Оқырман өрендер Республика күнін апталап атап өтті

Oinet.kz 01-12-2023 628

25 қазан – Республика күні! Бұл күн – қазақтың азаттық арманының арайын шашқан күн! Бұл күн – ел тәуелсіздігінің басынан тұнған алтын қайнары!

Screenshot_27.jpg

Осындай айтулы ұлттық мерекеміз 25 қазан – Республика күніне орай 16-20 қазан күндері Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» атты апталық өтті. Апталыққа облыс бойынша балаларға қызмет көрсететін аудандық балалар кітапханалары тартылып, ашылу салтанатына Түркістан, Кентау қалаларынан, Бәйдібек, Түлкібас аудандарынан келген балалар кітапханаларының қызметкерлері мен оқырмандары қатысты. Белсенді оқырмандар әдеби композициялар орындап, ән-күйден шашу шашты. Сонымен қатар көгілдір экраннан тарихи сәттен бейнеролик көрсетіліп, тақырыпқа сай брейн-ринг ойыны ойнатылды. 

Аптылқтың екінші күні Арыс, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт аудандық балалар кітапханаларының кітапханашылары белсенді атсалысып, мемлекет және құқық тарихы, Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы туралы әдебиеттер, сондай-ақ еліміздің егемендік тарихындағы айтулы сәттерді баяндап, өткен тарихымыздың жарқын жақтарын көрсететін мемлекеттің құрылу кезеңдеріне сәйкес материалдар ұсынылған «Қазақстан – Кеше! Бүгін! Кітаптар сөйлейді!» кеңейтілген кітап көрмесіне Сайрам аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Жанар Нарботаева терең шолу жасап, оқырмандарға таныстырды. Сондай-ақ Шұбар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсем Ешмұрат мерекеге өзінің арнауын тарту етіп, аудандық балалар кітапханасының кітапханашылары патриоттық әдеби композициялар орындап, викториналық ойын ойнатып, оқушылардың білімін шыңдады. Республика күніне орай ұйымдастырылған мәдени мерекелік шара «Атамекен» әнімен аяқталды.

«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ!» облыстық апталықтың үшінші күнінде «Менің арманымдағы Қазақстан!» атты оқырман конференциясы өтті. Конференцияға Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес аудандық балалар кітапханасының кітапханашылары мен зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар Шымкент қаласының «Болашақ», №87 А.Назарбекова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушыралы қатысты. Оқырман конференциясын Келес ауданының құрметті азаматы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Ақтөбе ауылдық округінің «Ақ әжелер» тобының төрайымы, зейнеткер ұстаз Нұрбекова Қарсыгүл анамыз ашып берді. Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Смаилов Нұрлан Қалиұлы «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы», ақын, Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Аташов Сержан Құлдырақұлы «Шаңырағыңа уық болып шаншыл, қазақ!», Шардара аудандық «Шартарап-Шарайна» – ақпараттық танымдық газетінің журналисі Өсербай Ақбота Нұрполатқызы «Ел тағдырын айқындаған – Тәуелсіздік», Түркістан облысы Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, зейнеткер-ұстаз Әуезова Ақмаржан Жолдасқызы «Мәңгілік жаса, қыран елім...» тақырыптарында баяндамалар оқыды. Ал жас белсенді оқырмандарымыз Жолдасбек Айтжан мерекеге арнап «Мен Отанның бақытты ұланымын» атты арнауын тарту етсе, «Болашақ» мектебінің оқушылары Жұмабай Айару мен Азаматұлы Бексұлтан Қазақстан Республикам менің! тақырыбында патриоттық өлеңдерін оқыды.

Апталықтың төртінші күнінде Созақ, Сарыағаш, Төлеби, Отырар аудандарынан келген оқырмандарымыз «Тәуелсіз Қазақстан бейнесі! Суретшілер сыр шертеді» тақырыбында сурет салып сайысты. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихын, жеткен жетістіктерін, Отанға, Туған жерге деген патриоттық сезімдерін бейнелеу арқылы жеткізген жас суретшілердің еңбектерін Ә.Қастеев атындағы "Өнер және дизайн" колледжінің Сурет және кескіндеме кафедра меңгерушісі Тастанбеков Асылбек Амирбекұлы сараптап. Төрт ауданнан келген сегіз қатысушының ішінен үздік деп танып, І орынға Сейтмұрат Жұлдыз лайық деп табылса, ІІ орынды – Айдар Маржан, Еділбаева Аруна, Бақытбекұлы Ернар, сондай-ақ ІІІ орынды – Амангелді Мерей иеленіп, арнайы дипломдармен марапатталды. 

Республика күніне арналған апталықтың соңғы күні биыл екінші жыл тойланғалы отырған кітапханашылар үшін ерекше мейрам 24 қазан – Кітапханашылар күніне арналған салтанатты кешпен түйінделді. Кітапханашылар үшін ерекшелігі сол, ол марапат жауған мейрам болып есте қала беретін болды. Олай деуімізге себеп, нақ мереке қарсаңында өткен жиынға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Өмірәлі арнайы қатысып, кітапхана қызметкерлері Асия Сабденкуловаға және Мейрамкул Алмуратоваға бірлестік атынан салалық кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан жеке үлесі үшін Құрмет грамотасымен және Республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының атынан қоғамның оң бағытта қалыптасуына ықпал ететін отаншыл, кітапхана саласына қосқан еселі еңбегі үшін «ЕРЕН ЕҢБЕК ИЕСІ» «Ы.АЛТЫНСАРИН» медалін табыстады. Сонымен бірге мерекеге орайғы кәсіби іріктеудің «Жыл кітапханашысы – 2023» аталымында шығармашылық ерекшелігі үшін Ахлиукова Фаягель, «Үздік меңгеруші – 2023» аталымында Қайып Жансая, «Креативті кітапханашы – 2023» аталымында Мырзабаева Гульсана, «Үздік аудандық меңгеруші – 2023» аталымында Келес аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Мусабаева Жанар, «Үздік аудандық балалар кітапханасы – 2023» аталымында жеңімпаз танылған Сайрам аудандық балалар кітапханасы кітапханамыздың директорының арнайы Дипломымен марапатталды. Сондай-ақ облыс бойынша аудандық балалар кітапханаларының меңгерушілері де құралақан қалмай, балалар әдебиетін насихаттауда атқарып жатқан сүбелі еңбегі үшін Түркістан облыстық Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Иә, бұл мереке біз, кітапханашылар үшін марапат жауған мейрам болды. Әрдайым игі істер жалғасын тауып, жас ұрпақ үшін еткен еңбек елене бергей дейміз.

Ақмарал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Балалар авторлары сөйлесін
Тұғыры биік тұлға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу