Мирас Асан. Төрттаған
Азамат көрдім - ар екен,
Ару көрдім - жар екен!
Атақ көрдім - мал екен,
Лақат көрдім - тар екен...
***
Төзімім бітті, таусылды,
Төзбедім одан арғыға.
Сақамды, тағдыр, алшымды,
Тәйке ғып тікті жамбыға!
Селт етпес зағип, соқырмын,
Ұмытқам лақап атымды.
Тағдырдан көріп отырмын
Мезгілсіз махаббатымды.
Сүймесем жүдеп, солмас ем,
Сарғайған төзім, тозды үміт.
Таныр ең жазбай сонда сен,
Қалдырмас еді көз күдік.
Ұмытқым келген расымен,
Ұрымтал сәттер көп алдап.
О, сезім неткен асыл ең,
Маған жақ, біресе, оған жақ.
Езіліп жатыр жүрегім,
Егіліп жатыр қос жанар.
Бұл дертім емі – бір оғың,
Тағдырдай жоқ шын оспадар!
Мұңайып жүрген күнімді,
Мұңсызбен қалай өткерем?
Жазылған күллі жырымды
Жазғанмын саған өкпемен...
Дем жетпей енді жатырмын,
Өксіктен құрап тәтті өлең.
Айтпай-ақ ұқшы жанымды,
Желкенін жайсын хат-кемем.
Ойласам өмір хошыңды,
Ойылады екі жанарым.
Өлеңнен алып өшімді,
Қайғыма қағаз жамадым...
Күнге екен жалғыз ғашық Ай,
Некемді Хаққа қидырып,
Өтемін Сені осылай
Өкінішіме сыйдырып...