Ерлан Нұрдыханұлы. «Мезгіл қолы»
Шашына көгілдірлі қаяу сіңген,
Ойланып жатыр әне, ояу шілде.
Мен көрдім-түнге малған мезгіл қолын,
Дегендей: «Мың құбылта бояушың-мен!»
Мезгілдің арбиған сол арық қолы,
Меңзейді тағы маған табыт жолын.
От тамшы оятады, тырнағынан -
Шаршаған жүрегіме тамып менің.
Жеткен бір сағыныштай түрме жақтан,
Тым қышқыл жүрегімде жүрген ақ таң.
Көбелек-көктемдерім кеткен ұшып,
Сап-сары саусағына бір қонақтап.
Ал менің ажалыма асыққаным,
Тәрізді қилы заман ғашықтары.
Сүйрейді мезгіл қолы мені солай,
Ақ сәуле көлеңкемнің шашып қанын.
Аластап азат аспан тілімді өтпен,
Тастың да тамырына үнім жеткен.
Мәңгілік алақанда, отырармын
Елестер ерінінде күбірлеп мен!