Жаяу Мұса Байжанұлы өлеңдері

Oinet.kz 23-07-2020 1952

Жаяу Мұса Байжанұлы — Уикипедия

Көгершін

«Көгершін» ән еркесі, баппен айтса,

Ержігіт не болады серттен тайса.

Ән болмас «Көгершіндай» қайда барсаң,

Ән білем деген адам шынын айтса.

Ал, «Көгершін» көңіліме қонған әнім,

Сүйеді сұлу әнді менің жаным.

Айғайлап, жүз құбылтып әнге салсам,

Кетеді бойым балқып, қызып қаным.

***

Сәулем қыздар

Барады үркер ауып жазға таман,

Жүгірдім мылтық алып қазға таман.

Буылып қол-аяғым жатсам дағы,

Домалап бара жатам қызға таман.

Қаршыға қыран болса, тырна алады,

Жел соқса, ұзын ағаш ырғалады.

Құрбылар, жастығыңда ойна да күл,

Қызықтан ойнамаған құр қалады.

Бұлт басып айдың көзін торлады ма,

Әй, сәулем, көңілдегі болмады ма

Әркімнің ықтияры өзіңде ғой,

Сүймесең, сені біреу зорлады ма

***

Ақ сиса

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,

Жарасар қамзол сұлу, белін қиса.

Шорманның Мұстапасы атымды алып,

Атандым сол себептен Жаяу Мұса.

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,

Жүрмейді кімдер жаяу, зорлық қылса

Жиылып орыс, қазақ қашқын дейді,

Көрермін ақыр бір күн туса.

Мен айтсам, параңды айттым, тілім ұзын,

Кигенім үстімдегі бәрі қызыл.

Жылансың екі басты ел жалмаған,

Қоймаймын, не қылсаңда, айтар сөзім.

Арыстан айға шапты, аяқ сынды,

Жемқорлар жолдас қылды қара түнді

Ел көз жасы тиеді тұқымыңа,

Әділ ұлық қуалар оңды- солды.

Он екі жыл айдадың Тобыл жаққа,

Ем болмас бастан бағың таяр шақта,

Дуанбасы мен өзім деме, Мұса,

Балаң кетсін тоз-тоз боп әр тарапқа.

Әй, Мұса, сен - бидайық, мен- бір торғай,

Жүрерміз, тірі болсақ, ойнай-ойнай.

Параны мұнан былай тоқтат, Мұса,

Нашардың жон терісін өзің соймай.

Құтқар деп жалынбаймын саған, Мұса,

Босатпайсың, әй, Мұса, қарның тоймай.

Берерім жоқ, еңбекпен күнді көрген,

Адаммын жалғыз жүрген, бедняк шорнай.

Жаныма батқандықтан ашынамын,

Мен неге жаяумын деп басыламын

Малым жоқ Шорман айдап алатұғын,

Қорлығын Мұстапаның паш кыламын.

***

Ақ сиса /2-нұсқа/

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,

Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.

Шорманның Мұстафасы атымды алып,

Атандым сол себептен Жаяу Мұса.

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,

Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса.

Байлары орыс-қазақ қашқын дейді,

Көрер ем қашқындықты күнім туса.

Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса,

Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса.

Аттыдан жаяу жүріп кек аламын,

Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса.

***

Ләйлім

Ақ көйлек, асыл бешпент белін қысқан,

Бір қыздың даусы шықты Күншығыстан.

Қоян жон, құмырсқа бел қарағым-ай,

Жігіттің арманы жоқ сені құшқан!

***

Хаулау /1-нұсқа/

Үш жүзге болған мағлұм атым Мұса,

Жігіттер, шешен болсаң маған ұқса.

Сыртымнан мені қазақ қашқын дейді,

Көрер ем қашқындықты күнім туса.

Мен міндім майда жал мен қаз мойынды,

Мекенім Баян тауы кейін қалды.

Қорлыққа жас та болсам шыдай алмай,

Өмірім Мұсаменен дауға қалды.

***

Сұрша қыз

Неше жыл жүрсем дағы мен айдауда,

Шыдаймын, қажымаймын денім сауда,

Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,

Сұрша қыз, көрісерміз Баянтауда.

Боларсың сенде мендей, маған күлсең,

Ханзада, жауыздардан зорлық көрсең.

Есіңнен, күлмек түгіл, айырыларсың,

Айырылып ел- жұртыңнан, қаңғып жүрсең.

Үйімнен ала жаздай шай таппадым,

Орнығып,шіркін көңіл ,жай таппадың,

Мұсаның ол заһарын көрген шақта,

Жыландай қара шұбар қайқақтадым.

Омбыға шошынғаннан жаяу бардым,

Арада күн-күн жүріп тынбай бардым.

Княздың мен бұйрығын әкелсемде,

Пәлеге ашылмастай тағы қалдым.

Мұсамен бастық ояз бірге отырды,

Жүрегім мұны көріп тағы тұрды.

Жұмыстың оңалмасы бұл емеспе,

Екеуі тізе қосып жауап сұрды.

Қорықпай жауап бердім менде сонда.

Қашуға дәрмені жоқ жаяу сорлы.

Әй, Мұса, өлімісің, тірімісің,

Не болды Жамақанның, көремісің!

Несібең елден алар тоқтаған соң,

Бүйтіп жег.ен параңа тісің сынсын.

Сасай азбан бұл күнде болып тұрсың,

Баяғы дуанбастық жоқ қой күшің.

Жазығым не, мырзеке, менің қылған,

Соңыма мұнша түстің параң үшін.

Шаршар күнің болды ғой, жасың жетті.

Менде бала емеспін, шықты тісім.

***

Әрине күн

Ақ тұйғын көлден қарсы-ай қаз іледі, а-ау,

Жиылып қыз-бозбала бір жүреді, а-ау, әрине күн.

Жігіттер осындайда-ай ойна да күл,

Ұлғайып, үйде отырар кез келеді, а-ау, әрине күн.

Болады көк жетілсе-ай шалғын төсек, а-ау,

Өтірік болар ма екен-ай бұлай десек, а-ау, әрине күн.

Жастықтың әсерінде-ай не болмайды, а-ау,

Айтқаным болмаса менің-ай, сірә, өсек, а-ау, әрине күн.

***

Ей, Мұса, мен не қылдым саған, жарқын

Ей, Мұса, мен не қылдым саған, жарқын,

Күшпенен тоздырдың ғой ауыл халқын.

Бұзауын ауылымның қырып салдың.

Көрерсің не болғанын істің артын.

Мақтанба басыңызда бағыңызда,

Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.

Сізге де сорлы болу қиын емес

Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

***

Ұлытау

Туған жерім Баянауыл,

Кейде тынық, кейде дауыл.

Ұлытаудың қойнауында

Мекен еткен біздің ауыл.

Артта қалды Баян тауым,

Жер аудартты ата жауым.

Қанша қысым көрсетсе де,

Өмір бойы бітпес дауым.

***

Көкаршын

“Көкаршын” ән еркесі баппен айтса,

Ер жігіт не болады серттен қайтса.

Ән болмас “Көкаршындай” қайда барсаң,

Ән білем деген адам шынын айтса.

“Көкаршын” көңіліме қонған әнім,

Сүйеді сұлу әнді менің жаным.

Айқайлап шырқағанда жүз құбылтып,

Кетеді бойым балқып, қызып қаным.

Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы. Өмірбаяны
Жаяу Мұса Байжанұлы өмірбаяны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу