Бүгін Әбділда Тәжібаевтың туған күні
04-02-2021
Әбділда Тәжібаев (1909-1998)
Әбділда Тәжібаев (1909-1998 ж) - ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым. Филология ғылымының докторы, проф., Қазақстан Республикасының халық жазушысы.
Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келген. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүлдің қолында қалған. Жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Әбділдаға шешесі Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау поэмасын дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей үн қосатын болған.
Жаңа бір түсіп, шам сөнді,
Ашыла түсіп, гүл солды, – деген, ол кезде мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған.
Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әңгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен. Ақын кейін өзінің "Еске алу" деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті-жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер боп қалған аңсары жайында:
Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі.
Тек елестей бұлдырайды
Әлдекімнің көлеңкесі, – десе, өмірге де, еңбекке де, өнерге де бейімдеп тәрбиелеген аяулы нағашы атасы туралы "Сыр жырлары" топтамасында жер ортасы жасқа келген ақын:
Кейде түске кіреді,
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін,
Нағашы атам таяғын.
Жүгіремін жағалап,
Сырдың жайпақ жағасын.
Кәрі көзбен сығалап,
Қарар маған нағашым.
Бірде қуып жүремін
Шіркей мен шыбынын.
Айдап бірде жүремін
Нағашымның шығырын...
Босайды екен көңілің
Туған жерге келгенде:
Көрініп тұр жып-жылы
Көп тырнаған шеңгел де.
Кейде түске кіреді
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін
Нағашы атама таяғын, –
деп еске алады. Ол таңғажайып шығыс поэзиясынан да, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларынан да таусылмас әсер, ләззат алып өседі. Жалпы, тумысынан дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес.
Жоғарыда аталған поэмасының кейіпкері қаладағы оқу орнына аттанғаны туралы:
Қар да құйды жапалақтап,
Тоқтамастан бастым алға.
Тұңғыш ізім бақыт қуған
Тұңғыш жауған түсті қарға, – дейді. Бұл Әбділданың өзі туралы айтылған сөз еді. Шынында да, ол 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді. Еңбек жолын "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небәрі 4-5 жылда "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың "Жұмысшының гудогі" өлеңі 1926 жылы "Жұмысшы" газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері "Жұмысшы" және "Еңбекші қазақ" газеттерінде шығып тұрады.
Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан жазушылар одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады.
30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. "Жаңа ұрпақ" (1935), "Лирикалар" (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі "Оркестр", "Абыл", "Толағай" сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған "Ақ қайың" деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: "Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын" деп (1939) бағалайды.
Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болады.
1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Қарт ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылғанын сезініп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды.
Шығармашылығы және еңбектері:
Оның «Жаңа ырғақ», «Аралдар», «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Жаңа өрімдер», «Құрдастар», «Толағай» және 5 томдық жыр жинақтары жарық көрген. «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Той боларда», «Дубай Шубаевич» т. б. пьесалары қойылған. «Өмір және поэзия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», «Жылдар, ойлар» т. б. зерттеу еңбектерін жазған.
Ақын абайтану мәселесіне де белсене араласып, ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері мен шеберлігі тақырыбын сөз ететін мақалалар жазды. Оның «Абай және қазақ әдебиеті» («Социалистік Қазақстан», 1945, 19 тамыз), «Абай және қазақ совет поэзиясы» («Екпінді», 1940, 17 қазан) мақалаларында ақынның қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырудағы рөлі және Абай бастаған реалистік шеберліктің бүгінгі қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі жалғасы сөз болады. Күнделікті баспасөзде жарияланған мақалаларында үнемі Абай мұрасын жинау және оны дұрыс талдап, оқырман қауымға жеткізу мәселелерін қозғап отырды. Бұл үшін, алдымен, ақын мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын ғылыми мекеменің қажеттігін, ал ондай орталық Абай музейі бола алатынын арнайы мәселе етіп көтерді. Ғалым-ақынның абайтану ғылымында, әсіресе, «Қазақ лирикасы тарихынан» деген монографиялық еңбегінің маңызы зор. Бұл еңбектің 2-тарауы түгел дерлік Абай лирикасын зерттеуге арналған. Ғалым Абай лирикасын бірнеше тақырыпқа бөліп талдау үстіңде оның жеке шығармаларына тоқталады, ақын шығармашылығының бүгінгі қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі жалғасын сөз етеді, Абай поэзиясының әлеуметтік қуатын, қоғамдық жүгін, жаңа поэзиясының бастауы ретінде тудырған жаңалықтарын ортаға салады, оған ілесе шыққан С. Торайғыров бастаған ізбасарларының: С. Сейфуллин, Б. Майлин, I. Жансүгіров, С. Мұқанов т. б. ақындар шығармаларындағы сабақтастықты, үндестікті дәлелдейді.
Әбділданың өзі Абай шығармаларымен ерте танысып, көп үйренген ақын. Сондықтан да ол Абай өлеңдері тақырыбына қайта-қайта оралып, ақынның әр сезіне үңіле қарау қажеттігін талмай көтеріп келеді. Абай аруағына арнап «Абай мен Мұхтарға қойдық белгі», «Сағындырған Сарыарқа», «Жолдас Абай» өлеңдерін жазды. Әбділдаға жыр жинағы үшін Қазақстан Республикасының Абай атынд. Мемлекеттік Сыйлығы берілген.
Әбділда Тәжібаев сонымен қатар осы заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерімен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткерге айналды. Ә.Тәжібаев – поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген ақын. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә.Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес. Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғары мәдениеттің, кәнігі шебердің поэзиясы.
Ә.Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә.Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді. Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды.