Қостұрадан түлеп ұшқан қыран еді...

Oinet.kz 13-05-2021 1105

Сынаптай сырғыған уақыт десеңізші. Ғұмыр жолын өнерге қызмет етуге, таланатты жастарды тәрбиелеуге арнаған ұстаз, тәлімгер, адамгершілік қасиеті мен кісілік келбетімен өз ортасында сый-құрметке бөленген Әбдімүтәліп Әбілдаевтың бақи дүниеден озғанына бір жыл толды. 

Screenshot_11.jpg

Әбдімүтәліп Сәметұлы 1950 жылы 9 желтоқсанда Бәйдібек ауданы Қостұра ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Жастайынан өнер, білімге зерек болып өскен ол  Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтының ән және музыка бөлімін бітірген. Еңбек жолын туған жерінене бастады. Шаян ауылындағы музыка мектебінде домбыра пәнінің оқытушысы болып жұмысқа орналасып, бір жылдан кейін аталған өнер ұясының  директор болып тағайындалды. Ол сонымен бірге аудандық мәдениет бөлімінің «Шаттық» ән-биі ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері қызметін де қоса атқарды. 

«Шаттықтың» биік белестерге көтеріліп, өнер көгінде өзіндік қолтаңбасымен танылуы тікелей Әбдімүтәліп Сәметұлының еңбекқорлығымен байланысты еді. Ол 1978 жылы Алматы қаласындағы өткен республикалық ән-би ансамблдері арасында өткен байқауда жоғары дәрежеде көрініп, лауреат атанды. Осы байқаудың нәтижесінде «Шаттық» халық ән-би ансамблі атағын иеленіп қайтты. Өнер ұжымы Әбекеңнің жетекшілігімен Қазақстанның өңірлерін,  Өзбекстанның бірнеше қаласын аралап, көрермендердің көзайымы бола білді. 

Музыка мектебіне  17 жыл жетекшілік жасаған Әбдімүтәліп Сәметұлы  1992 жылы Теректі ауылындағы мектептің директорлығына тағайындалды. Алайда өмірін таланттарды тәрбиелеуге арнаған ол 2000 жылы өнерлі шәкірттерінің арасына қайта оралды. Осы жылы   Шымкент қаласында қоныс аударып, №2 балалар саз мектебінің директоры болды.  40 жылдан астам уақыттық ұстаздық жолында Әбекеңнің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Бүкілодақтық еңбекшілер творчествосы фестивалінің екі дүркін лауреаты атанды. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады» деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, ол жүріп өткен ұстаздық өмір жолы жастарға үлгі болатындай өнегелі еді.  Кішіпейіл, жайдары мінезімен өз ұжымның, шәкітттерінің қамқоршысы бола білді. 

Әбекең 2004 жылы Шымкенттегі №3 балалар эстетикалық саз мектебінің басшысы қызметін қолына алып, өз бастамасымен біраз өнегелі жұмыстады атқарды. 2005 жылы ұлт аспаптары оркестірін құру мақсатында қобыз, прима, ұрмалы, үрмелі аспаптар кластары ашылды. Нәтижесінде 30 баладан тұратын Қазақ ұлт аспаптар оркестрі жасақталып, 2007 жылы оның ашылу салтанаты жоғары деңгейде өткізілді. Мектеп директор әрі дирижер Әбдімүтәліп Сәметұлы екі ауысым балаларын біріктіру мақсатында жексенбі күндері де жұмыс жүргізетін. Нәтижесінде мектеп оркестрі 2009 жылы облыстық «Жас музыкант» байқауында  бірінші орынды жеңіп алып, Алматыда өткен республикалық байқауда дипломант атанды. 

2012 жылы облыстық «Жас музыкант байқауында ІІ орын, 2013 жылы республикалық «Жұлдызға жол» байқауында ІІІ орын, сол жылы Астанада өткен «Ақ көгершін» байқауында мектептің ұлт аспаптар оркестрі бірінші орында олжалап қайтты. 

Зейнетке шыққаннан кейін де ол таланттарды тәрбиелеу ісінен қол үзген жоқ. Жас өнерпаздардың үлкен сахнаға шығуына, биік белестерге көтерілуіне өз үлесін аянбай қосты. 

Жатты жатырқауды білмейтін Әбекеңнің жайдары мінезі, өнерлі жастардың жолын ашамын деп, құрақ ұшқан қасиет қарымы замандастары мен әріптестерінің, шәкірттерінің көңілінде ұзақ уақыт сақталатыны даусыз.

Отбасын сақтап қалуға арналған құнды 10 кеңес
Генералдың әйелі болашақ кедей құдасын менсінбеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу