Ақұштап Бақтыгереева. «Ақиіс - әннің аты»

Oinet.kz 16-09-2018 1033

Адамға жаралмаған жағынуға,

Амал жоқ «Қоян жылдың» ауырында.

Ашасын мекендеген Жымпитының

Мұхтардың болды Мұхит ауылында.

Бүл жерде Мұхтар өзін жалқы деген,

Қазақтың ата сыйлау салтыменен.

Баяғы Сырым шешен немересі ол,

Бақ қонған дарынды ата даңқыменен.

Түк емес жазда - шілде, қыста - боран,

Мұхтарда мал, дәулет бар, қыстақ аман.

«Ұл тумас атаға ұқсап» - дегендейін,

Бірақ ол шешен салтын ұстамаған.

Сырымша шешендік сөз толғамады,

Айнала үлестірді қолда барды.

«Мырза» атын алу үшін азайтыпты,

Еншіге Қазы әкеден қалған малды.

Молшылық, бақ, дөулеттің шағын көріп,

Жас көңіл алау кезде жалын болып.

Ат жетер айналадан тандап-тандап,

Жар сүйген Қырмызыдай, қалың беріп.

Бәйбіше толқып түскен он жетіде,

Буына бақ-дәулеттің тербетіле.

Тамсантып айналаны ынтық еткен,

Өзінің туған айдай келбетіне.

Қыздарда сұлу аз ба небір арман,

(Кім білген не сыйларын өмір алдан).

Желік пе, айыбы жоқ махаббат па,

Мұхтардың енді Иіске көңілі ауған.

Ол заман қыздар үшін қатал болған,

Таңы алыс еркіндіктің атар алдан.

Байлықтың буына мас Мұхтар сонда,

Мал беріп Ақиістей тоқал алған.

Жоқшылық ел кездірген,төздірмеген,

Мұхитты Мұхтар онша көзге ілмеген.

Иістің мырзалығы әнші үйіне,

Сол қыстың қаттылығын сездірмеген.

Басынан ер жігіттің не өтпеген,

Мұхитты бар ағайын бөлектеген.

Әншіде жалғыз сиыр қалған қыста,

Ақиіс дәм-тұзынан көмек берген.

Аш қалса да сескенбей сараңдардан,

Үндемей Мұхит әнші қала алмаған.

Мұхтар мен Қырмызыны мазақ етіп,

Ат қойып Ақиіске ән арнаған.

Келер деп жадырап жаз, келер көктем,

Қыста да қайсар әнші өлеңдеткен.

Заманға әділетсіз не демексің,

Талантты топас биге тәуелді еткен.

Ақұштап Бақтыгереева. «Ақжелең»
Ақұштап Бақтыгереева. «Ақ құйын болсаң мені де кет бір тербетіп»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу