Нұрғали Ораз. Түнгі жалғыздық
Түнмен бірге ере келген Тыныштықтың жетегінде Жалғыздық бар еді. Ол өзі бір, қол-аяғы шидей, басы қазандай, бадырақ көз, арық балаға ұқсайтын-ды. Міне, сол бала-жалғыздық қазір жан-жағына ұрлана көз салып, әлі шамы сөне қоймаған терезелерден ішке сығалап келеді...
Сәлден соң ол тіпті еркінсіп, түн жамылған қала көшелерін кезіп, жүгіре жөнелді. Қай үйге барса да, қай терезеден үңілсе де, маңайындағы жанды-жансыздың бәрін жабырқатып, торықтырып, үмітсіздік құрсауында қалдырады.
Бейуақта көше бойымен зымыраған бірлі-жарым көліктердің соңынан қуа түсіп, қалт тоқтай қалса, әлгі гүрілдеген машиналардың даусынан да төбе құйқаңды шымырлатардай жалғыздық сарыны есіп қоя береді.
Кенет...
Көп қабатты үйлердің біріндегі шам жанып тұрған ашық терезеден сыртқа ән төгілді.
Сәт сайын өсіп; аяқ-қолы сидиып, бойы серейіп кеткен Жалғыздық енді мойнын қылқита созып, алтыншы қабатқа бір-ақ жетті. Терезе жақтауына жабысып тұрып, іштегі көрініске телміре қарады.
Әлгі бір әзірде ғана кеткен қонақтардан кейінгі жиналмай қалған дастархан басында жападан-жалғыз отырған орта жастар шамасындағы әйел өзімен өзі мұңға батып, ән салған-ды.
– Неге қарайсың? –деді ол терезеден үңілген Жалғыздыққа қарап. – Ән салуға да болмай ма?..
Жалғыздық үн қатқан жоқ. Терезеге жабысқан күйі телміріп тұра берді.
– Кетші әрі! – деді әйел қолын сілтеп. – Ән салам ба, жоқ әлде мынау жаћанға жар салам ба – өзім білем!
Ол аздап масаңдау еді. Өйткені... Бүгін оның туған күні болатын. Қызыл іңірде бір-бір шоқ гүлдерін алып құттықтап келе қалған қос құрбысы мен олардың күйеулеріне қуана жүріп дастархан жайып, шын ниет, ыстық ықыласымен бейілденіп күткен-ді. Әуелде сол қонақтардың көңілі үшін деп, содан соң өз көңілі де көктемгі дариядай тасып, қышқылтып шараптан біраз тартып жіберген-ді...
Ол алақанына иегін сүйеп, өзімен-өзі қиял кешіп отырып тағы да ән салды.
Даусы сондай жақсы еді. Әуезді еді. Ән қанатындағы нәзік сыр да, жеңіл мұң да қауырсындай қалықтап, алысқа, биікке самғап ұшып бара жатты.
– Сенбейсің бе? – деді ол енді Жалғыздықпен сырласқандай даусын жұмсартып. – Рас... Сағындым. Кейде түсіме енеді. Өткенде бар ғой, ол екеуміз Гагарин көшесінің бойындағы аллеяда қол ұстасып, серуендеп жүр екенбіз-ау деймін. Аяғымыздың астындағы сары ала жапырақтар аткөпір болып үйіліп жатыр... Айналадағы ағаштардың бірде-бір жапырағы жоқ, сидиған-сидиған бұтақтарын көкке жайып, Алла тағаладан медет тілеп тұрған сияқты...
Ол тағы да ыңылдап ән сала бастады. Кеше таңертеңгілік “Сұлулық салонында” ұзақ отырып, сәнмен қидырған шашы өзіне керемет жарасып тұр еді. Бүгін ол, расында да, басқа күндердегіден өзгеше болатын.
Жалғыздық оның сол сұлулығынан жасқанғандай көзін алып қашып, кейін қарай шегіне берді. Бірақ:
– Білесің бе, менің басқа түс көргім келеді, – деген әйелдің даусын естіп, тағы да іркіліп қалды. – Сонау бір жылғы, біздің студенттік шағымыздағы алма бақты аңсаймын...
Содан соң, үнсіз қалды. Енді оның ұзақ ойға шомып, өз қиялымен өткен күндердің елесін тербетіп, таң сарғайып атқанша қозғалмай отыра берерін сезді де, Жалғыздық жалт бұрылып, жүгіре жөнелді.
* * *
Ол енді тротуардың бойымен теңселе басып бара жатқан мас кісінің соңынан түсті. Біраз жерге дейін соның ізіне еріп, соған ұқсап теңселіп, мазақ етіп, ішек-сілесі қатқанша күліп алды.
Бірақ мас кісі оны елең қылған жоқ. Соңына бұрылып та қарамады. Ақыл-есін шырмап алған аласапыран ойлармен арпалысып, өзімен-өзі сөйлесіп, аяғын әр жерден әлтек-тәлтек басып бара жатты.
Кенет көшенің сол жақ бетіндегі төрт қабатты қызыл үйдің бір терезесі жарқ етіп, “көзін ашты”. Сырықтай бойы құрықтай боп, тұлғасы ірілене түскен жігіт Жалғыздық екі аттап, әлгі тұстан бір-ақ шықты.
Жалғызбасты қарт кісі түннің бір бейуағында тынымсыз безілдеп, берекесін алған телефонның ащы даусынан оянған екен.
– Әлө-ө, – деді жіңішке, қарлығыңқы үні әзер естіліп. –А-а?! Кім?.. Ондай адам тұрмайды бұл үйде. Жо... жоқ!
Көк тамырлары білем-білем боп адырайып, еті қашқан әлсіз қолы дірілдеп, абажадай ескі телефонның трубкасын тұғырына тарс еткізіп қоя салды. Сонсоң қоңыр күздегі қырау басқан шөлейттегі жотадай тап-тақыр басын бір сипап, бір шайқап, қалт-құлт етіп кереуетке жеткені сол еді, әлгі телефоны бар болғыр тағы да безілдей жөнелді.
– Әлө, – деді шал ентігіп, әзер үн қатып. –Жаңа ғана а... айттым ғой, ешқандай да Айжан жоқ бұл үйде. Сіз... сіз қателесіп тұрсыз, бұ... бұл басқа пәтер! Түһ, айтқан сөзге құ... құлақ аспайтын қандай зәнталақсың өзі!..
Шал трубканы тағы да тарс еткізіп қойып, әжетхананың шамын жаққанда, телефон үшінші рет безек қақты. “Әй, мынау қоя ма, жоқ па?!”
Бірақ ол беймезгіл мазалай берген әлгі берекесізге бұл жолы ұрсып та үлгірмеді. Трубканы көтергені сол-ақ екен, оның өзі бірден дүрсе қоя берді.
– Әй, қақпас! –деді іс-міс жоқ. –Шақыр анау Айжанды!
– І... і... Қа... қалай шақырам?! –деді шал сасқалақтап қалып. – О-ол мұнда тұрмайды ғой!
– Әй, шақыр деген соң, шақыр енді, әйтпесе бар ғой!..
Шал телефонның ар жағындағы жуан жұдырықтан жасқанғандай көзін бір жұмып, бір ашты. Қолы дірілдеп, тізесі бүгіліп бара жатқан соң трубканы еріксіз тастай салды.
“Мейлі... –деді қалт-құлт етіп әжетханаға қарай бара жатып, – мейлі, қашанға дейін сыбар екенсің, қашанға дейін шыдар екенсің, қызталақ!.. “
Жалғыздық жымиып күлді.
Тұғырына қонбай, салбырап қалған трубкадан біразға шейін: “Әй! Әй, шал!.. “ деп жекірген дөрекі дауыс естіліп тұрды.
“Құдайым-ай, әлгі қыздың үйінде бірдеме болып қалды ма деп зәрем ұшты ғой, – деді шал төсекке келіп жатқан соң өзімен өзі күбірлеп. – Түн жарымда қай-қайдағы әңгүдік біреу... адасып түскен!”
Ол қызының үйінен көптен бері хабар болмай кеткенін ойлады. Өкпелеп жүр ме, немене?
Кемпірі дүние салып, шал жалғыз қалғанда: “Пап, сіз енді бізбен бірге тұрыңыз, жиендеріңіздің жанында болыңыз, – деп еді қызы. –Ал мына пәтерді сатайық“.
Шал, бірақ, көнбеді. “Әу баста өзім алған, кемпірім екеуміз елу жыл тату-тәтті өмір сүріп, мына сендерді бағып-қағып өсірген қара шаңырақ емес пе. Көзім тіріде айырылмаймын. Мен өлген соң, өздерің біліңдер,“ деген де қойған.
Әне, содан бері күйеу бала да, қыз да сирек хабарласады. «Олар менің өлгенімді күтіп жүр ғой, – деді шал күрсініп. –Ұл болса, бүйтпес пе еді, кім білсін? Жарығым сол... ауған соғысында, жат жерде қаза тапты ғой. Қай-қайдағы бір қызыл қырғынның ортасына апарып, жап-жас балаларды оққа тосқан кім еді, құдай-ау...»
* * *
Түн қоюланып, тас қаланың тыныштығы қатықтай ұйыған кезде алқаракөк аспан көк түтіннен тазарып, тұңғиық көл түбіндегі ақық тастардай жарқырап баданадай-баданадай жұлдыздар көріне бастады. Олар сона-ау зау биіктен үңіліп, бейуақта көше кезген Жалғыздықтың сұлбасы мен сумаңдаған жүрісіне таңырқап қарайтын секілді.
Бірақ, олар Жалғыздықтың не екенін біле ме екен осы?..
* * *
– Иә, мен сол бақты аңсаймын, – деді өз қиялына өзі елітіп, көзін тарс жұмып, теңселіп отырған орта жастардағы әйел. –Ол кезде университеттің бірінші курсына жаңа түскен кезіміз ғой. Әлі сабақ басталмаған уақыт. Бізді бір айға тау бөктеріне алма теруге жіберді. Студент болғанымызға қуанып, алып-ұшып жүрміз... Бізден бақытты адам жоқ. Ол екеуміз әлгі бақта алма теріп жүріп таныстық. Бір-бірімізді алғаш көргеннен-ақ ұнатып, бірте-бірте бірімізсіз біріміз өмір сүре алмайтындай күйге жеттік. Бірақ біз ол кезде... алда ызғарлы Желтоқсан бар екенін білген жоқпыз ғой, құдай-ау!.. Ана сүті әлі аузынан кетпеген жап-жас бала еді ол... Ақ қар, көк мұзда таяққа жығылып, есінен танып құлады. Желтоқсан көтерілісінің алғашқы күнін, алғашқы кешін ғана көріп үлгерді... Содан соң... өңі боп-боз боп ауруханада жатты. Сол кезде оны айыптап... университеттен шығарды... Менің ауруханаға баруыма тиым салды... Қыс ортасында ол: «Мен ешкімге керек емес екенмін-ау!..» деп жаутаңдап жатып көз жұмыпты... Оны маған сол ауруханадағы сүп-сүйкімді мейірбике қыз оңашада жылап тұрып айтты...
Бұл кезде Жалғыздық манағы терезенің түбіне қайта оралып, одан көз алмай қарап тұрған болатын.
– Мүмкін, сен сол кезде де мені торуылдап, аңдып жүрген боларсың?! –деді әйел кенет терезеге қарап.
Жалғыздық кейін шегініп, қайта-қайта басын шайқай берді.
* * *
Алқаракөк аспаннның түнгі бояуы өзгеріп, таң шапағы біліне бастады. Қараң-құраң етіп көшеге шыққан алғашқы жүргіншілердің бірте-бірте қарасы көбейіп, қаланың шуы қалыңдай түсті. Таң алдында түнгі тыныштықтан байқамай көз жазып қалған Жалғыздық жан-жағына алақтап, тасқын судай ағылған қалың нөпірдің арасында қалып қойды. Бірақ оған ешкім назар аударып, көңіл бөліп қараған да жоқ. Бәрі өз тірлігін ойлап, өз бағытымен асығып кетіп бара жатты.
Таңды ұйқысыз қарсы алған әдемі әйел де алдындағы дастарханды тез-тез жинап, үсті-басын асығыс ретке келтірген соң, өз қызметіне қарай асықты. Оның түндегі торыққаны да, егіліп жылағаны да қазір мүлде білінбейді. Таңмен бірге оянып, таңмен бірге тіршілігін қайта жалғап барады.
Құс ұйқылы қарт та терезенің ар жағы ағара салысымен ескі тәпішкесін аяғына іліп, тырп-тырп басып әжетханаға кірді. Сонсоң ваннаға кірді. Ас бөлмеде жападан-жалғыз отырып шай ішті. Бірақ өзінің жалғыздығын ол да қазір ұмытты... Енді, міне, бір бөлке ыстық нан, бір пакет сүт алу үшін қалт-құлт етіп дүкенге қарай келе жатыр.
Түндегі тыныштықтан адасып қалып, әркімнің жүзіне бір жалтақтап қарап, жаутаңдап жүрген Жалғыздықты ол да танымай, дәл жанынан сөлбірейіп өте шықты...