Мирас Асан. Үрей
Өз қолдарым бөтен сынды өзімнен,
Көзәйнегім дұшпан сынды көзіммен…
Күдіктенем ішіп тұрған суымнан,
Киіп тұрған бөзімнен…
Тақыр кедей боп барады тұлғам бай,
Мың күн сынбас шөлмек бүгін сынғандай.
Жақтау біткен дерт жұқтырып алғандай,
Тұтқа біткен тұмауратып тұрғандай…
Індет шашып тұрған сынды шұғылам,
Қатер бүркіп тұрған сынды құмырам.
Үйге тығыл деген сайын мемлекет,
Өз-өзіме тығылам.
Қорғануын жатқаныммен қорғанып,
Ойдан қайтіп шығарамын Орды алып!..
Айдалаға безіп кеткім келеді,
Жол жабық.
О, қай жерге жетеді екен бұл шыдам?!
Ғаламторға мың кіремін, мың шығам…
Ұйықтап кетсем қылқындырып қолғаптар,
Жеті миллиард бетпердеге тұншығам.