Армандар орындалатындығына сендірген Абылай

Oinet.kz 01-12-2023 310

Жас прозашы, «Түркістан облысының үздік жазушысы» номинациясының иегері  Абылайхан Есімбай деген жас жігіт бар. Бала болмыстың иесі. Табиғаты тұнған тазалықтан тұрады. Жақынға да, жатқа да жақсылық жасауға әзір тұратын Абылайхан 1994 жылы 18 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан), Түлкібас ауданында дүниеге келген. 2001-2012 жылдар аралығында М.В.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясында оқыды. Мектеп қабырғасында жүргенде жазған мақалалары аудандық, облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып тұрды.

Screenshot_7.jpg

11 сыныпта қазақ тілі мен әдебиеті пәндік олимпиадасының облыстық деңгейінде бірінші орын алып, Сулейман Демирел универсиетінің грантына ие болды.

2012-2016 жылдары аталған университетте журналистика кафедрасында білім алды. Университет қабырғасында көптеген шығармашылық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындардан көрінді.

2018 жылы Шымкент қаласының «үздік жас жазушысы» номинациясының иегері атанды. Сол жылы «Қанат қақты» жас қаламгерлер жинағының редакторы болып, кітапты жарыққа шығарды. 2020 жылы Түркістан облысының «Үздік жазушысы» атанды. 2021 жылы «Кедей қызы» кітабына байланысты көптеген кездесулер өткізді. 2016-2018 жылы – республикалық «Рейтинг» газетінде тілші, 2018-2023 жылдар аралығында «Oinet.kz» сайтында бас редактор болып жауапты жұмыс атқарды. 

«Өткен ғасырыңыздың тоқсаныншы жылдары ортасынан ауар шақта жас жазушы Нұрғали Ораз туралы «Сүйінші, сүйінер суреткер бар!» деген мақала жазып, қатты қуанғанымыз жадымызда жаңғырады. Облыстық газетте, біздің бөлімде тәжірибеден өткен «практикант бала» ғой баяғы. «Қазығұрт оқиғалары» атты кезекті кітабы елді елең еткізген еді. Жауһар жазушы, дара драматург Дулат Исабеков сонда ғой, Нұрғалидың табиғи түйсігін, адам жан дүниесінің қатпарларын жазушы логикасы арқылы ашып көрсетуде батыл топшылау, жаңашыл эксперименттерге бара алатынын айрықшалай алақайлаған. Аға досымыз Дүкең бүй деді: «Қазір дүние өзгерді, адам өзгерді, оның өмірге көзқарасы, жақсы көру, жек көру секілді критерийлерінің ескі тұғыры шайқала бастады. Адам табиғатына бұрынғыдай қарапайым спектрмен емес, ұлғайтқыш линзалармен, электронды өлшеуіштермен қарайтын мезгіл жетті. Біздің болашақ кейіпкерлеріміз енді бір отыз-қырық жылда мүлдем өзгеруі мүмкін, ол кейіпкерлер бүгінгі біз жасап жүрген кейіпкерлерге сана биігінен мүсіркей қарап, қазіргі жазушылардың образ жасаудағы жеті-сегіз ғана бояуына қанағаттанбауы да ғажап емес. Орыс, жапон, американ әдебиеттерінде бұл тенденцияның басталып кеткеніне де біраз уақыт болды. Ол тенденция – «Адам деген кім?» деген сұраққа ғана жауап беру емес. «Адам деген не?» деген сауалға жауап іздеп, соны көркемдік концепцияға айналдыру. Бұл үлкен ізденіске жас жазушы Нұрғали Ораздың батыл барғаны бәрімізді қуантуға тиіс».

Абылайхан Есімбайдың «қыз мінезі» бір қарағанда, баяғы «практикант бала» Нұрғалиға ұқсайды. Баяғы қыздарша сызылады. Өте-мөте кішіпейіл. Момақан. Көз алдыңызға Нұрғалидың балаң бейнесі келе қалатыны рас. Жазуынан да сондай ұқсастықты іздейтініміз де рас. Абылайхан баламыздың анда-санда газет-журналдарда, тағысын-тағыларда жарияланатын дүниелерін оқитынбыз. Бірді-екілі ұжымдық жинақтарда да жарық көрді. Жазғандары.

Енді, міне, жеке, тұңғыш кітабының қолжазбасы қолымызға тиіп отырыпты. Бүкіл байтағымызда, оның ішінде Оңтүстік өңірінде, Түркістан уәлаяты, шырайлы Шымкентіңізде, Құдайға шүкір, кейінгі жылдары жас ақындар қаулай өсіп, желкілдей жетіліп келеді. Өкінішке қарай, балғын прозашылар жоқтың қасы деген пікірлер жиі жазылады, қайта-қайта айтылады. Осы тұрғыдан қарағанда, Абылайхан Есімбайдың қалыңдау көрінген қолжазбасына қатты қуандық. Бас алмастан, түгелдей дерлік оқып шықтық. «Сүйінші, сүйінерліктей және бір жас жазушы келе жатыр!» Дедік. Құт қадам тілеп, тағы қуандық. Осынау азапты да ғажапты жолға шындап түскеніне шадымандандық. Тағы да Нұрғалиға мінәйі мінезі ұқсайтынын ойладық. Алайда, Абылайханның дүниелері «қыз мінезді», «практикант баланың» туындыларына мүлде ұқсай қоймайды екен. Ұқсамағынына қанағаттандық.

Абылайхан Есімбайдың «Кедей қызы» атты шығармасын әңгімеден гөрі хикаят деген дұрыс секілді. Иә-иә, толыққанды, жан-жақты повесть. Мектеп өмірі, оқушылар отбасыларындағы әлеуметтік әркелкілік, бүгінгі байсымақтардың зорсынуы, кедей-кембағалдар балаларының қорсынуы… ҰБТ-ның қырлары мен сырлары… Достық. Сыныптастық. Жолдастық. Махаббат. Бәрі де баршылық. Бірақ, бәрі де басқаша. Бүгінгі заман, қазіргі қоғам, өзгеше адам, өзгерген оқушылар. Ұғысулары мен жұғысулары да, сүйісулері мен ренжісулері де бөтеншелеу һәм төтеншелеу. Сонда да жарасымды, үйлесімді. Қай шығарма да оқылымды. Сонда да кейде жатырқай ойланасыз. Тоқылымдығына тоқтайсыз. «Жаздыгүні жауған қардағы» әке мен ана, аналарынан айырылған қыздар, қасқа жолдан қайырылған Пақыр – бұл кейіпкерлер де осы орайлас бұрынғы әңгімелер мен повестердергі кейіпкерлерге ұқсамайды. Абылайхан Есімбайдың ерекшелігін екшей түседі. «Түн ортасы ауғанда» туындысындағы Ғазиза мен Еркіннің ерекшелеу қарым-қатынасы, таңырқатар таңғажайып махаббатқа ұласқан ұғысудың кенеттен күйреуі де, екі жастың характерлері де өзге қаламгерлердің кейіпкерлеріне мүлде кереғар. Секілді сезіледі. Авторға ризалық арта түседі. Өзгешелік осылай өрістер.

«Жарым», «Миллион арасындағы жалғыз» әңгімелеріндегі аса аянышты тағдырлар да бүгінгі уақыт тұрғысынан, психологиялық өзгешелеу өрнектермен өріледі. Күдік-күмәнмен оқығанымызбен, кейбір селкеуліктеріне қарамастан, жас қаламгердің «Жазушы» деген дүние жазуға батылы барғанына да тәнтіміз.

Талант бар. Батылдық бар. Абылайханыңызда. Экспериментке бармақтан жүрексінбейді. Психологиялық тартыстар, тосын толқыныстар, күтпеген күрделі шешімдер, кейде тым қатқылдау көрінер құбылыстар – бәрі де болашағынан үміт күттірер, сенім арттырар. Сондықтан да, бүгінде қазақ көркемсөзінің көкжиегін кеңейткен, көрнекті жазушыға айналған Нұрғали Ораздың жолын тілейміз. Жоғарыда әдейілеп әдіптелген классигіміз Дулат Исабеков бағдары – бағдарламасы болғай. Дейміз». Тұтас Түркі әлеміне танымал жазушы Мархабат Байғұт Абылай туралы, оның шығармашылығы туралы осылай толғанып еді.  

«Дүниеде бар-жоғы білінбейтін, әйтеуір көлеңкесі қараңдап жүретін адамдар болады ғой. Мен сондай жанмын. Ешкім мені елемейді. Осыған күйінемін. Неге Ақерке, неге Анелья секілді емеспін? Олар – менің сыныптастарым. Анелья бізге 10-шы сыныпта Алматыдан ауысып келді. Ауыл квотасы үшін ғой. Әйтпесе жер түбіндегі Нұршуаққа келе ме? Оның қаланікі екені алғашқы күннен-ақ сезілді. Өте мәдениетті. Сызылып сөйлейді. Даусы сондай нәзік. Даусы ғана емес, бүкіл дене бітімі, болмысы да. Апай сабақ сұрағанда ақырын ғана көтеретін қолын біреу сәл тартса үзіліп, қысып қалса үгітіліп түсетіндей. Асқан баппен боялған қып-қызыл тырнағын, жіп-жіңішке саусақтарын айтсаңшы. Жігіт түгілі, мен өзім қызығып қараймын. Көп күлмейді. Ал күле қалса түп-түзу аппақ тістерінен көзің қарығады. Әбден стоматолог көрген тістер екенін бірден байқауға болады. Ал, менің алдыңғы бір тісім артқа қарай қисайып кеткен. Соны брекетпен түзулетіп алуды жоспарлап жүрмін. Әйтпесе, қысылып өлетін болдым. Ал, Анельяда мендегідей дефект жоқ. Ол тісі түзу болған соң еркін күледі. Күлгенде даусы сыңғырлап шығады. Анелья келгелі біздің жігіттер тым әзілкеш болып кетті» - деп басталатын «Кедей қызы» туындысы кез-келген оқырманды өзіне тартып алады. Қанатқақты кітабында Абылай кедей қызының бар мұңлығын асқан шеберлікпен суреттейді. Кітапта жасөспірімдер мен жастарға арналған әңгімелер топтастырылған. Абылайхан мектеп оқушылары арасындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесін көтереді. Кедей отбасының қызының айналасындағылардан көрген теперіші терең суреттеледі. Сондай-ақ,  жазушының қалаға оқуға түскен ауыл қызы, тым кішкентай кездерінде аналары қайтыс болып жетім қалған қыздар, оларды жалғыз жетілдірген әке, алғашқы махаббатына батып сөз айта алмай арманда кеткен жігіт, ата-анасының еш бітпейтін ұрыс-керісінен шаршаған бала туралы хикаялары оқырманды бей-жай қалдырмайды.   

Кітап жеңіл тілмен жазылған, тез оқылады.  

«Жалпы Ақерке материалдық қиындық деген не екенін білмей өсті. Кішкентай кезімізде сабақтан қайтқан сайын теледидардан көріп сілекейіміз шұбыратын «Альбени», «Сникерс» деген шоколадтарды алып жейді. Оған ақшасы жетеді. Ал менде артық ақша жоқ. Анам берген 15 теңге үзілісте буфеттен бір бәліш, бір стақан компот алуға ғана жетеді. Осыны білетін Ақерке қайтарда тек өзін емес, мені де ойлап, жейтін нәрселер алып береді. «Керек емес» деймін азарда-безер болып. Ақерке қоймайды. Ақыры көнемін. Екеуміз «Бомба» деген балмұздақ жеп, ананы-мынаны айтып көңілді қайтамыз. Бірақ, өзгенің қуанышын көре алмайтын іші тарлар болады екен. Сыныптағы қыздар мені сыртымнан «паразит» деп айта бастады. «Ақеркемен байлығына бола араласып жүр. Өзінде көк тиын жоқ. Ақеркенің арқасында адам болып жүр» деген сөздер таратты. Әрине, бұл сөздер Ақерке екеуміздің достығымызға сызат түсуіне әжептеуір үлесін қосты. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, менмен Айсұлу, кербез Анельялармен араласамын деп Ақерке де соларға ұқсап барады. Бұрынғы кішіпейіл құрбым жоқ. Мені көрсе көрмегенсіп жанымнан өте шығады. Кейде «қалайсың» дегендей бас изейді. Бірақ тек көңілі түскен кезде ғана. Таң қаламын. Мен бұрын Ақеркемен жақын құрбы болдым ба? Сенгім келмейді. Қазір екеуміз мүлдем екі бөлек адам, екі бөлек әлембіз» деген үзінділер арқылы кедей қыздың құрбыларымен қарым-қатынасын, ой-өрісінің кеңдігін байқауға болады. 

«Біздің мектепте оқушылар ішкі ереже бойынша аптаның 5 күні форма киіп келеді. Кәдімгі ақ көйлек, қара пиджак. Бұл кезде бәріміз бірдейміз. Ал сенбі күні еркін киінуге рұқсат берілген. Сенсеңіздер, менің ең жек көретін күнім – сенбі. Осы күні бақуатты отбасының балалары сән-салтанатпен киінеді. Жағдайы төмендер үстеріне ескі-құсқы шүберек іліп, көрінгеннен именіп жүреді. Мектеп көзіме құдды білім ошағы емес, Париждегі сән подиумы секілді елестейді. Мектеп фойесінде «модельдер» жиналып алады. Дәлізде ары-бері еденді тық-тық етіп тарсылдатып жүреді. Бұл тарсыл басымды шағады. 

Жарайды, кедей екенмін. Ендеше неге ең болмаса көрікті емеспін? Ертегілерде бай қызы ұсқынсыз, ал кедей қызы сұлу болады ғой. Ия, бұл ертегіде екен ғой. Ал өмірде.... Өмірде бәрі басқаша. Түрге жарымадым. Және тым арықпын. Ұлдар мен «тақтай» деп келеке ететіні бар кейде. «Қойыңдаршы» деймін жылауға сәл қалып. Адам дүниеге қандай болып келетінін таңдамайды ғой. 

Қыста аздап ағарып, бір-екі келі салмақ қосып реңім кіріп қалады. Бірақ, қалай көктем шығады, азып-тозып, қарайып кетем. Сонда қатты күйінемін. Неге қара қыз боп тудым?! Жалпы жігітке қара болған қиындық тудырмайды, ал бізге өте қиын. Қара қыздарда комплекс көп. Параллель сыныпта мен секілді қара қыз бар. Ол да қаралығынан қысылады. Сол себепті қатты боянады. Бірақ, бояу оның реңін ашып тұрған жоқ. Мойын жағы қап-қара, ал беті аппақ. Көзге бірден білінеді. Бетін ұнға батырып шыққандай көрінеді екен. Осыған қарап, бізге, қара қыздарға бояну онша нәтиже бермейтінін түсіндім. 

Биыл мен 11 сынып оқушысымын. Мектеп бітіремін. Осы сөз мені ерекше қанаттандырады. Мектеп бітірсем болды, мына ұйықтан шығатын секілдімін. Шаршадым. Мектепке барғым келмейді. Ондағы мақтаншақтарды жек көремін». Жас жазушы кедей қыздың ішкі мұңын осылайша жеткізеді. Бұл үзінді оқырманға ой салмай қоймайды. 

«Жер лайсаң. Әд қадамымды санаумен әзер келемін. Тез жүрсем үсті-басыма балшық шашырайды. Күздігүні киім жуу бір азап. Туфлимен жүре бермей, бәтеңке алу керек еді. Жаңбыр сіркіреп тұр. Тамшылары тым майда. Бетімді әлсіз ғана бүркіп жатыр. Жол жиегіндегі қу ағаштар желмен шайқала бастады» деген жері әсте бір көз алдыңда өтіп жатқан. Туындыны тірілте түсетін үзінді. Табиғатты тамаша сипаттаған. 

«Бір күні анам газда тұрған қазаннан екі ожау сорпаны банкаға құйып: 

– Әкеңе апарып бер, – деп еді. Мен банканы сөмкеме салып көшеге шықтым. Ол кезде қыркүйек айының бел ортасы. Жаз лебі әлі қайтпаған. Кешкі самал тәніме майдай жағып, жаным жадырап келе жатты. Емхана біздің үйден алыс емес. Екі-үш көше ғана ары. 10-15 минутта жетіп бардым. Қақпаны ашып аулаға кіріп едім, айқайлап жатқан дауыс естілді. 

– Оңбайсың сен, Есет. Бәлкім сенің орныңа мен күзететін шығармын, – деп Асқар ағай әкемнің жет-жебіріне жетіп жатыр екен. Мен емханада алдында өсіп тұрған жуан шыршаның артына жасырындым. Оның әкеме айтқан әрбір ауыр сөзі жүрегіме кірш-кірш етіп қадалды. Әкемді аяп кеттім. Асқар ағай әкемді әбден басынып бітті. Қашан көрсем әр ісінен ілік іздеп тиіседі де жатады. Тіпті кейде боғауыз сөздер айтатыны бар. Асқар ағайды жек көремін!

Ол әкемді балағаттап-балағаттап кетті. Аулада басы салбырап тұрған әкемді ұялтқым келмей ақырын ғана көшеге шығып кетіп, 10 минуттан кейін қайтып айналып келдім. Бұл кезде әкем өзіне келіпті. Банка ұстаған мені көріп: 

– Кел, қызым, – деді көңілді үнмен. Бірақ, сонда да даусында жарықшақ бар. Даусы сәл дірілдеп шықты. Жүрегімнің бір жібі үзіліп түскендей болды. 

– Әке, – дедім. 

– Ау? 

Банканы ашып жатқан әкемді құшақтап алдым. Бұрын нардай биік сияқты еді, шөгіп қалған ба, қалай? Қатты қысып едім, қолым сүйектеріне тиді. Әбден азыпты.  

– Әке, мен сізді жақсы көрем.

Әкем үндемеді. Банканы ашып, ішіндегі тамақты кесесіне құйды.  

Соңғы кездері анам көп ауыратын болды. Жұмысқа шығуы қиындай бастады. Орнына мен шығатын болдым. Күн сайын кешке анам істейтін редакцияға барып, есік-терезе, еденді айнадай етіп жуып, тазалап кетемін».

«Абылайхан кішкентай кедей қызының тұрмыстағы ауыртпалықтарын осылайша сипаттағанда жүрекпен сезінбеу, кейіпкердің жан жарасын түсінбеу мүмкін емес. Жас болса да әкесін ұялтпау үшін ағаштың артына жасырынған қыздың ақылдылығы айтпаса да түсінікті. 

«Мен бұрын үлкен корпорацияда жұмыс істесем деп армандаушы едім. Қазір сондай корпорациядамын. Аудармашымын. Негізі, жұмыс қиын. Бірақ, мен үшін емес. Білімді мыңды жығады деген рас екен. 

Істеген жұмыс көлеміне қарай жалақы аламын. Жалақымның өзімнен артылғанын Қарағандыда оқитын інілеріме жіберемін. Одан қалғанын үйге жіберсем: «Әкең екеумізге ештеңе керек емес. Одан да өзің жинай бер ақшаны. Жасауыңды түгелдерсің» деп өзіме қайтарып береді. Жасым 25-ке келсе тұрмысқа шықпай жүргеніме алаңдайды.

...Шымшаһарға бірер сағатта жеттім. Ұшақпен. Бұрын ұшаққа міну деген мүмкін еместей көрінетін. Қателесіппін. Бәрі мүмкін екен. 

88 баллмен грантқа түсе алмадым. Ақылы бөлімнен басқа таңдау болмады. Ата-анам мені іргедегі Шымшаһарға «Аударма ісіне» оқуға түсірді. Мұнда жылына 300 мың теңге төлеу керек екен. Олар бұл ақшаны тауып берді. Сол кезде бір жылап алдым. Егер Алматыға грантқа түскенде студенттік дәуренді қызықты өткіземін деп ізденбей қалар ма едім?! Облыс орталығында оқығаным дұрыс болды. Өйткені, мен мұнда өзімді қамшыладым.

...Жұмыс бабымен Қазақстанды ғана емес, шет елдерді де араладым. Теледидардан күндіз-түні көрсетілетін Еуропаны, Америка Құрама Штаттарын өз көзіммен көрдім. Жасөспірім шақта арманыма айналған Оңтүстік Кореяға да бардым. Мұнда көңілді топпен бірге біз «Ва банктегі» Ким Инаны сомдаған Ли Бен Хонды кездестірдік. Оны тірідей көргенде көз алмай қарап қалыппын. Тіпті болмаса жерге қақ шекемен құлай жаздадым. Қасымдағы біреу қолымнан ұстап қалды. 

Біз одан жамырай қолтаңба алып, бірге суретке түстік.

Алға қойған арман-мақсаттарыма жай-жаймен жетудемін. Мейірім апай да айтып еді: «Армандаудан қорықпа. Оған ешқашан жете алмаймын деп ойлама. Ешкімді тыңдама. Үнсіз ғана арманыңа қарай жылжы. Тек, тоқтама. Тоқтасаң, арманың да тоқтайды» деп». Бұл шығарманың соңғы жағы. Абылайханның туындысын таусып болғанша кедей қызымен бірге күлесің, жылайсың, көңілденесің, жабырқайсың. Бастысы, кедей қызымен бірге армандардың орындалатындығына, бәіне төзімділікпен қарап, білім мен еңбекке ұмтылу керектігіне сенесің. Жас жазушы осыған сендіре білді. Алдағы уақытта да оқырмандарына ой салатын шығармалары көп болса екен деген тілек қосамыз. 

Балалар әдебиеті – қазақ ауыз әдебиетінен бастау алады
Фантастика жанрының жампозы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу