Рюноскэ Акутагава. Жұлынған бас жайлы хикая (новелла)
Хэ Сяо-эр қылышын қолынан түсіріп алып, ес-түссіз атының жалына жабысты. "Менің басымды шауып тастады!" − деп ойлады ол Жоқ, бұлай деп ол ат жалына жабысқан соң ғана ойлады. Бір нәрсе кірш етіп желкесіне қадалды да, ол ат жалына жармаса кетті. Ат та жараланғанға ұқсайды. Хэ Сяо-эр ердің қасына кеуде тірей құлауы мұң екен, ат арқырай кісінеп, аспанға шапшып, төбе-төбе боп үйілген өліктерден секіріп өтіп, шексіз-шетсіз ермен даласын бетке алып безіп жөнелді. Арт жағынан біреулер атып жатқан сияқты, бірақ Хэ Сяо-эр мылтық даусын еміс-еміс қана естіді.
Адам бойынан асатын ермен басын алып қашқан ат тұяғының астында жапырылып, артынша қайта бой түзеп теңселеді. Оң жақтан да, сол жақтан да ермен сабағы Хэ Сяо-эрдің бұрымын жұлқылап, денесіне сарт-сұрт тиіп, мойнынан аққан қап-қара қанды киіміне жағады. Бірақ басы бас емес, тас болып кеткендей ештеңе пайымдамайды. Миына мықтап орнығып алған бір ғана мәселе-бауыздалғаны болды. "Бауыздалдым! Бауыздалдым!"-деп іштей бебеулеп, тақасымен аттың ішін тепкілеуді ғана білді.
Хэ Сяо-эр мен оның жолдастары, атты әскердің сарбаздары лагерьмен арасын өзен бөлген шағын ғана деревняға қарай барлауға аттанған, жолшыбай сап-сары ермен даласының дәл ортасында жапон атты әскерінің шолғыншыларымен бетпе-бет кеп қалды. Жолығысудың аяқ асты болғаны сонша, бұлар да, қарсыластар да мылтығын алып үлгермеді. Қызыл жиекті күнқағар қалпақ пен қызыл өрнекті әскери киімді көрісімен Хэ Сяо-эр мен серіктері еш кідіріссіз қылыштарын суырып-суырып алысты да, ат басын дұшпан жаққа қарай бұрды. Дәл сол сәт мерт болармын-ау деп ойлаған жан жоқ-ты. Көргендері − жау, көкейлерінде − жауды қыру. Сондықтан да ат басын бұрып, иттерше тіс ақситып, жын ұрғандай жапон кавалеристеріне лап қойды. Қарсыластың да қаны ойнап, қолы қышып тұрғанға ұқсайды. Қас қағым сәтте бұлардың оң жағынан да, сол жағынан да өздеріне ұқсаған жүзі әлем-тапырық, тісі ақсиған адамдар анталап кетті. Қылыштар ойнап, төңірек шақыр-шұқыр болды да қалды.
Ал сосын... Сосын бәрі естен шықты, есептен кетті, дүниенің асты үстіне келді. Хэ Сяо-эр биік ерменнің жел жұлқығандай теңселгенін, жез табақтай қызғыш сары күннің төмендеп кеп теңселген ермен басына ілінгенін жадында айрықша айқын тұтып қалыпты. Бірақ шайқастың қаншаға созылғаны, қалай басталып қалай аяқталғаны есінде жоқ. Әйтеуір, есінен адасқандай есіріктене айқайлап, барды-жоқты айтып аласұрып бейберекет қылыш сілтей бергенін біледі. Бір мәрте оған қылышының жүзі қанға боялғандай көрініп еді, сөйтсе онысы жай елес екен. Қылыштың сабы терден суланып, сусып қолда тұрмауға айналды. Оның үстіне тамағы құрғап, аузы кеберсіп кетті. Осы кез кенет атының қарсы алдынан аузы аңқайып ашылып, көзі ұясынан шығардай тасырайып, жүзі әлем-тапырық боп бұзылған жапон солдаты солаң етіп шыға келгені. Қақ ортасынан қылыш айырған қызыл жиекті күнқағарлы қалпағының жыртығынан тақыр басы тоқырайып көрінеді. Оны көрісімен Хэ Сяо-эр күнқағарлы қалпақты көздеп бар пәрменімен қылышын сермесін. Алайда қылыш қалпаққа да, қалпақ ішіндегі қарсыластың басына да тимеді. Ол қарсыластың жүзі жарқ ете қалған қылышымен кездесті. Ізім-қуыт шу ішінде шақ ете қалған ащы дауыс анық естіліп, мұрынға үйкелген темір иісі тиді. Қылыш жүзі күнге шағылысып жарқ-жұрқ етіп Хэ Сяо-эрдің төбесінде шыр көбелек айналды. Артынша-ақ әлдебір мұздай нәрсе мойнына кірш ете қалды.
* * *
Жарасы жанына батып бай-байлаған Хэ Сяо-эрді алып қашқан ат ермен даласын қақ жарып дүрсілдете шауып бара жатты. Ермен ересен қалың өскен екен, тіпті таусылмастай көрінді. Адамдар даусы, аттың кісінегені, қылыштардың шақыр-шұқыры тынған. Күздің қоңыр-жай күні Ляодун аспанында нақ жапон жеріндегідей тамылжып тұрды.
Хэ Сяо-эр, әуелде айтқанымыздай, ат үстінде аһ ұрып, жанына батқан аурудан теңселіп келеді. Тастай қатып қарысқан тіс арасынан сыздықтай шыққан дыбыс тек тән ауруының бай-байы емес-тін. Хэ Сяо-эрді қинаған тән азабынан да күрделі сезім еді. Ол өлімнен қорқып, өлетініне сенбей айран-асыр болып, жаны ауырып жылаған-ды.
Жарық жалғанмен қош-қош айтысатынына қабырғасы қайысып, іші қан жылады. Тіршіліктен айырған адамдарға, жағдайларға тіс қайрап қитықты. Тірліктен кетуге кіріптар болған өзіне өшікті. Сондай-ақ... Осы сияқтанған сан қилы сезім сапырылысып келіп, қыспағына қысып қинады. Әлгіндей сезім әбден жүйкесін жеп, санасын сансыратқан кезде "өліп барам, өліп барам!" деп айқайлағысы келді ме-ау, әкесінің иә шешесінің атын атап арыздасқысы келді ме-ау, жапон солдаттарын сықпырта сыбамақшы болды ма-ау. Бірақ сорына қарай, көмейінен қыстыққан қырылдан өзге дыбыс шықпады.
Әбден әлі құрып біткенге ұқсайды. "Жалғанда менен бақытсыз жан жоқ шығар! Жастайымнан соғысқа алынып, ит құсап арам өліп, көмусіз қалдым. Ең әуелі өзімді өлтірген жапонды жек көрем. Сосын мені барлауға жіберген взвод бастығын жек көрем. Ең ақыры, осы соғысты өршіткен Жапония мен Қытайға лағынет айтам.
Жоқ, жек көрерім тек олар ғана емес. Мені солдат еткен жағдайға титтей де болсын қатысы бар жанның бәрі жауым емес пе. Солардың кесірінен күллі арман-тілек адыра қалып, жарық дүниеден көшпекпін. Жағдайдың жетегіне жегіліп, адамдардың ырқына көнгенім, өзімді осындай күйге ұшыратуға жол бергенім неткен ақымақтық еді!"
Ат жалына жабысып, ермен даласын дүбірлетіп шапқан Хэ Сяо-эрдің қыр-қыр етіп қиналғандағы айтпағы осы еді. Ат тұяғының астынан әлсін-әлсін үрейлі бөденелер пыр-пыр ұшады, бірақ оған көңіл аударған, одан үріккен ат жоқ. Аузы көбіктеніп, арқасынан сыпырылып түсуге шақ отырған адаммен де шаруасы болмай тапырақтай тартып келеді.
Егер талайына жазғаны сол болса, Хэ Сяо-эр ұзақты күн бақытсыздығын айтып құдайға шағынып, ыңқылдап, ыңырсып, күн жез табақтай қызарып барып ұясына қонғанша ер үстінде теңселуден тынбас еді. Алайда ары-беріден соң жазық таусылып, еңіс басталды, ермен даласын қақ жарып ағып жатқан енсіз, лай өзен көзге шалынған кезде құдай бұны жапырағынан жұрдай болған бір түп мәжнүн талға тап қылды. Хэ Сяо-эрдің аты ағаштарды киіп-жарып, кимелей өте берген кезде ұйысқан қалың бұтақ бұған жабыса кетіп, өзен шетіндегі жұмсақ балшыққа топ еткізді.
Құлап бара жатқанда Хэ Сяо-эрдің көзіне тілі жалаңдаған сарғыш жалынның елестегені. Дәл сондай жалқын сары жалынды бала кезінде ас үйдегі нән шойын шөңкенің астынан көріп еді. "Жалынның жалақтауын-ай!" − деп ойлады ол есінен танып бара жатып.
Хэ Сяо-эр аттан құлаған сәтте таза естен танды ма? Жарасының жанына батып ауырғаны сап тыйылғаны рас. Алайда үсті-басы қан мен балшыққа былғанып иен жағалауда жатқанда ол өзінің зеңгір көк аспанға, мәжнүн талдың жапырағына телміре қарағанын түйсінді. Бұл аспанның болмысы бөлек еді, осы уақытқа дейін көрген өзге аспандардан түпсізірек, көгірек сияқты. Бейне төңкерілген көк тостақтың іш жағынан қарағандай күй кешесің. Әлсін-әлсін тостақ түбіне кілкіген көбікке ұқсаған ақша бұлт жұғады да, бір шамадан соң жымын білдірмей жоқ болады. Соған қарап мәжнүн талдың тынымсыз жыбырлаған жапырағы сүртіп тастады ма деп ойлағандайсың.
Демек, Хэ Сяо-эрдің толайым естен танбағаны да? Әйткенмен оның көзі мен көк аспанның аралығында ақылға қонбайтын әлдебір нәрселердің көлеңке құсап сөлеңдеуі қалай! Ең әуелі анасының кірлеу көйлегінің етегі елестеді. Бала кезде қуанғанында, қайғырғанында да осы етекті ес көріп жабыса кетпеуші ме еді!
Осыны ойлағаннан-ақ еріксіз қолын созып еді, елес ғайып болды. Бірте-бірте селдірей сейіліп, түссіздене берді де, ар жағынан шуда-шуда бұлт көрінді.
Сосын өзі дүниеге келген үйдің іргесінен басталып, түу сонау-сонау алысқа созылып кете баратын күнжіт даласы кербез керіліп көз алдынан өтті. Қайнаған жаз ортасындағы күнжіт даласының қалпы қандай, кеш түсуін күткендей көңілсіз мүлгіген қалың гүл. Хэ Сяо-эр көз жүгіртіп, күнжіт ішінен бауырлары мен өзін іздеді. Бірақ тірі жан көзге түспеді. Күннің солғындау сәулесі үнсіз мүлгіп қалған бозалаң гүлдер мен жапырақтарды шалады. Бұлар да баяулай жылжып барып-барып, бейне біреу тартып әкеткендей ылдым-жылдым болды.
Содан кейін ауада ирелеңдеген әлдебір түсініксіз нәрсе пайда бола кетті. Бағдарлай қарағанда барып оның жұрт он бесінші қаңтарға қараған түні көшеде ұстап жүретін үлкен "аждаһа шамы" екенін ажыратты. Ұзындығы шамамен бес-алты кэн мөлшерінде. Бамбуктан жасалған өзегі қызылды-көкті боялған түсті қағазбен қапталыпты. Шамның сықпыты шынымен суреттердегі аждаһадан айнымайды. Күн шақырайып тұрса да, ішіндегі шамы жағылған қағаз аждаһа көкшіл аспанда тынымсыз ирелеңдейді. Бір қызығы, аждаһа шамға шынымен жан біткендей тілін жалаң-жалаң еткізетінін қайтерсіз... Хэ Сяо-эр бажайлай қараймын дегенше аждаһа ақырындап алыстай берді де, ақыры көзден тайды.
Аждаһаның жоғалуы мұң екен, аспанда әйелдің әп− әсем аяғы көрінгені. Бұрындар қыздардың аяғын қасықтай қылу ниетімен шандып байлап тастайтын да, қай-қайсысының аяғы да бір қарыстан аспайтын. Бипаз бүгілген башпайлардың ұшындағы аппақ тырнақ буалдырланып көрінеді. Бағзы бір күндері осы әсем аяқты қызықтаған сәттері есіне түскенде Хэ Сяо-эрдің кеудесін ұйқыда жатқанда қандаланың тыз еткізіп қадалғанындай жеңіл мұң сыздатты.
Тағы бір мәрте қол ұшын тигізсе ғой, шіркін!.. Бірақ бұл болмас тілек қой! Сол аяқты және бір көру үшін жүздеген шақырым жол шалуы керек. Ол осылай ойлап опынып жатқанда аяқ шыны құсап бірте-бірте бұлдырланып, білінбей ғана бұлтпен араласып, бітісіп кетті.
Көркем аяқ ғайып болған мезетте Хэ Сяо-эрдің кеудесін бұрын-соңды сезінбеген бір шарасыз мұң меңдеді.
Төбесінен түпсіз көгілдір аспан төнеді. Осы абажадай аспан астында, самал желдің өтінде адамдар тырбанып күйкі тірлік кешуге кіріптар. Ой-хой, жалған дүние-ай! Бұрын-соңды жанын мұндай мұң сыздатпағаны қалай екен. Хэ Сяо-эр ауыр күрсінді.
Сол сәт оның көз алдынан қызыл жиекті қалпақ киген жапон атты әскерінің отряды опыр-топыр өте шықты да, көзді ашып-жұмғанша жоқ болды. Олардың да көңілдері құлазулы шығар-ау. Егер құр елес емес, тірі адамдар болғанда бір-бірін жұбатып, бір жеңілдесіп қалар еді ғой. Бірақ енді тым кеш.
Хэ Сяо-эрдің әлсін-әлсін көңілі босап, көзіне жас келе берді. Жас толған жанарымен өткен өміріне үңілгенде өз-өзінен түңілгенін айтып не керек. Кім-кімнен болсын кешірім сұрағысы келгенін, кім-кімді болсын кешіргісі келгенін қайтерсіз.
"Егер мені осы жол ажалдан аман алып қалса бар күнәмді шайып, бар қатемді түзер едім", − деп жылап жатып жүз қайталады ол Бірақ шексіз тұңғиық, шексіз көк түпсіз аспан түк түсінбегендей тымырайып біртін-біртін бұның кеудесіне төне түсті. Осы бір көл-көсір көкшіл мұхиттың әр-әр тұсында әлденелер жылт-жылт етеді, сыңайы, кейде күндіз де көрініп қалатын жұлдыздар болса керек. Елестер көк төсінде көлеңдеуін қойды. Хэ Сяо-эр тағы бір мәрте күрсініп, ерні дір-дір етіп барып жаймен ғана жанарын жасырды.
Соңы
Қытай мен Жапонияның бейбіт келісімге келгеніне бір жыл болған. Ерте көктемнің бір күнінде, Пекиндегі жапон елшілігінің бөлмелерінің бірінде, үстел басында әскери майор Кимура мен жуырда ғана Жапониядан келген ауыл шаруашылығы және сауда министрлігінің инженері, ғылым кандидаты Ямакава отырды. Екеуі шаруа жайын ұмытып, кофені сыздықтата ішіп, шылым шегіп көр-жер әңгімеге кіріскен еді. Көктем кезі екеніне қарамастан үлкен каминде от жанып жатқан-ды, бөлме іші тым жылынып кеткендіктен сұхбаттасушылар сәл тершіңкіреп отырды. Үстел үстіндегі құмыраға отырғызған қызыл өріктің тырбиған бұтағынан анда-санда жағымды жұпар иіс жетіп, танауды қытықтайды.
Әңгіме біршама уақыт қатын патша Ситайхоу төңірегінде өрбіді де, соңынан жапон-қытай соғысы хақындағы естеліктерге ойысты, осы тұста есіне әлдене түскен майор Кимура орнынан тұрып, бұрышта жатқан "Шэньчжоу Жибао" газетінің тігіндісін әкеп үстел үстіне қойды. Сосын газеттің бірін ашып, әлдебір мақаланы саусағымен нұқып көрсетіп, инженер Ямакаваға оқы деген ишарат жасады. Инженер әуелі сасыңқырап қалды; әйткенмен майордың іс-қылығының әскери адамға коп ұқсай бермейтінін біраздан бері байқайтын. Сондықтан да ол бірден соғысқа қатысты соны бір оқиға жайында оқимын ғой деп дәметіп, газетке үңілген, сөйтсе онда шынымен-ақ тосындау бір мақала басылған екен, жапон тіліне нобайлап аударғандағы мазмұны мынадай:
"... көшесіндегі шаштараз үйінің иесі, Хэ Сяо-эр есімді адам жапон-қытай соғысы кезінде сан мәрте ерлік көрсетіп, өзінің ержүрек жауынгер екенін дәлелдеген еді. Әйткенмен соғыстан абыроймен оралғаннан кейін қатты өзгеріп, шарап пен әйелге әуестенген. Бәлен күні жолдастарымен ресторанда шарап ішіп, көңіл көтеріп отырғанда жанжал шығып, соңы төбелеске айналған, төбелес кезінде ол мойнынан жарақаттанып, іле қайтыс болған. Марқұмның мойнындағы жарақатқа қатысты көптеген қызықты мәліметтер бар: ол төбелес кезінде түспеген көрінеді, жапон-қытай соғысы кезіндегі ескі жарақаттың орны ашылып кетсе керек және бір қызығы, көргендердің айтысына қарағанда, марқұм төбелес кезінде үстелге соқтығып, оны аударып барып құлағанда кенеттен басы денесінен бөлініп, жан-жаққа қанын шашыратып еден үстімен домалай жөнелген. Тергеу орындары бұл әңгіменің растығына күмән келтіріп, кісі өлтірушіні іздеумен шұқшия шұғылданып жатқан көрінеді, әйткенмен Ляо Чжайдың "Тосын әңгімелерінде" Чжу-чэньнен шыққан біреудің басы жұлынып қалғандығы жайлы баяндалмай ма, ендеше, Хэ Сяо-эрдің де сондай жағдайға душар болмағанына кім кепіл.." Және тағысын тағылар.
− Сонда бұл қалай болғаны? − деп таңырқай дауыстады инженер Ямакава мақаланы оқып бітіп.
Майор Кимура темекі түтінін сыздықтата шығарып, кекірттеу күлімсіреді:
− Иә, қызықты-ақ жағдай! Бұндай нәрсе тек Қытайда ғана болмақ.
− Еш жерде бұндай болуы мүмкін емес, тым көңілге қонымсыз ғой.
Солай деп инженер Ямакава күмәндана күлімсіреп, шылым күлін күлсалғышқа түсірді.
− Бірақ бәрінен де қызығы... − деді майор байыпты кейіппен асықпай сөйлеп, − мен әлгі Хэ Сяо-эрді білуші едім.
− Білуші едім дейсіз бе? Мәссаған! Атташе сынды сындарлы басыңызбен газет тілшісі құсап қырық өтірік құрастыруға кіріспессіз?
− Болмас нәрсеге кім бас қатырар дейсіз? Бір ұрыс кезінде жараланып, далалық лазаретке түстім, әлгі Хэ Сяо-эр де сонда жатыр екен, қытай тілін үйренсем деп жүрген кезім, тіл жаттықтыру үшін бірнеше мәрте онымен тілдескенім бар. Мына мақалада оның мойнында жарақаты бар еді дейді ғой, демек, екеуінің бір адам екендігі ақиқат! Барлауға барғанда ма, әлде кездейсоқ па, әйтеуір, ол біздің атты әскермен кездесіп қалып, қақтығыс кезінде жапон қылышы мойнына тиген ғой.
− Бір түрлі тосын оқиға екен. Айтпақшы, газеттің жазысына қарағанда, Хэ Сяо-эріңіз қыдырымпаз болған көрінеді ғой. Со жолы өліп қалса да ешкімнің мұрты қисаймас еді-ау.
− Ол кездері аңқылдаған адал, жақсы адам-тұғын, тұтқындардың ішінен ондай жуас жанды кездестіру мүмкін емес-ті. Сондықтан да оны әскери дәрігерлер тым жақсы көріп, ықыласпен емдеді. Ол өзі жайлы талай қызықты әңгімелер айтып берген-ді. Әсіресе жараланып аттан қалай құлағанын суреттеген әңгімесі әлі күнге дейін есімде. Ол өзен жиегіндегі саз балшыққа құлап, салбыраған мәжнүн талдардың ар жағындағы аспанға қарап жатып, анасының етегін, әйелдің аяғын, күнжіт даласын көріпті.
Майор Кимура шылымын тастап, кофе құйылған ыдысты ерніне апара беріп, құмыраға отырғызылған өрік бұтағына қарады да, өзіне-өзі айтқандай:
− Әлгіндей елестерден кейін ол өткен өмірінің соншалықты жиренішті болғанын сезініп, күйініпті, − деді.
− Е, содан соғыс біте салысымен сайрандауға кірісті деңіз? Абыройсыз неме ғой, өзі!
Инженер Ямакава басын шалқайтыңқырап орындықтың арқалығына сүйеп, аяғын созып жіберіп, кекесінді кейіппен күлімсіреп, төбеге шиыр-шиыр түтін жіберді.
− "Абыройсыз неме" деймісіз? Яки, ол өтірік жуас адам сияқтанған ғой?
− Әрине.
− Жоқ, мен олай ойламаймын. Өткен өміріне опынатынына өзімен сөйлескенде көзім жеткен. Және осы жолы да, яки басы екінші мәрте жұлынғанда да (газет сөзімен айтқанда) оның сондай сезімді бастан кешіргеніне сенем. Меніңше, жағдай былай болған: төбелес кезінде оны шала мас күйі үстел-мүстелімен қоса құлатқан. Сол кезде жарақаты ашылып, ұзын бұрымы бұлғаңдаған басы еденге домалап түскен. Анасының етегі, әйел аяғы мен гүлдеген күнжіт даласы нақ бірінші жолғыдағыдай көз алдынан бұлдырап өте шыққан. Тіпті үй төбесіне қарап жатып-ақ, ол сонау-сонау алыстағы зеңгір көк аспанды көрген шығар. Содан кейін тағы да өткен өмірінің қаншалықты жиіркенішті екенін түсінген болар. Бірақ бұл жолы жағдай оңалмасқа кеткен еді. Бірінші жолы есінен танғанында оны жапон санитарлары тауып алған ғой. Ал енді бұл жолы әлгі төбелескен адамы бас салып сабап, қоймай тепкілеп түбіне жеткен. Ақыры, ол опынып-күйінген күйі жан тәсілім еткен.
Инженер Ямакава иығын қушитып күліп жіберді:
− Сонша қиялшыл болармысыз. Сіздікі жөн-ақ дейік, ал енді соншама қиындық көрген, өткеніне өкінген адамның жеңілтек жолға түсуі қалай?
− Өйткені адам әуел бастан абыройдан жұрдай ғой, тек сіз айтқандай емес, басқа мағынада.
Солай деп жаңадан шылым тұтатқан майор Кимура ештеңе болмағандай күлімсіреп, арқын-жарқын дауыспен сөзін жалғастырды:
− Қай-қайсымыз да құнсыз екенімізді білуге тиіспіз. Өзінің құнсыз екенін білген адамның ғана, шын мәнінде, аз да болса құны болғаны. Әйтпесе, күндердің бір күні біздің де басымыз Хэ Сяо-эрдің басы құсап домалап түспесіне кім кепіл.. Қытай газеттерінің айтпағын тек осылай түсіну керек, басқаша болжау бекер.
Аударған: Б.Қожабекова