Мирас Асан. Оқырман әлеміне болып аңыз
***
Оқырман әлеміне болып аңыз,
Біз қазір тек өлеңде жолығамыз...
Тоңады тек қаламда сүмбілеміз,
Қонады тек қағазда қолыңа күз...
Мына бір өлеңімде жаңбыр жылап,
Есігін аша алмаппыз жанның жұмақ...
Вагоннан сен түспепсің бір өлеңде,
Перроннан мен күтпеппін, тағдыр жырақ...
Мына бір өлеңімде тым мұңдысың,
Шығарып салып тұрсың жылдың құсын...
Жолыңда естелігі қарашаның,
Қолыңда ескерткіші гүлдің мүсін!
Мына бір өлеңімде тәп-тәтті ернің,
Екінші шумақта оны татпақ - менмін...
Бесінші шумағында қол ұстасып,
Келіпті саған еріп бақбақ тергім...
Мына бір жолдарында таңсың деппін,
Иран бақ иығыңда әншің боппын...
Өлең боп жарып шыққан сен иесі,
Сөзбенен салып шыққан әр суреттің...
Кейінгі екі өлең де тым дерексіз,
Отырмыз қарсы қарап, үндемеппіз...
Әлемде сыртымдағы бір бөлекпіз,
Өлеңде ішімдегі бір бөлекпіз...
Тамшыдай аспаннан кеп, жерге сіңіп,
Міне бұл өлеңде де келмес үміт...
Астана бағытымен мен асығып,
Алматы уақытымен сен кешігіп...