Дулат Исабеков. Қарлығаштар
Арыс қаласында төртінші сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шыққан соң, жақын арадағы ауылда тұратын әжем өзімен бірге мені үйіне ертіп келді. Бұл жақ қаладан гөрі маған қызық болып көрінетін.
Әжемнің үйінің ішкі төбесінде қарлығаштың ұясы бар еді. Онда сары жағал балапандар қанат байлап, жетіліп келе жатты.
Қалада қарлығаштар үйге көп ұя сала бермейтіндіктен болар, мен оларға қызықтап қарай бергім келетін.
Әсіресе қарлығаштардың таңертең сайрағандары-ақ рақат! Ұяларының ернеуінде томпиып-томпиып отырып алып, екі қарлығаш екі жерден әндеткенде, әсем үнге бойың балқып, көз жұмып, тыңдай бергің келеді.
Атам да, әжем де «ой, жарықтықтар-ай» деп оларға сүйсіне қарайтын.
Бір күні осы ауылдағы Оспан деген баламен балапан аулауға шықтық.
Ағаш басындағы, қираған тамдағы ұяларды бұзып, қанат қағуға жарағандарын жинап жүрміз. Жинағанда бір ыдысқа емес, Оспан олардың бәрін тыпыр-тыпыр еткізіп, көйлегінің ішіне салып жүр.
Балапан аулауды үйреткен де осы жаңа танысым – Оспан. Алғашында оның қылығынан жиреніп, денем тітіркенсе де, бірте-бірте етім үйрене бастады. Оған еріп, қызығып кеткендігім сондай, аха-ха-лап жүріп, өзім де ұя бұза бастадым.
Олардың бәрін бітірген соң, айдап отырып біздің үйге келдік.
Күн шаңқай түс еді. Үй тірлігінен қалжыраған әжем төргі бөлмені қараңғылап, ұйықтап жатыр екен. Екеуіміз оны оятып алмайық деп, сыбырласа жүріп, даладан таяқ тауып әкелдік.
– Сенің бойың ұзын ғой, мә, сен бұз, – деді Оспан таяқты маған беріп. Мен оны қолыма алып ұяға қарай батыл созсам да, түртіп қалуға жүрегім дауаламады. Қолым дір-дір етіп, қимылсыз тұрып қалдым.
– Ей, болсайшы, қорқып тұрсың ба? – деді Оспан мені табалаған дауыспен. – Ойбуй, Тәкен қорқақ, қорқақ!..
Мен оған ызаланып, жалт қарадым.
– Ә, кімді мазақтап тұрсың? Мен бе қорқақ?
– Әрине, сен. Еш нәрседен сескенбеймін деуші едің, неге дірілдеп барасың!
– Мен қорқып емес, балапандарды аяп тұрмын.
Оспан екі санын шапалақтап, қарқылдай күлді.
– Аяп тұрмын дейсің бе? Ах-а-ах! Аясаң, манағы ұяларды неге бұздың? Атаңнан қорқатыныңды жасырасың ғой, ә!?
– Маған олар ұрыспайды.
– Ұрыспаса, енді неге тұрсың, болсайшы?! Маған да атам ешқашан ұрысқан емес.
Мен біраз ойланып тұрдым да, тәуекел деп таяқты ұяға жақындата бастадым. Ойымды көрген балапандар ауыздарын ашып, таяққа қарай жапырласа ұмтылды.
«Егер атам мен әжем ұрысса қайтемін, – дедім өзіме-өзім. – Олар маған тағы да ренжиді ғой». «Ұрысса қайтер дейсің, – деді іштегі бір ой. – Не менің өз үйім жоқ па? Кетемін де қаламын. Қайтып келмеймін. Сонан соң «қарлығашы құрысын. Айналайын, жүре ғой, енді ұрыспаймыз» деп өздері-ақ жалынады. Мына Оспанға күлкі болғанша, бұза салайыншы».
Таяқпен ұяны дүңк еткізіп соғып қалғанымда, қос қарлығаш шыр-шыр етіп, тар бөлмеде жанталасып ұша берді. Кейде ұясының дәл жанына қонып алып, «айналайын көкежан, тие көрмеші, тимеңдерші» деп жалынғандай болады.
«Не нәрсеге кіріссең де, батыл кіріс» деген Оспанның итермелеуімен көзімді жұмып алдым да, таяқты ырғапырғап қалдым. Балапандар ұясымен қосылып жерге сылқ ете қалды да, қарлығаштардың шуылдаған ащы үндері естілді. Біраз уақыттан соң, көзімді ашып жерге қарасам, екі балапан қап-қара қанаттарын жайып тастап, қимылсыз қалыпты.
Менің шуылдаған қарлығаштар мен балапандарға ішім ашып кетті де, қарсы алдымдағы жайраңдап тұрған Оспанға дүрсе қоя бердім.
– Оңбаған, мейірімсіз! Кет, кет үйден. Бәрін істеткен сен!
– Ой-ой, сен дегенің қалай? Өзің ғой бұзған, менен неге көресің? – деді ол кейін шегіншектей.
Өстіп тұрғанда даладан дүрсілдеген дыбыс естілді де, ойламаған жерден үйге атам кіріп келді. Бір сұмдықтың боларын ұғынған мен не істерімді білмей, атама үрейлене қарадым.
Оспан болса есіктен сытылып шығып, тайып тұрды.
Дабыр-дабырмен әжем де оянып, ауызғы үйге шықты. Жерде жатқан балапандар мен зыр қағып жүрген қарлығаштарды көріп, ол да көздері шарасынан шыға жаздап, маған тесіле қарады.
«Мейлі, әжем ештеңе етпес-ау, атам ұрыспаса болар еді» деп тұрмын төмен қарап. Бір кезде атам менің қасыма келіп:
– Әй, мынаны істеген сен бе? – деді ызғарлы үнмен. Жасыратын не бар, мен «иә» деп басымды изедім.
– Ойбай-ай, ойбай-ай, обалдағы-ай! Қап, күшік-ай! – деп атам балапандарды жерден көтеріп ала бастады. Олардың қанатына жұққан ақ таңдақ шаңдарды үрлеп, алақанымен сүртіп, абыржып жүр. – Жарықтықтар-ай, шырылдап жүргенін қарашы, әне. Бала деген оңай дейсің бе? Қап, ит-ай, күшік-ай, неге бұздың, а? Басқа ойын жетпей қалды ма? – деді атам менің дәл төбемнен.
Мен мұрнымды жиі-жиі тартып, үнсіз тұрмын. Бар көріп тұрғаным – атамның қысы-жазы аяғынан тастамайтын үлкен етігі. Осы кезде «ата, кешірші, екінші істемеймін» деп оны құшақтай алғым келді. Бірақ ашу үстінде ол итеріп тастай ма деп, олай етуге батылым жетпеді.
– Құдай-ай, мына екеуі өліп қалыпты ғой. Ақымақ-ау, сен не істегенсің, а? – деді атам бұрынғысынан бетер ашуға мініп. – Осы тұрған жеріңде… салып жіберейін бе, а?
Бірақ атам мені ұрмады. Сөйтсе де, осы кезге дейін ылғи еркелетіп қана келген оның аузынан «салып жіберейін бе» деген сөз шыққанда, тұла бойыма сансыз ине шаншылғандай шымырлап, кеудеме өксік үйіріле қалды. Жыларманға келіп, әзер тұрмын.
Қарлығаштар тынымсыз шырылдап, далаға бір кіріп, бір шығады. Оларға да жаным ашып тұр.
Атам бұзылған ұяны қалпына келтіріп, тірі балапандарды ішіне салып қойды. Әйтсе де қарлығаштар оған жолайтын емес. Атам ұрысып жүргенде әжем маған ләм деген жоқ. Соған қарап, ол мені қорғайтын болар деп едім. Бірақ олай ету былай тұрсын, өзіне жақын барғанымда, маған салқын қарап, қолымды сілкіп тастағандай болды.
Осыдан кейін ашуым қозып, далаға жүгіре шықтым. Бағытым – автобус аялдамасы. Үйге кетпекшімін. Жүгіріп келе жатып ойлайтыным: «Олар маған екеуі бірден неге ұрсады? Қарлығашты менен артық санағаны ма? Келесіңдер, өздерің-ақ жалынасыңдар әлі».
…Мен кештетіп үйіме жеткенде әкем мен анам мезгілсіз келгеніме таңданып, бетіме қарасып қалды. Бұл оралуымның себебін сұрағанда «Сіздерді сағынып кеттім. Әжемнің өзі бара ғой деді» деп жалтара жауап бердім. Бірақ бұл өтірігім бір күн өткен соң, түгелдей ашылды.
Кешкілік ас ішіп отырған кезіміз болатын. Даладан адам аяғының дүрсілі естілді де, үйге әжем мен атам сау етіп кіріп келді. Оларға ашулануын ашуланып келсем де, осы кезге шейін ол екеуі жайлы ойлануда едім. Әсіресе мен дегенде әрқашан ақ жүрегін жайып салатын әжеме жаным ашиды. «Ол маған ренжіп жылап жатқан да шығар» деп ойлайтынмын келгелі бері. Енді олар кіріп келгенде, аздап қуансам да, өтірігім ашылатынын сезіп, денем ду ете қалды.
Атам мен әжемнің жүзі түтігіп кетіпті. Мені көп іздеп сарсаң болғандары, қорыққандары білініп тұр. Әжем кіріп келген бойда ентелеп келіп мені құшақтай алды.
– Аман екенсің ғой, күнім-ай! Біз сені адасып… бір бәлеге ұрынды ма деп… құлыным, құлыным-ау, әшейін. Бізге өкпеледің бе сен? – деп ол көзіне жас алды.
Мені көптен көрмегендей аймалап отыр. Бар кінәні мойнына алғандай, бұрышта төмен қарап атам тұр. «Жалынарсыңдар әлі» деген ойым дәл келсе де, қазір оларды аяп кеттім. Әжем мен атам мен үшін дәл осылайша әбігер болар деп ойламаған едім.
Мен әжеме тығыла түстім…
Сонымен бар шындықтың беті ашылды. Ертеңіне атам, әжем – үшеуіміз ауылға қайта кеттік.
«Ойпырым-ай, күшік-ай! Сені бүйтеді деп кім ойлаған. Саған ұрыссақ та, біз тыныш жата аламыз ба?» – деп атам да оқтын-оқтын көзін сүртіп қояды. Автобус үстінде олар мені орталарына алып, үйге жеткенше қызу әңгімелесіп бардық. Бір-бірімізді сағынысып қалыппыз.
Үйге келсек, терезенің ашық көзінен кіріп-шығып жүрген қарлығаштар ауызғы бөлмеде қайғырғандай үнсіз отыр екен. «Бұларың не, адамдар-ау» дегендей, бізге жәудірей қарайды. Төменде балапандарына әкелген шегірткелер шашылып жатыр.
Әжем мен атам тағы да үнсіз қалды. Дәл осы сәтте, оларды мен үшін шырылдап жүрген анау қарлығаштардай, өзімді бейғам балапандай сезіндім. Ал қараңғы бұрышта үнсіз отырған қарлығаштарға қарай алмадым. Олардың бәрі мені кінәлағандай, тіпті үнсіз жылап отырғандай көрінді.
«Кешірші, екінші олай етпеймін», – деп, мен әжемді құшақтай алдым. Олар кешірді. Сөйтсе де сол қарлығаштарды мен әлі де аяймын. Олар мені кешірмеген болар. Қайдан кешірсін!