Абай Құнанбайұлы. Сәулең болса кеудеңде
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңлің бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда —
Қызылбастың салған жол.
Көп шуылдық не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел —
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер тел.
Берекесі кеткен ел —
Суы ашыған батпақ көл.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол — бір шөл.
Единица —жақсысы
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!