Мұқағали Мақатаев. «Жазғырма мені, жан-аға»
Жазғырма мені, жан-аға,
Жаманға мені балама.
Жалғыз түп емен көріп пе ең,
Жабырқап тұрған далада?
Емен деп мені бағала.
Еменде жапырақ-жүректер,
Үй етсе самал дір еткен.
Осынау елсіз жапанға,
Жападан-жалғыз кім еккен?
Далада дауыл болғанда,
Сая жоқ жанын қорғауға.
Ұшайын десе қанат жоқ,
Қорғанға - алыс орманға.
Жазғырма мені, жаи-аға,
Жаманға мүлде балама.
Бұлаққа барсаң, жалғыз түп,
Талшыбық тұрар жағада.
Шыбық деп мені бағала.
Кеткенше қиып әлдекім.
Емен де, мейлің, тал дегін.
Әзірге менің бар демім,
Осындай, аға, халдемін...