Сатира әлемінің саңлағы

Oinet.kz 24-10-2023 177

Сан түрлі саланың әрқайсының сирек мамандары болады, әдебиетте де дәл солай. Онда сатириктер аз. Оған табиғи икем ғана емес, шеберлік, батылдық керек. Қоғамдағы келеңсіз көріністер мен адам бойындағы жағымсыз әдеттерді сынап-мінеп, әжуалай отырып кемшіліктен арылтуды көздейтін сатира жанрының жауынгерлері халыққа қашанда сүйкімді. 

Screenshot_25.jpg

Сондай сатириктің бірі – Мұхтар Шерім. Ол - қазақ сатирасындағы танымал тұлғалардың бірі. Оқырман оның әдемі әзіл, уытты әжуә, өткір қалжыңмен шымшылайтын шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Көңілді күлкісін көмкеретін сатира снайперінің тілі семсер. Қаламы қуатты. Қай кезде де әзіл-сықақтың сағын сындырмайды. Сенбесеңіз, оынң еңбектерімен таныс болыңыз.

(«Шаншардың» әртісі Жүсіп Ақшораев орындаған.)

Өтірік айтсам, өліп кетейін, екінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, немістердің көзіне көк шыбын үймелету үшін көк есегімді ерттеп алып, алпыс күн жүріп, әрең жеткенім бар. Есегімнің екі бүйірінде дорба толы гранат, бірақ мен оны қауындар ішіне тығып қойған болатынмын. Түк көрмеген пәшестерге сатып, олар ортаға алып, енді жей бергенде жарылыс болып, күл–талқандары шығатын. 

Өтірік айтсам, өліп кетейін, ол кезде қару–жарақ аз еді ғой, дамбалымның резеңкесін сурып алып, рогатке жасап, талай немісті жер жастандырғанымды біреу біліп, біреу білмейді. Өтірік айтсам, өліп кетейін, мен танкист болып та көрдім, қазіргі таксистен танкист болу өте оңай, бірақ, бір күні танкім батпаққа тығылып қалды. Сосын немістерге айқай салдым: «Әй, адам емес хаюандар! Танкімнің артынан итеріп жіберсеңдерші!»– деп едім, бәрі жабылып, танкімді батпақтан шығарып берді. Рахметімді айтып, бәрін атып тастадым. Е, несін айтайын, талай немісті қуалап жүріп, қытықтап өлтіргенім бар. Бір генералын ұстап алып, алақанын сұқ саусағыммен сызғыладым: «Қуыр, қуыр, қуырмаш, тауықтарға бидай шаш! Мына жерде қара нан, мына жерде макоран, мына жерде пісте май, мына жерде қымыз, қымыран! Қытық, қытық!– деп, қытықтай жөнеліп едім, аузы басы қисайып, сеспей қатты. 

Өтірік айтсам, өліп кетейін, 1943 жылы қыс суық болды ғой! Ұшқан оқтың өзі орта жолда мұз болып, қатып қалып жатты. Бір күні уралай жөнеліп, немістер жаққа өтіп кетіппін. Пәшес генералы ұстап алып: «Әй, соғыс кезінде ішіп алғаның қалай? Кәмәндіріңе айтайын ба?»– деп қорқытып еді, «Каспий банкте танысым бар, кредит алып берейін бе?» деп едім, жібере салды–ей! Өтірік айтсам, өліп кетейін, ол кезде тәртіп күшті еді. Генералдар айқай салатын:

– Атыса бермеңдер деймін! Сағат бірден асып кетті, обед, обед!

Сол екен, екі жақ кафелер іздеп кететін. Ия, өтірік айтып қайтейін, любой соғыс таңертең таңғы 9.00-де басталып, кешкі 18.00–де аяқталатын. Екінші сменде атысу деген жоқ. Сенбі, жексенбі күндері демалатынбыз. Қазіргідей күнде той емес, демалыс күндері ғана тойханаларда той өтетін. «Гутен тах!» деген тойханада неміс жастарының үйлену тойын басқарып, тамада болғаным да бар. Немісше жарытпаймын ғой, сөз берген сайын: «Айн, свайн, драйн, енді кімді ұрайын?» деймін де, кезекпен сөз бере саламын. Олар қазақтар сияқты көп сөйлемейді де. Сөйтіп қырғын ақша таптым ғой! Берлинге барып, неміс қыздарға қырындайтынбыз, түнгі клубтардан шықпайтын едік. Өтірік айтсам, өліп кетейін, немістің Анна деген қызына өлердей ғашық болып, ауылға танкімен алып қашқанмын. Гитлердің өзі келіп, банкіге ақша тастады ғой! Келіннің бетін Гимлер ашты. Сөйтіп, Гитлерге күйеубала болып қайтқан едім. Өтірік айтсам, өліп кетейін!

****

Әруақтардың бәрі жаппай митингі жасап жатыр, бізбен жүр!» –деді. Ақындарды аты–жөндерімен мазақтағыш «сатирик» Шаханов үшін ұялып, олардан әрең құтылдым.

Бір күні жоғалып кеттім. Өзімді іздемеген жерім жоқ. Мен жоғалайын деп жоғалған жоқпын. Мені таныс төрт жігіт алдап алып шығып, айдалаға апарып, тепкілеп өлтірді.  Не үшін өлтіргендерін де білмеймін, білетінім, денеме қимастықпен қарап тұрдым да, «Жарайды, тастай салайыншы, бәрібір көтеріп жүре алмаймын ғой?» дедім де, аспанға ұшып кеттім. Ұшып кеткен менің жаным еді...

Қалықтайтын қанатым жоқ, тек қолдарымды жайып жіберіп, қанаты бардай қақсам болды, ұша жөнелемін. Бір ұшып жүрген сызбамын. Әйтеуір, бүктеліп, иіле де беремін, ыржиып күле де беремін, тек даусым жоқ. Әуені өшіп қалып, ауыздарын жыбырлатып, халықты алдап жүрген әншілер сияқтымын ба? Өзгелерге көрінбейтін, өзгелер өзіме көрінетін суретпін бе? Содан, Мұқағалидың, Мұхтар Әуезовтің баяғы-ы-ы жандары  ұшып келіп, менімен танысып жатты. «Анау жер бетіндегі Шаханов кейінгі кезде кері кетті, бізді қаралап, туыстарымыздың жүректерін жаралап,  болар емес. Онысы несі? Әруақтардың бәрі жаппай митингі жасап жатыр, бізбен жүр!» –деді. Ақындарды аты–жөндерімен мазақтағыш «сатирик» Шаханов үшін ұялып, олардан әрең құтылдым.

Содан дереу менің басымнан аямай, аса қатыгездікпен тепкен төрт жігіттің бас атаманын іздесем, кафеде  бір қызбен құшақтасып отыр екен. Қасына ұшып келіп, басына бір тептім. Ол селт етпеді. Өйткені, менің тепкенім  басын сипаған құрлы да әсер етпеді. Оңбағанның отырысын қарашы? Әкесі прокурор, істі жаба салды ғой, «өзенге өз еркімен ағып өлдімен». Артымда аңырап анам, ботадай боздап балаларым, жылап–сықтап әйелімнің  қалғаны қаперіне де кірмейді!

