі қыз болдың. Ол сөзге қатты мән бермейтін едім, соңғы кезде қатты депрессияға түстім. Сіңілім үйге бөпесімен келгенде кәдімгідей қысыламын , тығылып жылап та алам. Өз- өзімді жегідей жеп бітірдім. Үйленем деп нақты қадам жасайтын жігітім жоқ.
Бір жолы ағам ішіп келіп сұқ саусағын шошайтып «Кет ! Шық, үйден !» деді. Сол жолы қатты жыладым. Ағамды айдап салып отырған жеңгем екенін білемін. Үйдің бар тірлігін жасаймын. Үйді тап -таза етіп ұстап, ағамның балаларын шомылдырып , кірлерін жуып , бала -бақшасына апарып -әкелемін. Жұмыссызбын. Үйден көп шықпағасын менде жігіт қайдан болсын . Мамандығым бойынша жұмыс табылмады. Табылмады емес, шындап іздемедім. Мен оқу біткерген тұста, жеңгем босанды. Жеңгеме қарайлап , бөпесіне қарасып, қырқынан шыққан соң -ақ кірермін жұмысқа деп жүргенімде жеңгем, мен жұмысқа шығамын, сен үйде бол ! -деді. Содан үйде отырып қалдым.
Ата -анам мен ес біле қайтыс болып кетті, көлік апатынан. Сіңілім екеуміз қалдық. Алдымызда осы ағам болды. Тірегіміз де, сүйенеріміз де осы ағам еді ендігі жағында. Сіңлім мен сияқты емес , айтатын жерінде айтып, сөйлейтін жерінде сөйлеп, ештеңені іште сақтамай өзін ақжарқын ұстайды. Мед.колледжде оқып жүріп тұрмысқа шығып кетті. Қазір Аллаға шүкір бөпесі бар. Ата -енесімен тұрып жатыр. Бақытты.
Кейде жеңгем жұмыстан келгенде қабағын ашпастан , жақтырмай тымырайып алады.Тамағын пісіріп, шәйін қойып бәрін дайындап күтіп отырамын. Сонда да риза болғанын , бір жылы қабақ танытып ашылып әңгіме айтқанын көрмеппін. Ағама да бәрі -бір. Мен қандай күйде жүрмін, ештеңеге алаңдамайды. Оның ойынша тамағым тоқ, көйлек көк. Мені асырап бағып отыр.
Менде қоғаммен араласуым керегі, менің де жұмысқа тұрып , өз бақытымды тапқым келетіні ешкімді ойландырмайтын сияқты. Тек « итке тастаған сүйек сияқты» өзімді ешкімге керексіздей күн кешіп өмірім өтіп жатыр. Жеңгемнің бір жолы ағама «оны бай алмайды» деп айтып жатқанын естіп қалдым. Мен кімге керекпін шынымен ?Өмірім босқа өтіп жатыр. Ащы сөзді естіген сайын жаным бір уыс болады. Жаным аурып жүр. Не істеймін достар ?!