Мақсат Қарғабай. Қымбатшылық (әңгіме)

Oinet.kz 20-06-2019 1988

Screenshot_3.jpg

Нан қымбаттайды дегелі Арқабайдан маза кетті. Шиеттей алты бала. Бала біткеннің негізгі корегі нан ғой. Көзі ілініп ұйқыға кеткенше жейтіндері осы нан.Құмшекерді бетіне сеуіп жіберіп жегенде нанды бала жесін. Қайсыбір жылдары дүкен біткен қаңырап бос қалғанда бидай сатып алып, диірменге ұнғып тартып та күн көрдік ғой. Тәуекел!-дейді іштей. Өзімізде алды-артымызды ойламай дарақыланып кетіп едік. Қаралы үйдің дастарханы тойдың дастарханындай болды ғой. Әкесі не болмаса, анасы, ет жақыны қайтыс болып жатқанда қайғырып ет-бауыры езілудің орнына «ертең дастарханымызға күліп кетеді» деп жалған намысқа тырысып, құстың сүтінен басқаның бәрін қойғызып, әруақты құрметтеуді ұмытып кетіп жаттық. Енді міне қымбатшылық келді. 

Қазекең енді сәл-пәл тартынатын шығар дейсің, әй қайдам! Арқабай нан қымбаттағалы отбасының жағдайын, ертеңгі күнін ойлап көп-көрім қиналыңқырап қалды. Қолдағы барды үнемдемекке тырысты. Тіпті, электр жарығы үйде артық жағылып жатса да, балалармен алыса жүріп өшіріп, кейде жұбайымен болмашыға ренжісіп қалатынды шығарды. Тоқсаннан асқан анасының зейнетақысы әжетіне жарап тұрды. Қолдағы екі-үш майда малды да етсіреген бала-шағасына қимады. Қымбатшылық бүйірден қысып тұрғанда үнемдемесе болмас деген ой осылай санасынан кетпей қойды. Қараша айының ішінде Арқабайдың анасы қатты науқастанып бір-екі күн ауырды да қайтпас сапарға аттанды. 

Қымбатшылық болған соң жұбайы да Арқабайды анасының жөн-жоралғысын тартыншақтап  өткізер деп ойлаған. Ертең жұрт «қарашаңырақтағы баласы қара жерге қарап қалыпты» демесін деп қойды да сойды, ешкіні де сойды. Апта сайын қазан асып, көл-көсір азық-түлік жұмсалды. Ауылдастары да «мына байғұс шиеттей бала-шағамен күнін зорға көріп отыр ғой. Аман-есен қаралы рәсімдерін өткізіп алсын» деудің орнына, бірі уыстап кәмпитін, енді бірі нан-панын бір күндік ауқат,  дүние көріп қойны-қоныштарына, қалта-салталарына тыққыштап тасып жатты. Өкімет жарықтық та заң-законын білген соң шығарады ғой. 

Арқабай да анасының жылын өткізген соң, барлығынан қу тақыр болып, алаңсыз нанды кусоктап турап сататын режимге ілігіп кеткенін байқамай қалды. Қорасында тышқақ лағы жоқ Арқабай, электр жарығынсыз қалған, мұздай бөлмеде суықтан бүрісіп жатқан алты баласының үстін көрпемен қымтап «қымбатшылық» деген бәлені іштей қарғап-сілеумен болды. 

Пушкин жазған «Евгений Онегин» туралы қызықты деректер
Әлібек Шегебайдың елге сағынышы...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу