Мақсат ЖҰМАҒҰЛ: «Қызғаншақ күйеу»
***
- Ол күндесім екен. Онымен бекер жұлысыппын. Жұлысып жүргенде бір сырғам түсіп қалыпты, - деді Күнай өкініп.
- Екеуің өте тату едіңдер ғой. Тіпті, менен де жақын еді. Ым-жымың бір еді. Екеуің бір туғандай сыйлас, сырлас едіңдер. Сендерге не болды? Неғып бұлай кетістіңдер? – деді сіңлісі Гүлай таңғалып.
- Өй, күншіл неме екен! Бүкіл жан сырымды жайып салып жүрсем. Ол жылдар бойы бәрін жиып-теріп жүріпті. Бетіме күліп, сыртымнан неше түрліні жасап жүріпті.
- Мәселенің түп төркіні неде? Ол ғана кінәлі де, сен тап-тазасың ба? Ол саған неғылды? Түсіндірші.
- Жә, оны қайтесің?
- Сіңлің емеспін бе?
- Мен ешкімге сенбеймін! Сенуден қалдым.
- Сонда да?!
- Енді маңызды емес. Бәрі белгілі болды. Кімнің кім екенін білдім.
- Шорт кесіп, шешім қабылдамашы...
- Болды. Оны ендігәрі желкемнің шұңқыры көрсін! Түрі құрысын!
- Сенің бұлай қатты бүлінгенің тегін емес. Бір шалалығың бар секілді?...
- Не ойласаң, оны ойла! Маған бәрібір!
- Даусыңның дірілі ұнамай тұр. Бірдеңе бүлдіргенсің ғой.
- Доғар! Сен немене... оны жек көретін едің ғой. Енді жақтай қалдың ба?
- Оның тым ойнақшыған көзі ұнамаушы еді. Сен онымен қона-түней, ішіп-жеп думандатып жүруші едің. Бірақ... бір себебі болуы керек. Бары белгілі.
- Маған сенбейсің бе? Бір туған әпкеңе сенбейсің бе?
- Менің күмәнім орынсыз болса ғой?! Ешқашан расталмаса ғой?! Сен де, біз де ұятқа қалмасақ қой...
- Сонымен не демек ойың бар?
- Сол сұрақты өзіңе қой.
- Кетші, басымды қатырмай. Енді жетпегені сен ғана едің...
- Менікі жай далбаса, дәлелсіз күдік болсын!
***
«Даулы күнделік»
Күнай мен Таңшолпан құрбы еді. Олардың достығына жұрт таңғалатын. Екеуі бірін-бірі балабақшадан таниды. Екеуі бұған дейін ренжіскен емес. Күнай мен Таңшолпанның ортақ сыры көп. Ел қызығатын жұп тарасып кетті. Бұл екеуі жаман тарасты. Мәңгі бірге болатын достар бір күнде кетісіп тынды. Бұлардың қарым-қатынасының бұзылуына не себеп болды екен?
Біржола кетіспес бұрын екеуі де тұрмыс құрды. Күнай Бақытжан деген жігітке, Таңшолпан Сержан деген жігітке жар болды. Тұрмыс құрса да, байланысы бұзылмады. Ойын-тойда бірге жүріп, бірге тұрды. Екеуінің күйеуі екі түрлі. Бақытжан – зиялы отбасынан шыққан. Өңі – қоңырқай, денелі, ұзын, көзәйнек тағатын ойлы жан. Өзі – жоғары санатты хирург дәрігер. «Барлық нәрсенің есебі болуы керек» деген қағидамен өмір сүреді. Әрбір жұмсаған тиын-тебеніне дейін есептеп, бір дәптерге тізіп отырады. Біреудің кемшілігін күлкі еткенді ұнатады. Сонысымен жақпайды. Сержан – қарапайым отбасынан шыққан. Ұзын бойлы, қара торы, орта денелі, тым жайдары жан. Оның ұсақ-түйекпен жұмысы жоқ, көпшіл мінезімен жағады.
Бір күні келеңсіз жағдай болды. Ол келеңсіз оқиға былай болды: Таңшолпан достарын қонаққа шақырды. Күнай мен күйеуі қонаққа келді. Кірпияз Бақытжан ваннаға кіріп, беті-қолын жуып тұрды. «Бұл өмірде мен секілді миы қатты істейтін жан бар ма?» деп айнадағы бейнесіне масаттанды. Құрбылар ол кезде дастарқанға жайғасты. Сержан қалжыңдап сөйлесіп отыр. Бақытжан ваннада сүлгі жоғын байқады. Содан сүлгі іздеп, бөлмеге кірді. Шкафтың суырмаларын ашып көрді. Бір суырмада ескі блокнот жатыр. Күнделік секілді. Бойжеткендер мен келіншектердің күнделік жазатын әдеті бар ғой. Кейбір сырларын жазады. Бақытжан байқамай өтсе де болар еді. Ол күнделікті парақтап көрді. Сөйтсе, бұл өз келіншегінің күнделігі. Күнайдың қыз кезіндегі күнделігі екен. Күнбе-күн жеке өмірі жайлы жазып отырыпты. Кей тұсы тым жеке. Тіпті қағаз бетіне мүлде жазуға болмайтын нәрселер бар екен. Іңкәрбек есімді жігіт туралы көп жазыпты. Басында жауапсыз сезім болыпты. Ол жігіт жайлы көп ойлай беретінін жазыпты. Кейіннен ортасында бір қарым-қатынас болған секілді. Суреттер жатыр. Күнай мен Іңкәрбектің жиырма шақты суреті. Екеуінің некелесіп тұрған суреті де бар. Бақытжанның көзі қарауытып кетті. Күнай тұрмыста болғаны жайлы неге ештеңе демеді? Неғып жасырып қалды? Бақытжан тумысынан өтірікшілерді жек көреді. «Бұрын некелі болғанын неге жасырды? Немесе оны... оны сүйе ме? Мұның жар төсегінде жатып, бөтен еркекті ойлай ма? Түсінде көре ме? Тіпті, жасырын жолығып жүр ме? Еркегі жоқ кезде, некелі жарының төсегін былғап жүр ме? Күнайы былғанып жүр ме? Күйеуінің көзіне шөп салып жүр ме?» деген есепсіз сұрақ мазалады. Басы қысып кетті. Суретке қарады. Неке куәгері Таңшолпан мен Сержан. Екеуі қасқайып тұр. Бәрінің екі езуі екі құлағында. Мәз-мейрам. Мұқият қарады. Дәл солар. Бәрі мұны мазақтап тұрғандай көрінді. Тойы болған екен. Той көйлегін киген екен. Бақытжанға дейін еркегі болған. Бақытжанның ызасы келгенде бірінші лоқсып, сосын бірнеше мәрте жөтеледі. Бүгінде солай болды. Ызаға булығып, лоқсып-лоқсып қатты жөтеле бастады.
Бәрі жүгіріп келді. Бәрі бәйек болып жүр. Бақытжан төңірегінде жүрген өтірікшілерге ызаланып жатыр. «Опасыздар кір-кір қолымен бұған жәрдемдеспек пе, әлде буындырып өлтірмек пе?» деп долданып дірілдеді.
Сержан мен Таңшолпан бөтен кісілер. Жарайды. Олар келіп-кететін өтпелі біреулер. Күнай ше? Некелі жары неғып жасырып жүр? Күнайы неге үндемейді?
***
Іңкәрбек
13 жыл бұрын
Күнай ол кезде бірінші курста оқитын еді. Кішкене қаладан үлкен қалаға енді келген сәті. Бәрі ерекше көрінді. Тіпті Іңкәрбек деген көше бұзақысы да керемет көрінді. Іңкәрбекке ғашық болды. Іңкәрбек сол кезде белгілі бұзақы еді. Бір бұзақы топтың мықтысы. Ол сөз ұқпайтын есер еді. Қашан көрсең де, ылғи төбелесіп жүретін. Ішетін, шегетін. Кісі сүйер қылығы жоқ. Жасы үлкендер де, кішілер де одан қатты қорқатын. Университеттің жігіттерін оның есімін естігенде дірілдеп кететін. Олар «салық» жинап беріп тұрды. Жібі түзу кісінің бірі де оған жоламайтын. Қыздар одан қашатын. Күнай ғана оны сүйді. Күнайдың жүрегі ешкімге бағынбады. «Кім еді? Іңкәрбек пе? Ол жігіт кәнігі бұзақы! Сендей көркем қызға мүлде жараспайды. Сен бүйтіп шатаспа. Жас басыңды былыққа шатылдырма. Ол тексізге мүлде жолама» десті жұрт. Ешкімді тыңдамады.
Іңкәрбек те Күнайды ұнатушы еді. Екеуі кездесіп жүрді. Бір күні екеуі жасырын некеге тұрды. Ерлі-зайыпты болып пәтер жалдап тұрып жатты.
Іңкәрбектің есерлігі бір бөлек, оның тағы бір мінезі бар еді. Ол - тым қызғаншақ болатын. Күнайды кез келген еркектен қызғанады. Еш себепсіз төбелес шығарып жүрді. Ұрыс-керіс көбейді. Келіншегін ұрып жүрді. Күн өткен сайын кісі төзгісіз бола бастады.
Күнай бірнеше мәрте төркініне кетті. Іңкәрбек соңынан барып, үйіне ертіп келеді. Сосын тағы сол жағдай. Жоқтан шатақ шығарады. Тағы сабайды. Сөйтіп, бір күні екеуі ажырасып кетті. Студенттік кездегі ең үлкен қатесі болды.
Басында келіп жүретін. Іңкәрбек бірдеңе бүлдіріп, ізім-қайым жоқ болды. Содан бері ол жайлы ештеңе білмейтін.
***
Ұрыс
13 жылдан соң
Күнай жұмысқа шығып бара жатты. Шабарман бір қорап әкеп берді. Бақытжанға келіпті. Күнай да қатын ғой. Қорапты ашып, ішіне үңілді. Сөйтсе, мұның ескі күнделігі. Күнайдың қатты ызасы келді. Құрбысына «Мына күнделікті өртейсің бе, өзің біл. Біржола жой!» деп тапсырған. Содан 13 жыл өтті. Күнделікті жоймақ түгіл, күйеуіне жолдапты. Күнай Таңшолпанға жетіп барды. Таңшолпанға бақырды. Күнай жұла жөнелді. Ол да жұлысты. Екеуінің достығы бітті. Бітіспестей тарасты.
***
«Көңілдестер»
Күнай қалың ойға шомды. Сырлас құрбысының опасыздығына күйінді. Бақытжан ваннада жуынып жатқан. Ол күйеуінің ұялы телефонын көрді. Уатсабын қарады. Соңғы бір жұмада тек бір нөмірден көп хабарлама келіпті. Нөмірі таныс. «Нартай инженер» деп сақтапты. Бұл - Таңшолпанның нөмірі. Екеуі тым интим хабарламалар жазысыпты. Бақытжан екеуі көңілдес екен. Бақытжан қатал ұстанымдағы жан еді: «Некесіз байланыс жасап, көңілдес болу дұрыс емес! Опасыздық кешірілмейді!» Оның сөзі мен ісі екі бөлек екенін ұқты.
***
Шыңырау
Таңшолпан мен Бақытжан өзара тауға қыдыратын болып келісті. Күнай олардан бұрын жетті. Бір жерде күтіп тұрды. Машина келді. Машинадан бір еркек түсті. Күнайдың көзі шарасынан шықты. Іңкәрбектің дәл өзі. Толысқан, сымбаттана түскен. Күнай: «Бұл Таңшолпанның құрған тұзағы» деп ойлады. Көп ұзамай көңілдес-сымақтар жетіп келді. Төртеуі бетпе-бет жолықты. Бақытжан Іңкәрбекті атып жіберді. Күнай ойбайлап сұлап жатқан еркекті құшақтап жылады. Сол сәтте тағы бір оқ атылып, біреу сұлқ түсті. Белгісіз бесінші біреу шыға келді.
Оқ тиген - Таңшолпан. Оны өлтірген – Гүлай. Күнай қатты таңғалды. Басқа-басқа сіңлісінен мұндайды күтпеген. Жезделі-балдызды мықтап жоспар құрыпты. Жау ылғи да іштен шығады. Сырыңды тым жақсы біледі. Күнай қатты қамықты. Бұл өмірде сүйенер ешкімі жоғын ұқты. Сіңлісі мұны бұрыннан жек көріпті. Тете қыздар бәсекемен өседі. Бұл бәсекеден өршіген өшпенділік. Әпкесінің тәп-тәуір дәрігерге тұрмысқа шыққанынан бері өршіп кетіпті. Еркекке көңілі кетіп, өз туғанын тілдеді. Өр Күнай мұны сезбеді, білмеді. Тәкаппарсып, өз-өзіне тамсанды. Төңірегінде болып жатқанын байқамады. Гүлайдың да күлкісі ұзақ болмады. Бақытжан Гүлайды да атып тастады. Күншіл бикеш сол сәтте жан тапсырды.
- Мұның бәрі не үшін? – деп жылады Күнай.
- Мұның бәрі сен үшін! Сені шексіз сүйгенім үшін. Сені шексіз қызғанғаным үшін! – деп күлді Бақытжан.
- Бұлай масқаралап, мазақ еткеніңше өлтіре сал!
- Біздің ортамыздағы кедергінің бәрін жойдым! Енді мынаны түсіндірші: «Сен мені сүйесің бе? Егер, мені сүйсең, онда неғып некеде болғаныңды жасырдың? Мына жексұрынды әлі сүйесің бе?»
- Сені сүйдім! Саған сендім! Сен оған лайық емессің!
- Сен үшін жоспар құрдым: «Таңшолпан қонаққа шақырған күні бәрін білдім. Сенің күнделігіңді көрдім. Түгел оқыдым. Жынданып кете жаздадым. Некелі жарының өзге еркекке тамсана қарағаны кім жағады? Өзгені тым көркем суреттепсің. Есі дұрыс еркек ешқашан төзбейді. Мен төзбедім. Менің миым қатты жұмыс істейді. Білесің ғой. Соныма мақтанасың. Менің басым мықты техника! Ылғи ойлап жүреді. Жоспарым бітпейді. Сосын өзіме поштамен салып жібердім. Сенің қолыңа тиетінін білдім. Сенің қызығып көретініңді білдім. Күнай сұлу мен күншіл Таңшолпанның ортасына от салдым. Оттан өрт шықты. Екеуің кетісіп тындыңдар ма? Иә! Сержанды да машинамен қағып өлтірдім. Сержан да тым қарабайыр, оқымаған надан еді ғой! Сенің сіңлің баяғыдан маған ғашық. Сол сіңліңді үгіттедім. Ол оңай болды. Оңай көне салды. Оны да өзіме сыбайлас еттім. Ең маңыздысы – мына мисыз Іңкәрбекті таптым. Бұл маған тең келмейді. Бәсекелес емес. Оқымаған надан! «Махаббат хатын» жаздым. Көне сезімді ояттым. Бұл мисыз шақырған жерге жетіп келді. Өлді ме? Өлді! И-ә, и-ә, хе-хе! Ендігәрі саған көзін салмайтын болды. Мен қызғаншақпын. Саған үздіге қараған кез келгенді өлтіремін. Опасыз қаншықтардың көзін құрттым ба? Иә! Бұл екеуі де маған лайық емес. Тфу, надандар! Бәрінің көзін құрттым! Менің теңім сенсің! Саған күйеуіңнен өзге лайық ешкім жоқ. Мен мәселенің түйінін шештім. Енді бір кедергі жоқ. Сүйемін десең, сүйіктің міне!»
- Сен науқассың?
- Мен сені сүйемін!
- Жоқ!
- Сүйіктім, менімен қарсыласпа! Сені де, өзімді де өлтіре саламын!
- Өлтіре сал!
Бақытжан зайыбын құшақтамақ болды. Сол сәтте біреу оған таптап берді. Бақытжанды жерге құлатты. Іңкәрбек өлмепті. Бақытжанның тапаншасын қағып жіберді. Мықтап жұдырықтады. Бақытжан денелі болғанымен төбелесе білмейді. Тек жеңіне тығып жүрген скальпелін сұқты. Іңкәрбек төңкеріліп түсті. Бақытжан Іңкәрбекті тепкіледі. Іңкәрбек те темір емес. Жаралы ыңырсып жатты. Күнай тапаншаны ұстап, шүріппені басып қалды. Бір емес, бірнеше рет басып-басып жіберді. Бақытжанның жоны шұрық тесік. Жымысқы күлді. Бақытжан тәлтіреңдеп барып: «Сонда да сені сүйеді, қызғаншақ күйеуің» деп шыңнан құлап кетті. Соңғы сәтте өзін тастап жіберді.
М.Жұмағұл
15.ҮІІ.2020ж.
«Карантинде туған сөз»