Батырхан Сәрсенхан. «Кім кінәлі?»
Көзінде тартылыс бар, құштар ғалам,
Ақ моншағын теңеуге түс қалмаған.
Ақ саусағы орынсыз ұсталмаған,
Бұл жайлы ешкімге де тіс жармаған,
Бір қыз бар-тын ауылда,
мен білетін..
Есіміне елеңдеп ел жүретін,
Есігіне көп жігіт телміретін.
Ессіздері тәкаппар, паң көретін,
Ес білгені ерекше мән беретін.
Ал, бір күні,
жаңа отау жарық шашты,
Селтең жігіт,
Шорт мінез,
Шарық басты.
Ертеңгілік еркеме ес білдірмей,
Көркем қылып көлікпен алып қашты.
Қайран ару!
қан тулап кетті бетін,
Махаббатты сүйісу деп білетін.
Пәк сезім жайлауынан шет жүретін.
Жат көзге жар тізгінін ұсынбақ па?
Артың – жар,
жолға бастар тұсың – қақпа.
Құстай аққан көліктен, өзін-өзі,
Лақтырып кеп… қанатын түсірді отқа.
Таң ата зар жылатып тамам елді,
Бір жолаушы хабарын ала келді.
Сән құрып үлгермеген сарғалдақ қыз,
Мәңгілік зағип болып қала берді.
«Өзін-өзі қорлай ма өстіп адам?!»
деген қартты көзге ілмей көшті заман.
Одан соң аңғармады жат жүрегін,
Одан соң таңданбады ешкім оған.
Есіміне елеңдеп ел жүретін,
Есігіне көп жігіт телміретін.
Жүрегі жалғыздыққа бола туған,
Бір қыз бар-тын ауылда,
мен білетін…