Өзі масаң, аңқау қызды құшақтап отырған  қанішердің мойнына отырып алдым, аяғымды салбыратып. Желкесі қышыды ғой деймін, мойнын қасыды.  «Кока кола» ішкісі келіп, аузына стақанды апара беріп еді, шырт түкіріп жібердім. Жиіркенбей ішіп қойды.  Содан жігіт қызды таксимен пәтеріне алып келді. Екеуі түк көрмегендей жабыса кетіп, бір-біріне қарасты ма, жарты сағат жаласты ма... Мен оның бетіне шертіп ойнадым. Бетін сипалап қояды. Бір кезде ол қызды қуалай бастады. Шамасы, зорламақ болды ғой деймін, қыз қашып, келесі бөлмеге кіріп кетті.  «Ей, оңбаған! Сен сияқты байлықтың буына мас болғандар жер бетінде әлі тайраңдап жүр! Құдай жазаларыңды береді әлі!» деп қанша айқайласам да, жігіт таскерең ғой деймін, естімейді.   Мен жан ұшыра айқайлап, төбедегі люстраны қозғадым.  Люстра үзіліп кетіп,  көк соққанның басына түсті.  Біраз талтайып, талып жатты да, атып тұрып, қызды іздей бастады. Бұл кезде  қорыққан қыз балконнан секірейін, секірейін деп тұрған еді. Қасында тұрып: «Секірме қарындас, секірме! Бесінші қабат қой, жерге былш ете қаласың! Фарш боласың!» деп айтсам, естімейді. Жылап тұр. Анау балконға шығар есікті ашып қалғанда, қыз секіріп кетті! Бітті! Ұшып барып, арқамды тостым, сызбам жыртылып кете береді.  Қолынан ұстап, жоғары ұштым, қолым жыртылып кете береді. Қайран, қара көзім! Қор болдың–ау? Он екі де, бір роза гүлің ашылмай, о дүниеге аттанатын болдың–ау!?» деп жаным ашып кетті тегі. Бір кезде былш ете қалды. Бітті. Талай қыздар осылай  секіріп кетіп, бақилық болып жатыр ғой! Жылап еңіреп, қасына келсем, қыз есін жиып, қолдарын қимылдатып жатыр екен. Тірі! Сөйтсем, бір алқаш жігіт жерде  шалқасынан түсіп жатқан, қыз соның үстіне түсіпті! Алқаш алты минөттен кейін жан тапсырды. Жаны  өзінен ұшып шығып,  менімен қатарласа ұшты да: «Сәлеметсіз бе? Мен «свежий» өліктің жанымын»,–деді. Онымен қоймай,  «Жүз грамыңыз бар ма?» – деп қыр соңымнан қалмады. Оны адастырып, прокурор баласының пәтеріне оймақтай тесіктен кірсем, ол етпетінен түсіп жатыр! Қыз  төмен құлағын соң, мастығы жазылып кетіп,  «Бітті, сотталатын болдым!» деп ойласа керек, жүрегі жарылып кетіпті, жыртық–жыртық болып... Бір кезде «Кешірші мені..» деп сыбырлады біреу. Қарасам, бұрышта бүрісіп, өлген жігіттің жаны отыр! Жұдырығымды түйіп, тұра ұмтылдым. Қуып келемін, ұшып келемін, менімен қатарласып, қазақтың аса дарынды ақыны Мұқағалидың жаны да  желмен жарыса жөнелді. «Шахановқа қалай жолығамын?» деп сұрап қоймайды. «Шаханов шайтан емес, оның да жаны бір кездері  ұшып келер..» дедім мен. Ее, адамдар–ай, адамдар, жарық дүниенің қадірін білмейсіңдер–ау, қайтейін...

****

Рахаттанып күлген қандай керемет! Күлген жақсы, күлкінің адам денсаулығына пайдасы көп екенін білген жақсы... Бірақ қытықтап күлдіргеннен гөрі риясыз, шын пейіліңізбен, шын ниетіңізбен, ақ жарқын күлгенге не жетсін! Біреу сізді күлдіріп жатса, ауызды ашып күлесіз бе, жоқ әлде ауызды алақанмен басып күлесіз бе, бұл сіздің ықтиярыңызда. Күлкіде кеден бекеті болмайды. Американсыз ба, ағылшынсыз ба, жоқ әлде қытайсыз ба, түріксіз бе, бәрібір, күлдірушінің қимыл әрекетін түсіне қалсаңыз, әуелі жымиып салып, сосын ой бір рахаттанып күлесіз. Солай ғой? Бірақ күлкінің бәрі адамдарға ой сала бермейді. Бос қылжақ, жеңіл күлкі, анайы, жабайы әзілдер адам жанын жабырқатып, көңілді көлеңкеге сүйрейді. Сондықтан ғой, бүгінде күлкі арзандап, оның билеті қымбаттап кетті... Теледидардың түймесін басып қалсаң күлкі, бірақ көңілге түрпі... Киелі Түркістанда өтетін халықаралық «Күлкі жәрмеңкесінің» дүбірі естілгеннен, осындай ойлар мазалай бастаған еді. Қателесіппін. Менің мазасыздана-тынымдай бар. «Күлкі жәрмеңкесі» деген сөз мен үшін өте ыстық, мен үшін қасиетті. Сіздерге «шәй ішіп отырып», шынымды айтайын, 1986 жылы көктемде күлкінің көжесін ішкім келіп, «әпитетім» ашылып кетті. Облыста тұңғыш әзіл-оспақ театрын ашпақ болдым. Бірақ қалай? Бір иіс келді. Күлкінің иісі... Иіскедім де, атын «Күлкі жәрмеңкесі» деп атадым. Күлкінің базарында, жәрмеңкесінде жүргендей күй кештім. Ол кезде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын–сықақ бөлімін жүргіземін. Құстай ұшып, облыстық пария комитетінде нұсқаушы қызметін атқарып жүрген Байдулла Қонысбеков ағама жетейін. «Осылай да осылай, бір күліп алыңыз шошымай. «Күлкі жәрмеңкесіне» көмектесіңіз!» дедім. Байдулла ағамыз аңқылдап күліп алды да, облыстық мәдениет басқармасына жұмсады. Сол күннен бастап, мәдениет басқармасы басшыларының пәрменімен күлкі күніне дайындық басталып кетті. Ғажап! Күлкінің құдыреті үшін, сатираға ғашық болғаным үшін осылай тегін жұмыстар атқара бастадым. Мәдениет басқармасының бастығы Тәліп Әлжанав та әдемі күледі екен. Күлкіні жақсы көретін болып шықты. Ал, Халық шығармашылығы орталығының бұрынғы бастығы, марқұм Құрекең, Құрбан Мәмеков те күлкінің түбін түсіретін, күлкіден ыстық күлше пісіретін болып шықты. «Күлкі жәрмеңкесі» атты кітапшалар шығардық. Қуанышымда шек жоқ, езуім құлағымның түбіне байланып қалған... 1 сәуір – күлкі күні Шымкенттегі бұрынғы «Машина жасаушылар» мәдениет сарайында (қазір опера және балет театры) «Күлкі жәрмеңкесінің» тұсауы кесілді! Көрермен күлкінің қымызын рахаттана ішіп, ой бір серпіліп қалды! Ақиық айтыс ақыны Әселхан Қалыбекова жырдан шашу шашып, сәт сапар тіледі. Күлкі сыңғыры келер жылы Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрында жалғасын тапты. Қазығұрт аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері, «Балкон» фильмінде пошташы ролін сомдаушы, талантты актер, марқұм Тілеу Аханбаев бастаған әзілкештер «Күлкі жәрмеңкесінің» көрігін қыздырған еді. Тарихсыз, өткенсіз бүгін жоқ. «Түрксой» халықаралық ұйымы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасына қарасты сатира және әзіл-сықақ театрының ұйымдастыруымен 7 сәуір күні Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түкістан қаласында халықаралық «Күлкі жәрмеңкесі» дүркіреп өтіп, күлкінің «бомбасы» жарылғанда, оңтүстік күлкісінің өткен тарихы еріксіз еске оралған еді... Дәстүрлі өтіп келе жатқан «Күлкі жәрмеңкесінің» биылғы күлкісі қандай деген сұрақ санамызды сығалағаны рас. Кішкентайлар тілімен: «Нанға жаққан майдай!» деп құрғақ айта салғым келмей тұр. Биылғы күлкінің күбірі қасымыздан, дүбірі алыстан естілді. Қасымыздан– дейтініміз, облысымыздың маңдайына біткен бірегей сатира және әзіл-сықақ театрының директоры Қайрат Қарғабаев, орынбасары Марат Оразымбетов, режиссер Мақсат Айтжанов, халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділханов пен орынбасары Берік Жорабеков, «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтар әуелі күбір-күбір, сыбыр-сыбыр сөйлесіп, ақылдасып алды да, ойларын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжановқа салды. Дүбірі алыстан естіліп жатты дегенім–Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Қытай жақтан «Қытық, қытық, қытық»» деген дауыстар шығып, әлем әзілдері естіліп жатты. Осы елдердің әзілкештері «Күлкі жәрмеңкесіне» қатысып, көрерменге күлкі шашуын сыйлады. Басында ойлаған едім, түркі тілдес елдердің әзілкештері сахналық қойылымдарды қай тілде орындайды? Олардың тілін түсіне аламыз ба? Күлкі кешіне режиссерлік еткен сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасы, белгілі әзілкеш әртіс Уәлибек Әбдірайымов қонақтарды қазақша сайратты. Олар қазақ тілін бір кісідей, қазақ лүпілін мың кісідей білетін болып шықты. Тілдерінің ұшында сәл–пәл «акцент» бар демесеңіз, «ойпырмай, қазір қайтер екен?» деп уайым жемесеңіз, бәрі –бәрі заманауй, ағылшын тілімен айтсақ: «Окей» болды. Сахна шымылдығы ашылғаннан, түркі тілдес халықтар достығының, олардын ынтымақ, бірлігінің, біздің поликонфессиялық сасатымыздың лебі есіп тұрды. Түркия әзілкеші, режиссер, әртіс Айдемир Гултекин өзіміздің қара домалақ баламыз іспетті. «Өзіміздің» деп өрік пен мейіз жеп жатқанымыз: ол Түркістандағы Ясауй университетінде оқып, тіпті осында еңбек еткен екен. Сахнадан тыс сөйлескенімізде: «Қазақстан жері, оның ішінде түркі тілдес елдердің рухани астанасы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласы мен үшін ерекше, оқуды тәмамдап, еліме кетерде көз жасымды бір сығып алдым, осында жұмыс сапармен келген сайын көңіл шіркіннің «гәйкілері» босап кетіп, тағы да жылап аламын!» дейді. Қуаныштан, сағынғаннан жылайды да... Әйтпесе адам деген бекеден-бекер «тегін» жыламайды ғой? Айдемир әзілдері шымыр, айтар ойы салмақты. Түрік сатирасының, әлемнің классигі Әзиз Несин әзілдерінің исі аңқиды. Көз алдымызға Әзизді елестеттік. Ал, Өзбекстан атынан келген, сол елге жиі қатынап, өз өнерін паш етіп жүретін, бүгінде Сайрамдағы өзбек театрының труппа жетекшсі Улыгбек Насыров мырза әзілдің әрін, сатираның сәнін келтіреді екен. «Өзбекстанда «Неге ажырастық?» деген мұңлы ән бар, тойларда сол әнге былай билеп жатады: «Жаным, неге ажырастық? Ажыраспайықшы, жаныыым?» . Ән мұңлы, билері көңілді, ал тойларда билеген ерлі– зайыпты құдалар «Неге ажырастық? «деп бір-бірінен сұрап жатқандай!» деп әзіл құмалақтарын шашып жібергенде, көрермен күлкінің тиегін ағытты. Өзбекстен мен Қазақстандағы МАЙ инспекторлары туралы сатирасы ішек-сілемізді қатырды. Айта кеткен жөн, Сайрам ауданындағы өзбек театрының бір топ әртістері орындаған «Сайрамда базар бар, сонда барайық!» деп келетін әзіл әндері де тымырайып отырғандардың өзіне шаттық сыйлады. (Күлмейтін бастықтар да бар ғой...) Ой, айтпақшы, Әзербайжан елі атынан әзіл орындаған Махамед Әлиевті ұмытып кетпейін! Махамедті бұрыннан танимын, керемет әнші. Кезінде өзім ұйымдастырған «Күлейікші Мұхтар!» әзіл–оспақ театрымен талай елді–мекендерді бірге аралаған едік. Әнші ретінде білетінмін. Сөйтсем, менің Махамедім де әзілкеш екен. Әзілдері тастай, тегеурінді, нысанасын «тіліп» түсіп отырды. Өмірдің өзі анекдот демекші, осы жолы мынадай қызық оқиға болыпты. Түркістан ауданының әкімі әзілкештермен танысып, рахметін айтып жатпайды ма? Кезек менің Махамедіме келгенде, әкім құлағына сыбырлап: «Әзербайжан елінен қош келдіңіз! Мен Бакуде «служить» еткен едім!» депті. Ал, менің Махамедім Шымкент төңірегіндегі «Қайтпас» елді мекенінде тұрады, жұмған аузын ашпаған ғой. Тек ішінен: «Кешіріңіз, мен... Мен Қайтпаста тұрамын!» депті. Міне, өмірдің өзі тұнған күлкі! Әзірбайжан елінен арнайы әзілкештер келмесе де, олардың орнын жоқтатпаған менің Махамедіме қол соғып қойыңыздаршы! Ал, Қарақалпақстаннан келген әзілкештердің орны бір төбе. Бердақ атындағы мемлекеттік музыкалы акедемиялық театрының әртістері Құрбанбай Календаров, Марқабай Үсенов, Сағынбай Айымбетовтер сахнаға шыға келгенде, күлкі кептерлері пыр–пырлап ұша жөнелгендей болды. Түрлерінің өзі қызық, әзілге «Әпше!», күлкіге «Көке!» деп