Жүсіптің ақылы (Кенесары хан)

Oinet.kz 23-07-2020 3098

  Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның көз алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса, бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім, әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?» – деп шешуін таба алмай, сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен… Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмауыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымның Кенесары – шын арланы. Арланы болмаса, әлгі жантүршігерлік сөздерді айтар ма еді?».

  Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалықты жақсы көретінін Жүсіп есіне түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қантөгіске барғызбас үшін тағы ақыл берді.

  – Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?

  Кенесары кенет елең ете қалды.

  – Бұл – табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда, біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін, Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және… – Кенесары ойлана қалды.

  – Тағы не айтпақ едіңіз?..

  – Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара жатыр-ау… Орынбор әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине, мұның бәрі Аршабоқ пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс кете қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы рет алдынан өтейік…

  – Хатты не деп жазамыз?

  – «Алдыңғы жылы Орынбордың әскери губернаторы мен жанарал Кеніс құрметті патша ағзамның атынан бізге мәнәпөс жариялап, бар күнәмізді кешкен. Мұндай қадірлі адамдардың сөзіне сеніп, біз ақ патшаға қарсы мылтық ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік… Ал биыл наурыздың жиырма бірінде, өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан Сотников жасауыл басқарған жасақ ауылымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан сұлтаншаны бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті… Бұндай жағдайда жақсылықты бір Құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына көзімді жеткізді» де. Және жалынған адам секілді көрінбей, әлі де болса тігім-бітімге келейік деген көңіл білдір…

  – Мақұл.

  – Оған көнбесе, өз обалы өзіне. Болса да бізді аямайды екен, біз де оларды аямаймыз.

  – Түсінікті.

  – Және осы уақытқа дейін бұлаңқұйрыққа салып, бізге қосылмай алдап жүрген билердің бәріне де хат жазыңдар. Әсіресе Назар руының ақсақалдары Байтөре мен Қаракүшікке…

  – Хатты не деп жазайық?

  – «Мені ханымыз деп ұқсын. Айтқаныма көнсін, айдауыма жүрсін. Сөйтсе біз де оған қорғанбыз. Бұрынғы күнәларының бәрін кешеміз. Ал бұны істемесе… Отыз жыл жауабын күтемін, жауап ала алмасам, қалған отыз жылда өздерін жазалаумен өтемін» де… Осындай хатты бізге теріс қарап жүрген Жаппас руларының билері секілді өзге билерге де жазыңдар.

  – Жақсы…

  – Білемін. Білгесін айтып тұрмын. Қиындықта жол таба алмайды десек, хан етіп көтермес едік. «Ашу – жау, ақыл – дос». Бұны қазақ білмей айтқан ба? Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді, енді біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланалық…

  – Жарайды, ойланайық. Тағы нең бар?

  – Батырмұраттың жасағындағы Гаврилов деген қашқын сыпай… осында келіп жүрген саудагерлер арқылы сенің басыңды алуға Орынборға уәде берген көрінеді. Мұны қыстыгүні істеу жеңіл депті. Обыріш егер Гаврилов бұны істесе, оның солдаттықтан қашқан күнәсін кешіртемін деп Петерборға қағаз жазыпты. Балалар осы сыпайдан сақ болсын депті.

  Кенесары түнеріп кетті. Бағанадан бері үндемей тұрған Жүсіп:

  – Гавриловтың өзінің басын алу керек, – деді кенет қатуланып кетіп, – және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың көзінше орындаған дұрыс.

  Кенесары ойлана жауап берді.

  – Алдымен тексерген жөн… Арам ойы анықталса, Қараүлекке тапсырармыз… Жұрттың бәріне сенбегендей, оның ажалын өзгелерге үлгі етудің керегі қанша?..

  «Дегенмен бұл ақылды адам, – деді Жүсіп ішінен, – менікі ағаттық болды. Бір шіріген жұмыртқа үшін өзгелерге де байқа деп сенімсіздік көрсетудің, әрине, қажеті жоқ…»

  Таймас тағы да бірдеме айтқысы келгендей Кенесарыға қарады. Сұлтан оның ойын түсініп:

  – Айта бер, – деді енжар, – тағы қандай сұмдығың бар…

  – Дәулетші құйып болған зеңбірегін кеше сынаған екен… Заводтағыдай жасау қиын ғой… Әлде салған оқ-дәрі артық болды ма, от қойып атқан шақта күл-талқан бопты. Жанында тұрған Дәулетшінің өзін де мерт етіпті… – Кенесары тұнжырап кетті. Құйылып жатқан зеңбіректерден үлкен үмітті еді. Бұл үміт те құр дәмелендірді де, жоқ болды. Ол:

  – Топырағы торқа болсын, – деді күрсініп, – жақсы шебер еді, ардақтап көмілсін…

  Бұдан кейін үн-түнсіз үшеуі қостарына қайтты.

Кенесары хан мен Гербурт Жүсіп
Хандық кеңес (Кенесары хан)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу