Күйеуімнің әрекеті алғашқы махаббатыма қайта ғашық етті

Oinet.kz 16-09-2021 5905

Егер бір әнді үнемі тыңдай берсең, сол ән миыңа сіңіп алса керек, жаныңа жақын болып кетеді емес пе? Сол сияқты күйеуімнің бұрынғы жігітім жайлы күнделікті ызыңы миыма сіңіп алды ма, соңғы кезде алғашқы махаббатым жайлы жиі ойлайтынды шығардым. Оған қоса, құрбымның «Берік әлі де сені жақсы көреді» деген сөзі ол ойымды тереңдете түсті.

Screenshot_9.jpg

Фотоның мақалаға қатысы жоқ

 Мектеп қабырғасында жүргенде немесе студенттік кезде бір-біріне ғашық болып, достасып, кейіннен дәм-тұзы жараспай, екі бөлек кетіп жататындар қаншама. Ешкім де алғашқы махабатына үйленіп жатпағаны шындық емес пе? Мен де солардың бірімін. Мектепте оқып жүргенде сыныптасым Берік деген жігітке ғашық болдым. Ол да мені ұнататын. Жақсы дос болып (жігіт-қыз) жүрдік. Мектеп бітірген соң мен қалаға оқуға түстім де, отбасылық жағдайына байланысты Берік ауылда қалды. Бір жылдан кейін сырттай оқуға түсті.

Студент болған соң өзімді есейгендей сезіндім. Өмірге деген көзқарас та өзгерді. Өйткені, қала мен ауылдың өмірі екі бөлек қой. Сөйтіп, Берік пен екеуміздің арамыздағы қатынасты жай балалық өткінші сезім деп бағаладым. Студент болған соң жаңа достар, құрбылар пайда болды. Содан Берікпен арамыз алшақтай бастады. Кейде телефон соқса, жауап бермей қайтарып тастайтын болдым. Сөйтіп жүргенде, Ернар деген жігітпен таныстым. Ернарды алғаш көргеннен-ақ ұнаттым. Оның да маған көңілі құлағанын сездім. Көп ұзамай-ақ ол сезімін білдірді. Сонымен Ернармен достастым. Бір сөйлескенде, Беріккке ол жайлы айттым. Ренжіп, қатты сөз айтар деп ойлағам. Бірақ Берік бақыт тілегеннен өзге ештеңе айтпады. Сөйтті де, телефонын өшіре салды. Солай, алғашқы махаббатыммен қоштастым.

Төрт жыл достасып, Ернармен отау құрдық. Қатты ренжісіп көрген емеспіз. Шаңырақ құрған соң да солай боларына нық сенімде болдым. Өйткені біз бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Ешқашан бір-бірімізге қиянат жасамауға, қандай ащы болса да, шындықты айтуға серттестік. Сондықтан ол меннен «бұрын жігітпен жүрдің бе?» деп сұрағанда, Берік жайлы бәрін жасырмай айттым. Жасыратындай да ештеңе жоқ болатын. Себебі, біз қыз жігіт болып сүйіскеннен артық ештеңеге барған емеспіз. Ал Ернар бұрын қызбен жүрмегенін, мен оның алғашқы махаббаты екенімді айтты. Оның ол сөзіне күмәнмен қарасам да, бойымда бір мақтаныш сезімі жүгіріп өткені рас.

Бірақ үйленген соң көп ұзамай жатып Ернар Берік туралы түртпектеп сұрай беретінді шығарды. Мен Берік екеуміздің арамызда балалық сезімнен өзге ештеңе болмағанын айтып ақталып жүрдім. Бір күні түнде төсекте әңгімелесіп жатқанбыз. Ернар тағы да Берік туралы сұрай бастады. Менің ренжігеніме де мән бермеді. Бір кезде төбеден қойып қалғандай етіп «Берікпен осылай жаттың ба?» демесі бар ма. Ызадан булығып сөйлей алмай қалдым. Жылап жібердім. «Кешір. Мен жай ойнап сұрадым» деп ақталған болды. Бірақ сол сөз жүрегіме тікен болып қадалып, қалып қойды. Ернарға қатты ренжідім.

