Қайсар Қауымбек. «Оралман»
Түбірім - терең, тұғырым - емен,
Тірімін әлі, Тұраным, оңда!
Ғұмырым - қыран, тұнығым - өлең,
Құбылам - қағба, құраным қолда.
Сері де менмін, шері де менмін,
Қызылдың қырғын үркіні келген.
Бел асып кеткен бөрі де менмін,
Төсімді түгел Түркі, Ғұн емген.
Төбең де менмін, төрең де менмін,
Сүйегім аппақ, тұмарым аман.
Шерді де жұттым, шемен де болдым,
Құл басқа шықса, кінәлі - заман!
Зар мұңым жырда, азабым күйде,
Тағдырым қимас бақты ойлай бердім.
Бөркімді алған әзәзіл-дүние,
Бетімнен неге қақпайлай бердің?!
Қазығым елде, азығым көпте,
Ажырап қалған солардан қолым.
Тамыры жерде, тәңірі көкте,
Ғұмыры бұраң "оралман" болдым!