Мұқағали Мақатаев. «Тілектеске»
Ей, бауырым!
Көтерсеңші, көтерсеңші басыңды.
Алатаудың асқарына күннің нұры шашылды.
Қыз-тіршілік, міне тағы мойыныңа асылды,
Асылды да саусағымен сипағандай шашыңды.
Көтер басты,
Тұр орныңнан!
Терезеге қарашы.
Неткен тұнық, неткен қымбат жер мен көктің арасы
Неткен жақын бұл ғаламда адамзаттың баласы!
Бауырым-ау, жи күшіңді, терезеге қарашы.
Жата берме ауыр дертке, ауыр дертке бас ұрып,
...Әне біреу бара жатыр жұмысына асығып.
Автобустан қалып қойған және біреу, ашынып,
Әттең, әттең, айналайын көңлі қалды-ау басылып...
Қарашы, әне, аңдап басып, барады етіп қарт адам,
Ажары да, назары да, базары да тарқаған.
Қарт адамға қарсы келіп, сәлем берсе қарт Ана,
Ұзын-сонар бірдеңені айтып жатыр қарт оған.
Мына жолмен уайымсыз әлі талай өтерсің,
Шыға алмаған асуыңа, аман болсаң жетерсің.
Ей, Бауырым!
Ей, Бауырым, басыңды бір көтерші,
Мынау қызық дүниені қалай қиып кетерсің...