Ерлан Нұрдыханұлы. «Тәңірдің еркесі»

Oinet.kz 23-09-2018 905

photo.jpg

Тәкаппар сөз сиқыры мүсіндеткен, 

Өлеңді түсінемін түсім деп мен. 

Санама сағынышты нұр тамызып, 

Көбелек! Көкжиектен ұшып жеткен.   


Көбелек. Келген ұшып тым жырақтан  

Елесін аймалатып мың бұлаққа. 

Ашылар қанатының лебімен-ақ, 

Мұздаған көкірегім-мұңлы қақпа.   


Беймаза бейнелермен найзаласып, 

Жатқанда асау көңіл майдан ашып.

Өмір боп еркелейді өлең маған, 

Өліммен отырсам да аймаласып.   


Ішінде көлбең қағып ертегі – оттың, 

Өзіңдей мені, сірә, өртемек кім? 

Мен сені нұрдан туған сөз-көбелек, 

«Тәңірдің еркесі!» деп еркелеттім.   


Жыландай арбаса да түн есіріп, 

Алдымнан ашылады күн есігі. 

Көбелек! Енді сенен айырылмасқа, 

Баптаймын көкірегімде гүл өсіріп...

Ерлан Нұрдыханұлы. «Таң бөбегі»
Ерлан Нұрдыханұлы. «Мезгіл элегиясы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу