Жадыра Дәрібаева. «Абайды да таяқтатып ұрғызған...»
Абайды да таяқтатып ұрғызған,
Біржанның да аяқ-қолын буғызған,
Жаны ызғар, зәрге толы көкірек,
Қорқады ғой жарқыраған жұлдыздан.
Сондықтан ол бар жарыққа өшігер,
Қолдан келсе, жарқын үнді өшірер,
Өзінде жоқ нұрды көрсе басқадан,
Аласұрып, арпалысып, есірер.
Амалы жоқ алыстағы Күн, Айға,
Көріп, білсе азу салар Құдайға,
Түнегіне тұншықтырар шуақты,
Тізгініңді берме, дүние, мұндайға!