Әбілдә Тәжібаев. «Жаңбыр»

Oinet.kz 16-09-2018 1346

1514099543_03.jpg

Күркірете көгімді

Көк ала бұлт сөгілді.

Отты көзі жалтылдап,

Бір шолып қап жерімді

Нөсерлетіп ақтарды

Аспан толы теңізді.

Жапырақ қандай жаңарды,

Жаным қандай дем алды.

1955

*∙*∙*

Өрістен қайтқан інгендей,

Мезгілін сезген сауынның.

Шудасы жерге тигендей

Келеді бұлты жауынның.

Келеді боздап жануар,

Желіні сызып жер бетін.

Қаласаң қанша сауып ал,

Жылы екен биыл төгетін.

Келеді жылжып аспанмен

Көшпелі менің теңізім:

Төңкеріп түгел тастар ем,

Етем - ау апат жер жүзін.

Қаласам көгім сілкінер

Атылар оттар, жарқылдар;

Қаласам аспан мөлдірер,

Көк ала қосақ, тартылар,

Бәрі де бүгін қолымда,

Айтқаным келеді айнымай;

Қазақтың жүрер жолында

Тұра алар енді қай құдай!

Әбілдә Тәжібаев. «Отарбада»
Біржан сал Қожағұлұлы. «Ер жігіт дүниені көргені артық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу