Балалар әдебиеті дамымай, қазақ әдебиеті дамымайды
Әдебиеттің елеулі саласының бірі – балалар әдебиеті. Халқымызда ежелден-ақ балалар әдебиетінің фольклорлық үлгісі өте бай болған. Ертегілер, мысалдар, жаңылтпаштар тағы да басқа түрлі балалардың қызығушылығын оятатын шығармалар көп. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннен бастап бүгінгі күнге дейін балалар әдебиетімен айналысатын ақын-жазушылар жетерлік.
Еліміздің кез-келген кітапханасында балаларға қызмет көрсететін арнайы бөлімдер бар. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық балалар залында да бүлдіршіндерге арналып жазылған туындылар көптеп кездеседі. Осы бөлімнің меңгерушісі Оңай Мырзағалиева: «Кітапханамызда балалар әдебиетіне көп еңбек сіңіріп жүрген тұлғалардың туындылары бар. Мысалы, қазіргі замандағы жазушыларға тоқталатын болсақ, Баянғали Әлімжанов, Зая Жұманова, Марат Қабанбай, орыс тілінде жазатын Дария Жұмагелдіқызы,Ұларбек Нұрғалымның авторлық кітаптары мекемедегі құнды кітаптар тізімінде тұр. Аталған авторлардың кітаптарына сұраныс та жоғары. Жалпы, баланың кітапқа деген қызығушылығын ояту үшін түрлі жұмыстар атқарамыз. Олардың назарын аударту оңай емес. Кітапты алдымен өзіміз оқып береміз. Оқып жатқан кезде дауыс ырғағына, интонацияға, қимыл-қозғалысқа дейін мән береміз. Баланың кітапқа, шығармаға назарын аударту үшін мұның бәрі өте маңызды» дейді.
Ал белгілі қаламгер Толымбек Әбдірайымов баланы кітапқа қызықтыру үшін, ең алдымен, жазушы талантты болуы керектігін айтты. Бұл туралы: «Бір орыс жазушысы Максим Горькийге келіп, «мен жазуды бастағаныма көп болды. Менің шығармаларымның барлығы ересектерге арналған. Балаларға арналған шығарманы қалай жазуға болады?» деп сұрайды, сонда Максим Горький «балаларға арнап шығарма жазудың арнайы сабағы жоқ. Қазір үлкендерге жазып жүр екенсіз. Енді осыдан жақсырақ жазсаңыз балалар жазушысы боласыз» деген екен. Бұдан шығатын қорытынды, балаларға арналған шығарманы жазу ересектерге арналған туындыға қарағанда қиынырақ. Сондықтан, баланы қызықтыру үшін, жазушының таланты болу керек» дейді.
Балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген жазушы Ұларбек Нұрғалым өзінің «Ілияс пен Заңғардың планшеті» деген кітабын заманауи тілде жазған. Себебін сұрағанымызда жазушы: «Қазіргі қала балаларына бұрынғы ертегілерді айта берсек жалықтырып алуымыз мүмкін. Себебі, жылқы көрмеген қала баласына Шалқұйрықты айтсаң, оған құбыжық елестеуі мүмкін. Әрине, бұрынғы ертегілер қазақ әдебиетіне, балалар әдебиетіне өте керек. Дегенмен, қазіргі қала балаларына өздеріінің кеңістігінде көріп жүрген кейіпкерлерді айтқан қызығырақ болады. Өздерінің ойындағы, миындағы, көріп жүрген нәрселері арқылы оларды жақсылыққа жетелеуіміз керек» дейді. Қорыта айтқанда, қаламгерлер балалар әдебиеті дамымай қазақ әдебиеті дамымайды деген пікірді алға тартады. Алда игі істер атқарылып, еліміздің болашағы болар балаларға арналған сапалы туындылар жарық көре береді деген үміттеміз.
А.Рысбекқызы