Әкем Алматыда басқа роман бастады
Бұған дейін мән бермей келген оқиға есіме қайта түскен бір жағдайды айтып берейін. Менің әкем мен анам бір мектепте оқыпты. Өздері сол кездегі Шымкент облысынан. Аралары үш жас. Анамның отбасы өте ауқатты болған, оның шет жағасын бізде көрдік. Нағашы атам үлкен совхоздың бас есепшісі. Совхозға, әрісі ауданға келген қонақтың бәрі сол үйде күтіліп, сол үйден аттанады екен. Ал әкем малшының баласы, бірақ сабағын өте жақсы оқыған. Мектепте екі жыл дос болып, мектеп бітірген соң әкем Алматы қаласына оқуға аттаныпты. Каникулда ауылға кеп тұрады, достық махаббатқа ұласып, сағыныш хаттары араларын жалғап күндер өте береді.
Ол уақытта анам да мектеп бітіріп, облыс орталығына оқуға түсіп, бір жыл ғана оқып, денсаулығына байланысты сырттай бөлімге ауысыпты. Ауылға қайтып, жұмысқа орналасқан.
Ал Алматыда оқып жатқан әкем болса Алматыда басқа роман бастаған. Әкем келбетті, мәдениетті, кез-келген қызды үйіріп алардай мүмкіндіктері болған (Студент кезіндегі суреттеріне қарап келген ойлар). Студент әкем мен Қыздар институтында оқитын бойжеткенмен араларында жақсы қарым қатынас орнаған. Ол қатынастың да арты махаббатқа ұласқан. Ол қыздың да әкесі Нарынқол ауданында колхоздың төрағасы екен. Ол кезде Нарынқол ауданында шекаралық тәртіп, тек рұқсатпен өткізеді. Қыз әкемді үйіне ертіп барып таныстырған. Менің әкемде рұқсат қағаз болмаған соң, қыздың әкесі басқа жолдармен өткізіп үйіне қызымен бірге келуіне мүмкіндік жасапты.
Анам жүрген ауылда ғашығын күтіп. Құда түсіп келушілерге жігітім бар деген жауаппен шығарып салып. Бірақ сөз деген жата ма, әкемнін әңгімесі ауылға жетеді. Әкемнің ауылдағы туыстары ұлдарының Нарынқолдық қызбен бас қосса, ауылға қайта қайтуы екіталай екенін сезеді. Және ауылдағы қызының да оны күтіп жүргенін біледі. Сөйтіп әкемді қайтару операциясының жобасын дайындауға кіріседі.
Әкем болса Алматыда күнде думан, күнде той. Апта сайын Нарынқолға барып, ет жеп, қымыз ішіп, қызықты күдерін өткізе береді. Болашақ жоспарлар, жұмысқа тұратын мекеме де шешіліп қояды, қыздың әкесінің арқасында. Балалары болатынын, ал үлкен ұлдың атын Нұрбол деп қоямыз деп...
Туған ауылдағы операция да ойластырылады. Енді сәл кешіксе ұлдары басқа қызбен бас қосатынын естіген ата-ана, туған-туыс әкеме жедел хат жібереді. Тез ауылға жет деген, себебін айтпай. Әкем келеді ауылға, не болып қалғанын білмей.
Негізі әкемнің ата-анас кеш балалы болған кісілер. Ол уақытта атам жетпіс жастан асқан. Осы жағдайды алға тартып әкемнің туыстары әкемді үйлен деп ортаға алады. Және де менің анама, ауылдың қызы, бірнеше жыл білесіңдер, ең соңы жақсы жерден шыққан қыз деп. Әкем ары-бері бұлтақтап көреді. Сөздің қысқасы, менің анамды әкеме әкеп береді ғой ауылдағылар. Анам келін болып түседі. Әкем кетіп қалайын десе, кәрі ата-ананың сөзін тастай алмай, қалады уйленген жігіт атанып. Әкеме жұмыс та дайындалып қойған, сол жұмысқа орналасады да, облыс орталығына ет алып бара жатқандармен бірге іссапарға кетеді. Мамандығы мал маманы еді.
Үйде қалған анам әкемнің заттарын жинамақ боп қараса, әкемнің бар құпиясы ашылады. Мұның бәрін бізге кейін айтты ғой. Хат пен сурет толы шабадан. Алматыдан каникулға келгенде жазылған хаттар, Алматының көрікті жерлерінде түскен суреттер, үлкейтілген суреттер. Тіпті болашақ баларының аттары да жазылған. Мұны көрген анам бір хат пен бір сурет қалдырмай жыртып, өртеп жіберіпті.
Анам бұл уақытта бір белді мекемеде жұмыс істейді екен. Ал Алматыдан хаттар толассыз келіп жатқан. Анам почтадағы қызметкермен келісіп келген хаттардың көзін жоя береді. Бір жылға таянғанда хаттар тоқтайды. Бір жылдан кейін мен өмірге келіппін, сонымен өмір өте беріпті.
Арада бірнеше жыл өтіп, мен мектеп бітірдім. Әкеммен бірге Алматы қаласына келдім. Үлкен оқу орнына құжат тапсырдым. Мен уақытша институттың жатақханасына орналастырып, өзі шипажайға кетті. Туыс ағасы Медеудің маңайында бір шипажайда бас дәрігер болған, сол кісі әкемді сонда шақырыпты. Әкемді екі кісілік бөлмеге жіберіп, жанында жасы үлкен кісі барын ескерткен. Түстен кейін жанындағы кісі келіп, танысып, ол кісі немересі мектеп бітіріп, сол баланы оқуға алып келгенін айтады. Кешкі астан кейін екеуі жақынырақ танысады. Үлкен кісі отбасы туралы айтқанда әкем шалқасынан түсе жаздаған ғой. Ол кісі әкемнің баяғы махаббатының қайын атасы болып шығыпты. Оқуға әкелген ұл сол қыздың баласы, аты Нұрбол. Әкем әрине ештеңе демеген. Бірақ ол кісіні ертіп барып, бұрын ол қызбен қай жерде суретке түскен, сол жердің бәрінде бірге суретке түскен. Ол қыздың ол суретті көргенде қандай жағдайда болғанын бір құдай білсін. Мен оқуға түсіп, ауылға келдік. Ол кезде баламыз, ештеңе білмедік. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін анам сол әңгімелерді айтты. Әкеме анам әлі күнге дейін шыны ма ойыны ма сөз арасында шымшып айтып қояды, әлі де қызғаныш бар шығар кім біледі. Сонда арада он тоғыз жыл өткендегі бұл кездесуді қалай деп айтуға болады? Екеуі бір шипажайда, бір бөлмеде, сол қыздың атасымен кездесуі? Кездейсоқ па, әлде сәйкестік пе? Нұрбол есімді баласы. Біздің үйімізде әкемнің ол кісімен түскен бірнеше суреттері бар және ол суреттердің артында мекен-жайы көрсетілген.
Сіздердің порталда жарияланған әңгімелерді оқып, осы жағдайлар есіме түсті. Бұрын мән де бермегем, ойыма да келмеген. Енді маған бір ой келе бастады. Мүмкін атасы ертіп келген Нұрбол менің әкемнің баласы шығар? Бір ойым, ата-анамның үйіне барғанда сол суреттерді қарап, артындағы мекен-жай арқылы сұрастырып, сол кісілердің біреуімен кездесіп көрем бе? Әрине мұның бәрі айтуға оңай. Ойым сан-саққа жүгіріп жүр...
Эльмира Аманова,