тұрғандай... Сомдаған кейіпкерлерін Құдай қос қолдап ұрғандай... Қазаққа ұқсаған қарақалпақ бауырларымыз! Сахнада образдарының ішіне кіріп, қайтып шықпай қалады екен! Ойындары «ойпырмай!» дегізетіндей! Әзілдері «Күлкі салатынан» жегізетіндей... «Уәлиге рахмет, бізді елеп шақырғанда, қуанғанымыздан құлап қалдық!» деп әзілдеп қояды өздері. Айыр қалпақ қырғыз бауырларымыз Әбду Кадирматов пен Жиде Мұратқызы да Бішкек әзілдерін алдымызға тартты. Қырғызстаннан арнайы келген әзілкештер әзілдің түбін түсіреді екен. Бүгінгі күн тақырыбына арналған әзілдерін көрермен қауым жылы қабылдап, риясыз шапалақ ұрып отырды. Жаса, қырғыз әзілкештері! Қытай халық республикасынан әзілдерін әзірлеп, сатираларын сайлай келген Жеңісхан Жайдар, Манат Жанат, Смағұл Дөлебай, Өркен Нұрғазы, Ілесбек Серік күлкінің күбісін қанша піскенімен, қойылымдары сәл-пәл солғындау шықты. Алайда, күлкі шашуларының арасында «сәл–пәлдері» білінбей де қалды. Сондай–ақ, , «Шаншар», «Шымкент шоу», «Нысана», «Алдараспан», ОҚО сатира және әзіл–сықақ театрының майталман әртістері сахнаға шыққаннан көрермен қошеметіне бөленді. «Алдараспанның» « күлкі снайпері «Тука»– Нұржан Төлендиев көрермендерін күлдіріп, артынан жылатты. Ішкіштің ролін беріле орындады, әр сөзіне ду күліп отырған көрермен оған ду қол шапалақ сәлемдерін жолдап жатты. «Шымкент шоудың» Берігі де «біртүрлі» әзілдерімен күлкіге қарық қылды. «Шаншардың» Уәлибегі мен Жүсібіне сөз жоқ енді. «Нысананың» жігіттері де бір дорба күлкі ала келіпті. О, айтпақшы, «Күлкі жәрмеңкесі» басталар алдында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев мырза мен ОҚО мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ғалия Шарафиева ханым сөз сөйлеп, күлкі шымылдығын ашып бергенін ескере кетейін. Ғалия Шарафиеваның күлкі туралы ұстанымдары кісі қызығарлықтай екен, күлкі қайда болса, Ғалия сонда екенін, айтпай-ақ түсіне қойдым... Олардың соңын ала Уәлибек мені де сахна төріне шақырып, мәдениет басқармасы атынан оқалы шапан жауып, қала әкімі бағалы сыйлық тапсырғанда, төбем мәдениет сарайының төбесіне тақ ете қала жаздады! Бәрін айт та, бірін айт, осы жолы шынында күлкі термометрінің градусы, күлкі қызуы қырықтан асып жатты. Осының бәрі режиссерлер мен ұйымдастырушылардың ерен еңбегі дер едім. ОҚО сатира және әзіл–сықақ театрының директоры Қайрат Қарғабаев бір қарағанда салмақты, сабырлы жігіт ағасы. Бірақ күлкі дегенде көжесін төгіп алатындардың қатарында. Ертеректе, мәдениет басқармасында, халық шығармашылығы орталығында қарапайым қызметкер болып жүрген кезінен білемін, «Күлкі жәрмеңкесінің» ыстығы мен суығын бірге көрдік, бірге терледік, бірге өрледік. Марқұм Құрекеңнің жанынан табылып, тапсырмаларын тап-тұйнақтай орындайтын. Сол жылдары Қазығұрт ауданына жиі баратын едік. Жыл сайын. Күлкі күні қарсаңында аудан әзілкештері сонда жиналатын. Сөйтіп әзілкештердің қойылымдарын саралаушы едік. Облыс орталығында өтетін күлкі кешіне тек мықтыларын ғана санамалап жіберетінбіз. Бүгінде елімізге танымал әзілкеш әртістер Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораевтар осы «Күлкі жәрмеңкесі» арқылы танылды. Лауреаты атанды. Тіпті, екеуін Алматыға «Тамаша» телетеатрына ертіп апарып, республика деңгейінде көрінулеріне, «Шаншардың» дүниеге келуіне мұрындық болғанымды мақтан етемін. Жігіттер сұхбаттарында еске алып, көңілімді көтеріп-ақ тастайды. Белгілі сатирик Алпысбай Боранбаев, марқұм болып кеткен әртістер Нұрлы Ахметова, Тілеу Аханбаев, Елікбай Төлепов, Шәкира, шаяндық режиссер Асандар күлкі кештерінің «көзірлері» еді ғой! Аталмыш фестивальдің басты мақсаты – Түркі тілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, насихаттау, сатира саласындағы өнер шеберлерінің бір-бірімен қарым-қатынасын нығайту, іс-тәжірибе алмасу болып табылады. Олай болса, күлкіміз тиылмасын, езуілеріміз жиылмасын! Лайым, еліміз тыныш болып, күлкі туы желбірей берсін! 

А.Рысбекқызы

Шындықтың шырағданы
«Тілалшақ» – ащы кекесін, өткір сын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу