Ермұрат Зейіпхан. «Бұл өмiрден озбақтың озды бәрi»
Бұл өмiрден озбақтың озды бәрi,
Озғандардың -
Қалғандар көз-құлағы.
Жалаң қылыш, жалаң төс бабалардың,
Өрлiгi ұрпақ қанын қоздырады.
Әуелде қонып жүрдiк, көшiп жүрдiк,
Даланы желмен бiрге есiп, жыр ғып.
Ат жалы, түйе қомы - шұбыр, керуен...
Жатар-ды шаң көтерiп есiл құрлық.
Ары да, берi де асып көкжиектен,
Атанжiлiк, атпалдар жол жүдеткен -
Тебiнгiсiн шiрiтiп оралатын,
Үш жұртына жүрегiн елжiреткен.
Ел шетiн басқан жаумен қидаласып,
Жан алысу, жан беру - бұл да нәсiп.
Есен-аман оралар аламандар,
Қара қос, қара бала қылған асық.
Бабам - дала қорғаны, орман, ығы,
Өстi, өндi ұрпағы, төл, мамыры...
Қанымызды қыздырған рух-күшi,
Аман сақта дегенi қолдағыны.
Жатта қалған iз, қорым, белес, белгi...
Қу жанды ой кемiрiп, егес жейдi.
Сары құрлық көз салсам алабына,
Бабаларым сайлауыт елестейдi...