Арада біршама уақыт өткен соң бәрі ұмытылып, қалпына келе бастаған еді. Бұрынғыша, қалжыңдасып, ойнап-күліп жүрдік. Менің көңілімнің жайланғанын сезді ме, жоқ ішіндегі шайтаны тағы түртті ме Ернар, ойнап болса да, Берікті айтуын қайта бастады. Ас үйде тамақ дайындап жатқам. Ернар ту сыртымнан келіп құшақтады. Шыны керек ол әрекетін ұнатып тұрсам да, «қойшы» деп қылымсыдым. Бірақ ол құшағын босатпады. Сөйтіп тұрып «Берік осылай құшақтайтын ба еді?» дегені. Шаян шағып алғандай, шошып түстім. Қайта жақындап еді, ашуланып, «кетші» деп кеудесінен итеріп жібердім. Ол қателігін түсінер деп ойлағам, олай болмай шықты. Кешірім сұрау орнына, «Берік болса, кеудесінен итермеуші едің, соның құшағын сағынып жүрген шығарсың» деп өзіме дүрсе қойды. Сонымен ұрыс-керіс...

«Еркектік намысы жібермей тұрған шығар, арада екі-үш күн өткен соң кешірім сұрар» деп күттім. Бірақ Ернар кешірім сұрамақ түгілі қит етсе сөзге Берікті қосуын қоймады. Күнде есітетін сөздерім – Берікті ойлап тұрсың ба? Берікті сағындың ба? Беріктің құшағын аңсап жүрсің бе?… Біз солай шведтік отбасыға айналдық. Стол басында да, төсекте де Берік бізбен бірге. Беріксіз әңгіме айтылмайтын күйге жеттік. Таяуда отау құрғанымызға екі жыл болады. Бірақ қазірге баламыз жоқ. Өйткені, болашақа деген үміттен гөрі күмән басым болып бара жатқан соң, қазірше бала көтермеуді ұйғарғам. Бірақ ол жайлы Ернарға айтқам жоқ. Шыдамның да шегі бар емес пе? Бұл жағдайға қашанғы шыдайтынымды білмеймін. Өткенде Ернар «сен бала таппайсың, бәлкім Беріктен бала тапқың келіп жүрген шығар?» дегенде жарылып кете жаздадым. Әдейі бала көтермей жүргенімді айтуға шақ қалдым.

Ернар үнемі «Берік, Берік» дей берген соң ба, соңғы уақытта Берік жайлы жиі ойлайтын болдым. Оның бойынан бір мін таппаймын. Ернармен салыстырам. Берік әлде қайда биік көрінеді. Таяуда ауылдас жақын құрбымды кездестірдім. Қалай аузымнан шыққанын білмеймін Берік жайлы сұрадым. Ол да сол сөзді күткендей, «Берік әлі де сені жақсы көреді. Үйленіп еді, ұзақ тұрмады» деді. Құрбымның айтуынша, кездескен кезде Берік үнемі мен жайлы сұрайтын көрінеді. Сол әңгімеден кейін Берік туралы тіпті көп ойлайтын болып алдым. Құрбым берген телефон номері арқылы хабарласқым да келген. Бірақ жөнін таппадым. Осылай өмірім шым-шытырық болып тұр. Не істерге білмеймін.

Бір сылтау тауып, Берікпен хабарласып көрсем бе екен? Бәлкім расымен әлі де Берік мені жақсы көрсе ше? Онда не істеуім керек? Кейде «бала тапсам Ернардың мінезі өзгерер ме екен» деп те ойлаймын. Бірақ оған сенімім аз. Бір ойым «Ернармен ажырас?» дейді. Ол асығыс шешім болып жүрмей ме? Әлі де әліптің артын бағып, шыдап көруім керек пе? Жоқ әлде уақытты босқа өткізбей, ажырасуым керек пе? Қандай кеңес бересіздер?

Жанар, Алматы

alashainasy.kz

Жеңгемді нала жібермеген сияқты
Күйеуіме күнәмді мойындап, ажырасқым келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу