Мирас Асан. Қараша мен кеп тұрмын - сізге бүгін
Қараша мен кеп тұрмын - сізге бүгін,
Жапырақ - соңғы үмітім, сыз көңілім.
Табылмас шақтарды іздеп ес ішінен,
Қарындаш мен бояймын - күз қоңырын...
Бесінші мұхит кешсе жан-құдірет,
Қалады шөлде жалғыз тағдыр үлек...
Кенезе мен кебемін содан кейін,
Терезе сіз жылайсыз - жаңбыр үдеп...
Біздей жат жоқ жалғанда, біздей таныс,
Араны тек естелік үзбейді алыс:
Көйлекте сіз тұрасыз - қыз беймәлім,
Әйнекте мен тұрамын - күз бейтаныс.
Тордағы бұлбұл сынды алтын өрнек,
Жасырын кешкен сезім жалпыға ертек...
Мен сізге жете алмаспын бұл ғұмырда,
Сүмбіле тағдырымның салқыны өртеп...
Махаббат - есіңе алу өткенді еппен,
Жалғыздық - сыңар аққу кеткен көппен...
Сүмбіле мен суимын - күздің өзі,
Сүңгіде сіз жылайсыз - көктем, көктем...
Мирас Асан,
Қараша, 2017