Қадыр Мырза Әли. «Іргетас»
Шежіреміз қию-қию,
Шырғалаң.
Шырғалаңды ұқпай менің жүр балам.
Жер үстінде бір шаһарым ер жетіп,
Жер астында шөгіп жатыр бір қалам!
Ерім менің!
Жерім менің шерменде.
Жырта қалсаң,
Жыр шығады көрден де!
Қырық эпос -
Қырық батыр жайында...
Қазақ жазбай,
Біреу жазып берген бе?!
Таусылмайтын парасат бар термемде,
Термешіге дайын тұрар төр менде.
Тылсым дала басқаныкі болған да,
Тегін тастап, Көшіп кете берген бе?!
Опасыздар шындығымды жырмалап,
Ойдағыны бойдағыға жүр балап.
Жеткенімді қалай жазсаң олай жаз,
Өткенімді жазба бірақ бұрмалап!
Айналайын, арғысынан кім безген!
Ақиқатқа қарау керек бұл көзбен.
Теріс тарих қажет емес Тұныққа
Теріс түскен сұлбадай бір күмбезден!
Өкінішті
Көп нәрсені кеш білген.
Оқымысты!
Көмек күтпе еш тілден!
Тарих қымбат қандай болса сол күйде,
Тәуір тарих сұрамаймыз ешкімнен!
Сарғайдық қой артын күтіп әліптің,
Сырын неге жасырамыз алыптың?!
Жаман болса жаман болсын,
Жарқыным,
Өз тарихын өзіне бер халықтың!
Әр дәуірдің болады өз шәйірі
Ақ-қараны алатын тез айырып.
Заманымды қайырмасаң қайырма,
"Жаманымды" берсең еді қайырып!
Елімізге керек емес ертегі!
Ертегіні өз балам да шертеді.
Тарих керек!
Іргетасы ол халықтың,
Іргетассыз қаланбайды Ертеңі!