Бір бақыр бөкпен. Ағайынды Гриммдер (ертегі)

Oinet.kz 20-01-2020 666

image.png

Бір бақыр бөкпен

(ертегі)

Баяғыда бір кішкентай қыз болыпты.

Бір күні қыз жидек тере барғанда, бір кемпірге кездеседі.

— Аманбысың, қызым?—дейді кемпір.— Жидегіңнен берші.

— Мә, жеңіз, әже,— дейді қыз.

Жидекті жеп болған соң, кемпір:

Қарағым, «сыйға-сый, сыраға-бал» деген,сен маған жидегіңнен бердің, мен де саған

бірдеңе беруім керек,—дейді.—Мә, мына бақырды ал.

«Бір, екі, үш.

Бақыр, піс!»—десең-ақ, тәтті, дәмді бөкпен қайнап шыға келеді. Ал сонсоң:

«Бір, екі, үш.

Оттан түс!»—десең, қайнауын тоқтата қояды.

Қыз:

— Рақмет, әже,— дейді де, бақырды алып, үйіне, шешесіне келеді.

Бақырды көріп, шешесі қатты қуанады.

Қуанбағанда ше? Ол ешбір әуреленбей, тұяғы қимылдамай-ақ түске тәтті, дәмді бөкпен әзір тұратын болды.

Бір күні қызы бір жаққа кеткенде, шешесі бақырды алдына қойып: «Бір, екі, үш. Бақыр, піс!»—дейді.

Бақырда бөкпен қайнай жөнеледі. Көп бөкпен пісіп шығады. Қыздың шешесі тойғанынша жейді. Ал бақырда бөкпен қайнай береді. Қалай тоқтатпақшы? «Бір, екі, үш,

Оттан түс!» — деуі керек, бірақ мұны ұмытып қалыпты, қызы болса үйде жоқ. Бақырда бөкпен қайнай береді, қайнай береді. Бөлме іші бөкпенге лық толады, дәлізге, басқышқа қарай ағады, бүкіл көшені қаптап кетеді, ол қайнап шыға береді.

Шешей не істерін білмей, қорқып, қызын іздеп сыртқа жүгіріп шығады, бірақ көшеде буы бұрқырап ағып жатқан бөкпеннен өте алмай, аңтарылып қалады.

Абырой болғанда, қызы алысқа ұзап кетпепті. Көшедегі көл-көсір бөкпенді көре салып, үйіне қарай жүгірген екен. Әрең-әрең басқышқа шығып, есікті ашып:

«Бір, екі үш.

Оттан түс!» — деп айғай салады, бақыр бөк пен қайнатуын лезде тоқтата қояды.

Ал оның қайнатып тастаған бөкпенінің молдығы сонша — деревнядан қалаға аттанар жолаушы әуелі бөкпен толы жолды жеп, аршуы керек екен.

Алайда ол машақатқа ешкім де ренжімепті. Өйткені бөкпеннің дәмділігі мен тәттілігі сондай керемет болыпты.

Бұрқасын ханым. Ағайынды Гриммдер (ертегі)
Батыр тігінші. Ағайынды Гриммдер (ертегі)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу