Фариза Оңғарсынова. Жылқы мен тобыр
«Жұрт маған неге жауықты?»,
Деп өзің босқа кішірме.
Талантты болу қауіпті
Талантсыздардың ішінде.
Жан жетпегенмен жүйрікке,
Ызыңдар зулап соңында оқ.
Сыйламастардан сый күтпе -
Кемеңгер-жалқы, тобыр көп.
Бір өзі көкке өрлей ме,
Кездеспей жолында орсыз жер.
Тобырға мазақ ол кейде, -
Өзімізбен бірдей болсын дер.
Тумысы бөлек кемеңгер
Көсем болуға ұмтылмас.
Қара бас қамын жегендер
Қаракет етуден бір тынбас.
Өтседе өмір: алды жар,
Тылсым ба маңы, сор ма арты,
Халқының даңқын қалдырар
Түбінде әйтеуір сол жалқы.