Сезім Мергенбай: «Қоғамда құндылық болған емес!»
Сезім Мергенбай, ақын, «Шырайлым – Шұбайқызылым» байқауының жеңімпазы
- Сезім, ең алдымен өзіңіз жайлы, туып-өскен өлке туралы айта кетсеңіз.
- Мен 2001 жылы 2 желтоқсанда Түркібасы төрінде, ғажайып отбасында дүниеге келдім.
- Шығармашылыққа қызығушылығың қай кезден басталды?
- Шығармашылыққа қызығушылығымның қай кезден басталғаны нақты есімде емес. 8 жасымда "өлең" деп атауға тұрмайтын шимайлар жазып бастадым.
- Қолыңызға қалам ұстауыңызға қандай жағдай түрткі болды?
- Қолыма қаламды мен ұстадым ба, әлде қалам мені ұстады ма білмеймін... әйтеуір жолымыз тоғысқалы айырылыса алмай келеміз. Түрткі болардай аса ауыр оқиға бастан өткеріп көргем жоқ... Кейде ойлаймын осы нәрсеге мен есімім арқылы таңылдым-ау деп. Балаға қойылған ат түбегейлі тағдырына әсер етеді деп жатады ғой. Соған сене бастаған секілдімін. Мүмкін менің есімім "Сезім" емес, астарсыз жеңіл есімдердің бірі болса, бұл жол менің өмірімде бой көрсетпес пе еді... а жоқ бұл жолда мен төбе көрсетпес пе едім...
- Болашағыңызды әдебиетпен байланыстырасыз ба?
- Иә, әрине! Болашағымды әдебиетсіз елестетіп көрсем, өзімді таппай қаламын. Бейне бір берекесіз тіршілікке еніп кететін сияқтымын. Жырлы ғұмырды да аса берекелі деуге болмайды әрине... нақты жауапты Совет-Хан Ғаббасовтың "Қандауырынан" үзінді келтіре берейінші: "...Кез-келген ғылыми ізденістердің ауыртпашылығы болғанмен, негізінде мақсатты бағыт адамды қажытпайтын сияқты. Өйткені, оның төзімі берік қуаты мен жігері, тек жан-дүниенің құштарлығында ғана емес, бүкіл тіршілігінің мазмұнымен сабақтасып жатқандығында болса керек."
- Отыз жастағы Сезімді қандай кейіпте, қай жерден көресіз?
- Сол жасқа жетуді Тәңір жазса... негізі дәл осы қалпымнан айнымасам деймін. Бірақ ол мүмкін емес шығар... Аздап ақылы толысқан қыз немесе келіншек болармын. Ал бас салып шығармашылық бәйгісіне түсуге қазіргі уағымда аса құлқым соқпайды. Неге екенін өзім де білмеймін... Мүмкін қазір білгенімнің тым аздығынан солай дейтін шығармын. Бір жағынан әйел баласы болғасын, нақты осылай боламын деуге де жүрексінемін. Жазылмаған дала заңына бой ұсынып, өлең мен менің жолым тоғыспас айрыққа душар болуы да мүмкін ғой... лайым олай болмағай!
- Жастар жылынан не күтесіз?
- Жылдың жартысы өтіп кетті ғой. Ештеңе күтпеймін. Менен күтсе деймін ізгіліктерді!
- «Ақын» ұғымына қандай сипаттама берер едіңіз? Ақындар жұрт ойлайтындай өмірге бейімсіз қияли ма?
- "Ақын" ұғымы менің ойымда "идеал" сөзімен егіз көрініс табатын... Кейде "ақын" ұғымын "адам" ұғымынан биік қойып жіберетінмін. Дегенмен өсе келе талғамның өзгеруі заңды құбылыс екен. Бұл күні олардың өзін емес өлеңін ғана сүю керектігін ұқтым. Олардың өмірге бейімді әлде бейімсізін білмеймін. Дегенмен қияли екендерін мойындаймын. Бір шеңберге сыйдырмайтын бұлқыныстары бар ғой әлгі... Сол нәрсе оларды қоғамнан аздап еректеу немес есерлеу көрсететін шығар.
- Сезім, қандай әлемде өмір сүресіз? Мысалы, ғалым Әл-Фараби «Қайырымды қаланың тұрғындары» деген еңбек жазған. Және алыста бармай, жанымызда жүрген Батырхан Сәрсенханды алсақ, ол «Мейірім ғаламшарлары» деген кітап жазды. Жалпы, бұл жерден шығатын ой – шығармашылық адамдары қиялында өз қалауындағы әлем бар ма? Бар болса, ол қандай?
- Жалпы, ақын-жазушылардың тірі-жанға белгісіз жеке әлемінің болатыны аса таңқаларлық дүние емес қой. Өзіңіз атаған "Мейірім ғаламшарының" авторы Батыр ағаны жора-жолдастары кейде "өзге ғаламшарлық" деп атайды екен. Менің әлемім толассыз таңғажайыптан ғана құралған әлем! Өкініштісі тек сол әлемде ғана өмір сүре бермейтіндігім.
- Түркістан – облыс орталығы болды. Түркістан қаласының болашағы қандай? Түркістан рухани орта бола ал ма? Ақын-жазушылар, әдеби орта болу үшін Түркістанға қандай жұмыстарды бірінші орынға шығару керек?
- Түркістан бұған дейін де, қазір де, бұдан кейін де маңызын жоймайтын өлке! Ол осы ұлан-ғайыр даланың кіндігі іспеттес. Ол онсызда руханияттың ордасы! Менің пайымдауымша Түркістаннан шыққан ақындар өзгелерден сәл биіктеу келеді. Оны әдеби орда қылуға біз күш салайық, салмайық ол бәрібір осы қалыптан таймайды. Неге десеңіз Түркістан топырағы қазақ тарихындағы тұғырлы тұлғаларды бауырына алып жатыр. Түркістанның өзі тұнып тұрған руханият! Сол үшін әдебиет Түркістаннан қол үзіп кете алмайды. Кім біледі мүмкін әдебиеттің де кіндігі сонда кесілген шығар?!.
- Сіз үшін «адам» ұғымы не мағынаны білдіреді? «Өлілердің емес, тірілерден қорқу керек» деген ойға көзқарасыңыз қандай?
- "Адам" ұғымы мен үшін үнемі күнә мен дұғаның ортасындағы ойыншық секілді көрінеді. Олар 3 түрлі ғана қағидамен өмір сүреді: қателесу; сабақ алу; түзелу; тағы да қателесу; сабақ алу; түзелу; болды! Басқасының бәрі осы қағиданың кішігірім тармақтары секілді.
Иә өліден қорқу қисынсыз шығар. Дегенмен тірілердің арасында сақ болмасқа болмайды. Осы Түркістан облыс орталығы болғалы менің санамда оған аздап аяушылық бар. Халық саны көбейіп жатыр ғой... Тарихи Тұран жеріне зиянын тигізе ме деп қорқамын. Батырхан Сәрсенханның өлеңінде "Түркістанда адам аз бейіттерден" дейтін жолдар бар. Сол жолдарды уақыт қаруы өзгеріске ұшыратқысы келе ме қалай? Бұрын Түркістан десе шынымен-ақ зираттар мен кесенелер ғана көз алдыма көлбеңдеп тұра қалушы еді. Енді қалай боларын...
- Қазіргі қоғамдағы құндылықтарға көзқарасыңыз қандай? Қазір қандай құндылық жойылып бара жатыр?
- Қоғамдағы құндылық... Қоғамда құндылық болған емес! Құндылық қоғам бөлшектері адамның бойында нақтырақ арында көрініс табатын дүние деп білем. Сондықтан да қазір ешқандай құндылық жойылған жоқ. Бірінің бойында жоқ, құндылық екіншісінің бойынан табылары сөзсіз. Тек азайтып алғандардікін толықтыруға күш салу керек. Асылдардың игіліктерін насихаттауымыз керек. Біз керісінше, құнсыздарға көбірек көңіл аударамыз.
- Жас ақын-жазушыларға қандай қолдау қажет? Әлде қажет емес пе?
- Бір сұхбатта З.Қыстаубаев: "... нарық заманында әдебиетке мемлекет тарапынан қамқорлық жасалмау керек. Қамқорлық болған жерде әділетсіздік қатар жүреді" деген екен. Бірақ қамқорлық пен қолдаудың арасында айырмашылық бар ғой... Егер сіз менен "жас ақын-жазушыларға мемлекет тарапынан қандай қолдау қажет?" деп сұрасаңыз, мен әлгі жауаппен тоқталар ем. Дегенмен, оларға оқырман тарапынан қолдау ауадай қажет.
- Жаныңызға қала жақын ба, ауыл ма? Туған жеріңіз Түлкібасқа қаншалықты жиі барасыз? Туған жер сіз үшін қандай қасиетке ие?
- Екеуі де жақын. Дегенмен, ауыл ыстық. Сенесіз бе, мен Түркібасынан аса ұзақ мерзімге ұзап шығып көрмеппін. Осыдан-ақ менің ауылға қаншалықты жиі баратыным көрініп тұрған шығар? Түркібасы қандай қасиетке ие дейсіз бе... мен оны тірі адамдай көремін. Ол менімен тілдеседі, менімен бірге қуанады, менімен бірге күңіренеді. Менің де есерсоқтау қылықтарым бар әлгі. Сол кездер де Түркібасы менімен ортақтасып "Шақпағын" шақырады...
- Өмірде ең ыстық жан сіз үшін кім?
"Ол" (егер "қымбат" жан десеңіз ойланбай анамды үш рет сонсоң әке бауырларымды тізіп шығар ем)
- Достық, махаббатқа көзқарасыңыз қандай? Достық пен махаббат абстрактылы ұғым ба?
- Достық пен махаббат... екеуі ұқсас ұғым негізі. Екеуінде де сүйіспеншілік, қызғаныш, салқындық, сатқындық, баяндылық, баянсыздық сынды дүниелер көрініс береді. Бірақ бұл ұғымдарға терең мән берудің қажеті жоқ-ау. Себебі ол ұғымдар сенің өміріңде пайда болса, өздері-ақ сені тұңғиыққа жетелей жөнеледі. Ол тереңнен шыға алсаң жақсы... Мүмкін біраз жылдардан соң менің ойларым түбегейлі өзгерістерге ұшырайтын шығар.
Сұхбаттасқан Айдана Орынбасар