Ене «кене» ме, әлде келін «келсап» па?
Қоғам – отбасылардың жиынтығынан құралады.Әр отбасының шаңырағы шайқалмай, бірлікте тұрмыс кешуі – қоғамның дамуы мен ел болашағы үшін өте маңызды. Ал отбасындағы береке мен бірлік ене мен келіннің сыйластығы мен олардың арасындағы қарым-қатынасқа тығыз байланысты.
Шаңырақтың берекесін молайтын, мерекесін келтіретін ене мен келін мәселесі бүгінде әр шаңырақта кездесетін жайт. Бүгінде батыстың екпіні ентелегеннен бе, әлде заман деп қазақи болмыс, жалпы діліміз өз маңыздылығын сәл де болса төмендетіп алғаннан ба, ене мен келін арасындағы мәселені жиі кездестіреміз. Қоғамнының түйіткілді мәселесіне айналған ажырасу проблемасының негізгі факторы – осы ене мен келін арақатынасының оң болмауы. Қазірде өмірде енесінің жолдасының анасы екенін естен шығарып, енесін кенедей көріп,дұшпан көрер келіндер баршылық. Керісінше жайт, келінінің қолынан ештеңе келмейді деп, келсапқа теңер аналарымыз да бар. Бүгінде тіпті бір дастарқан басында ас іше алмайтын , бір-бірін көрсе жиырыла қалатын енелер мен келіндердің ұштасатыны еш жасырын емес. Бірақ бұған не себеп?
Өмірде бір-бірін даттап, сырттан жамандауға келін мен енелер құмар-ақ. Дегенмен, бұл өшпенділіктің түп-тамыры қайдан бастау алғанына ешкім мән бермейді. «Келін ене топырағынан» деген халық даналығына жүгінсек, қыздың бойна ибалық пен инабатты, тәрбиені сіңіретін әуелі өз анасы болса, кейінгі орында жаңа отбасының жаңа тәртібі мен жаңа заңына баулып , артығын асырып, жаманын жасырып ақыл айтар жан ол – енесі. Қазақта ықылым заманнан ене мен келін арасында ешқандай араздық болмаған. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы сол «тәрбие» институты ғасырдан-ғасырға жетіп отырған. Бірақ қазір дана енелердің орнын «заманауи» енелер басқан. Дастарқан басында стақан соғыстырып, келінін ақыл айтып жөнге салудың орнына, шаңырақ астында жанжалмен ретке келтірмекке машық. Сол «заманауи» енелердің келінге дұрыс тағлым бере алмауынан отбасында ұрыс-керіс орын алады. Демек, келіннің басты тәрбиешісі – ене ұлттық дәстүрден алшақ жан болса, отбасындағы екі әйел арасындағы сыйластықтың орнай қоюы екіталай.
Қазақта сонымен қатар «Жақсы келін-келін, жаман келін-келсап» деген. Ендеше ене мен келіннің арасы жақсы болуы, келінге тікелей байланысты. Оң босағаны аттаған соң барған үйдің түтітнін тік түтетуді мақсат етуі керек. Анасының қасындағы еркелігі мен шолжаңдығын шетке ысырып, ененің алдында өзін шәкірт көруі қажет. Сол отбасының тәртібіне көніп, сондағы заңдылыққа бой үйретемін деген ниетте болғаны абзал. Үлкенін сыйлап, кішісіне құрмет көрсеткен келінге де ененің артық айтар сөзі болмасы хақ. Жолдасының абыройның асқақтауы-анасының разылығында екенін келін есінде сақтауы керек. Себебі, қазақ келіні - ана-енесінің соңғы демі үзілгенше баладай мәпелеп, асты-үстіне түсіп баптайтын отбасының ұйытқысы, шаңырақтың құт-берекесі.
Шаңырақ шайқалмауы үшін ене мен келін сыйласып, тыныштықты сақтайтындай қағидамен жүру керек. Келіннің кемшілігін түзеп, ақылын айтқан ене – ақ жаулығы желбіреген көрегенді анасындай болмақ. Соған сай келін де өз міндетін орындап, ененің кемшілігіне көз жұма қарауы қажет. Үйдегі ене мен келін ұрпақ тәрбиешілері. Жалғыз ұрпақ емес, болашақ қоғамның айнасына айналар жастар тәрбиесінің қайнар көзі. Ал ұрпақ бойына ділімізді, ұлттық тәрбиемізді сіңіре білу – біздің басты міндетіміз.
Дана Ерланқызы