Фариза Оңғарсынова. Мен саған ғашық емес ем
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем.
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым.«Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан
жетпей жүрді ғой», - демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,«бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.