Үміт Жәлеке. Нәпақа (әңгіме)
Қыр үстінде қос қара қыбырлайды. Бет алысы — Бесқаланың ойы. «Адам айдаса бармассың, дәм айдаса қалмассың» деген. Кісінің басына іс түссе, құлқынның құлы боп бет-бетіне босып жөнеледі екен. Адамның әшейіндегі абай-қоқайы қарынның тоғында, уайымның жоғында болып шықты. «Ас – адамның арқауы» деп неге айтты дейсің. Үйіңнен ішуге бір аяқ ас табылмаса, басыңа бар қайғы сонда түсер. Адам да бір жәндік. Әл-дәрмені таусылғанша тамағының қамын қылады. «Жүрген аяққа жөргем ілінер» дегенді білетін жұрт ашыққанда жолға шыққан. Жолда өлсе де, қам-қарекетсіз үйде өлген жан аз. Солардың бір мысалы әлгі екі қара. «Қарап жатып өлгенше» деп ұзын жолға шыққан. Бірақ, аш адамға қарға адым жер мұң екен. Әбден әлсіреген дене ырыққа бағынбай, шайқалаңдап, аяқ шалыса береді. Сонда да шықпаған жаннан дәме бар. «Бір қараға жетсек-ау» деп өлермен дене ұмтылған бейбақтар бір аттап, екі аттап алға жылжи бергісі келеді. Жылжып та келеді. Тек қуыс кеудесін көтеріп, екі аяқтап ілбиді демесең, жыланнан жылдам емес. Тұсауын жаңа кестіріп, тәй-тәйлаған баладай аяқтарын тәлтіректей басады.
Кім еді бұлар? Ерлі-зайыпты жастар. Ерінің арқасында екі жасар ұлы бар. Тұңғыштары. Өздері аштықтан бұратылып жүрген байғұстардың сәбиі де сабынға салған сүйектей боп, қол-аяғы сылдырмақтанып қалған. Үйлері түндігі ашусыз, есігі бекітусіз күйі бір сайда қала берді. Өздері өлмеудің қамын ойлап, шұбырынды ізге түскен. Қырық өрім шаштай бұрым-бұрым шашыранды жол. Түйіні — Бесқала.
Көптің айтуынша, Бесқалада астық мол. Харазымның ойына тұяғың бір іліксе, тоқ болмасаң да, аштан өлмейсің. Қашанда қара жердің емшегін емген диқан елдің тары, жүгерісі талайдың өзегін жалғап, өмірін ұзартып жатқанға ұқсайды. Неде болса, сол қасиетті жерге жетіп жығылу керек.
Әйтсе де, әзірге өзі жаяу, өзі аш адамға жеткізетін жер көрінбейді. Соңғы құрттарын талмап түгесіп, енді тіске басар талшық таппай, қиналып келеді. Әбден әлсіреген сәбидің болар-болмас ыңылдаған дыбысы шығады. Таң атқалы тамшы сүт таңдайына тамбаған. Күн жарым нәр сызбаған анасының көкірегіндегі қос шандыр тамыры тартылған бұлақтай қақсып қалған.
Күн еңкейе оңтүстіктен ескен қоңыр салқын жел баяу жүргіншілердің бойларын сәл-пәл сергіткендей болды. Аз ғана тынығып алған ері еңсесін тіктеп, бойын жазып, айналаға көз жүгіртіп, бір мезгіл төңіректі шола бастады. Қиғаштай созылып жатқан жал басында бірдеңе қарауытады. Сол тұста қанаттары далпылдап құзғын-қарға ұшады. Белін қаттырақ буып, баласын қоржынымен арқасына артып алып, елеңдеген екеу емпеңдей берді.
Бір тегіс бозғылт түске енген күзге салымғы қуаң дала бедері жүдеу. Ара-тұра жер бетін ала көлеңкелетіп көк жүзімен ақша бұлттар жүзеді. Күн ұзағына бір сарынды мимырт жүріспен тербеліп, талмаусырап ұйқылы-ояу келе жатқан сәби жел шығып, тұла бойы тоңази бастағасын тағы қыңқылдай бастады. Өз тірлігінен хабар беріп, қол-аяғын тасбақаша тырбаңдатып қоржында жатып қозғалып қояды. База қыңқылы жиілеген сайын әке-шеше аяқтарын жітірек алуға бар күштерін салады.
Сонадайдан қарауытқан затқа бір табан жақындай түскен сайын танауды қытықтай берген жағымсыз иіс күшейіп барады. Адам ба, аң ба, белгісіз. Неде болса, шұрқыраған аш қарын аяқты солай қарай сүйрейді.
Кеш бата қарайғанның қасына зорға жеткен әлсіздер баланы жерге тастай беріп, жемтікке жарыса ұмтылды. Есек екен. Шөкесінен түсіп, тұралап қалған хайуанның шоқтығын құс шоқып тастапты. Қаны қарайып, азуға айналған өлімтік исі маңайды алып кетіпті. Қарға-құзғын қара үзіп кете қоймапты. Көкірегі азғандай бастарын кекжитіп анадай-анадайда қонақтап отыр. Сірә, үзіп-шоқып солар қорек қылған. Тері сүйреткендей сүреңсіз даладан олардан басқа өлімтікке ортақтасатын тірі тышқан табылмаса керек.
Келе жемтікке жабысқан ерінің қолын қаққан әйел түйіншегінен пышақ алып ұстатты. Өзі шақпақ шағып, қу шөпті бір жерге үйіп от тұтата бастады. Әйелінің ойын сонда ғана ұққан ері есектің қон етінен жұқалап кесіп атып, бір-бірлеп отқа лақтыра бастады. Соның арасынша ана байғұс анадай жерде сұлқ жатқан нәрестені от жанына жеткізіп, шала-шарпы қақталған етті өз аузына салып та жіберді. Көптен шайнам тимеген пышақтай азулар көкпеңбек етті қашырлата қайзалап жатты.
Олар осылай түн ортасы ауғанша отырды. Бұндай нәпақа енді кезігуі екіталай екенін түсінген ерлі-зайыптылар таң атқанша отқа ет қақтаумен болды.