Фариза Оңғарсынова. Қыз махаббаты
Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба –
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең – бұлқынбадым –
әлде аймалауыңа құнықтым ба?!
Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып ұшып бара ма-ау жүрек мүлде…
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін кеште ме еді,
тек ұққаным – жан бірге, тілек бірге.
Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі…
Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.
Сол сәтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың…