Дүниенің құлы (Әңгіме)

Oinet.kz 20-07-2020 1338

Дүниенің құлы

Күздің қоңыр салқын ауасы бойын сергітіп, ойын серпілте қалған Берікбол етекте жерқайысып жайылып жатқан қой түлігіне қарап еді, өзінен-өзі бойын бір мақтаныш сезімі керней бастады. 

- Пау, шіркін! Осыншама бай-дәулеттің иесі болу қандай бақыт еді, мына ғаламда мендей басына бақыт құсы қонған жан саусақпен санарлық шығар, сірә, - деп керіле созылып орнынан тұрды. Отырып алып көз жүгірткеннен гөрі, қоралы малға түрегеліп тұрып, төбесінен қараған көңілге анағұрлым тоқ сезіледі ғой.  Берікболдың бұл тұрысы бойын кернеген әлгі мақтаныш сезімін қамшылай түсуі үшін еді. 

- Расында да, мол-ақ!.. һа! Һа!һа!... - деп бетін батыстан соққан кештің самалына тосып, құлашын жайып кең тыныстады. Ол  артынан келіп қалған әйелі Жайнаны көрген жоқ еді. Сезіміне ерік беріп, сандырықтап сөйлей берді.

- Жер әлемнің жанашыры – күн, сен маған қарашы! Мен қандай бақытты жаралған жанмын. Дәл осы төңіректе қойы мыңға жеткен, қос-қостан көлігі, қоржын толы ақшасы бар ешкім жоқ. Осы байлық менде ғана. Менде!!! - деді ол. 

- Енді сенің жынды болуың ғана қалып еді! Сауап бопты! - деді Жайна қатқыл үнмен дүрсе қоя беріп. 

- Алла сақтасын! - деп тұла бойымен селк еткен – Берікбол артына жалт қарады. Екі мықынын таянып, сұп-сұры болып тұрған әйелін көргенде, қасына жетіп келген жын-шайтан немесе бөтен біреу болмағанына іштей қуанды. Десе де, бойын қорқыныш емес, дәрменсіздік билей бастады. 

- Сенбісің тағы? - деді әйеліне міңгірлеп.

- Е, е... мен болсам не бопты? Қасыңда жүріп тақияңа тар келдім бе, қу жынды! Саған бекер босқа сандырақтағанды қой деп қашанғы айта берем. Ем қонбас ақымақ! - деп Берікболға қабатын итше шебелене жақындап, сұқ қолын шошайтып алып, төңіректе жайылып жатқан малды нұсқай сөйледі, - бұл қайдағы сенің байлығың?! Сен біреудің қара табан қойшысысың, білдің бе?! - деді күйеуін жұлып алардай долданып, тістене жақындап.

- Қойсаңшы! - деді Берікбол естілер естілмес үнмен кібіртіктеп.

- Қоймаймын! Сен кім едің маған қой дейтіндей! Алдымен өзіңді жөнге салып алып, сосын маған ақыл айт білдің бе, малғұн! Қашанғы саған жайма-шуақтап айта берем. Саған осы мінезім керек, осы мінезім! Сенің мыжымалығың мені осы күйге жеткізген! - деді Жайна өзіне жақындап келіп, шынтағынан тартқан Берікболдың қолын сілке бұлқынып...

- Жайна, бар жоғы бір әкеден екі-ақ баламыз. Ортасынан тең бөліп алсақ та жетпей ме мына ғұрша көп мал, - деп түсіндіре бастап еді. 

- Таусылып болмайтын мылжыңыңды тағы бастадың ба? Шаршадым осы сөздеріңнен! - деп Берікболдың сөзін тиып тастады да, - әкең үнемі не дейтінін білемісің? - деді Берікболға бежірейе сұрақ қойып.

- Әкем не деуші еді? - деп Берікбол аңтарыла әйеліне қарады. Жаңағыдай емес сабасына түсе қалған Жайна бұл жолы бұлқынбай, жұлқынбай жауап қатты. Десе де, көзін сығырайтып, аузын бүрістіре шошайтып, келемеж кескінмен:

- Әкең үнемі «осы мал Серікболыма біткен мал» деп отырады ғой, рас па? - деді.

- Иә, рас. Десе не бопты?.. Інім дүниеге келгенге дейін отбасымыз кедей болыпты. Серікбол туылған соң аяқ астынан малымыз өсе бастапты. Онда тұрған не бар, - деді Берікбол Жайнаға сұраулы көзін қадап. 

- Сен нағыз су мисың білдің бе?! Ем қонбас су мисың!!! - деп Жайна қайта буырқанып, - саған сөйлегеннен, ешкінің құлағына домбыра шерткен анағұрлым тиімді, - деді долдана буылығып.

- Ал, ал... Әлқиссаңды тағы бастадың ба?! Әйтеуір, саған бір жақпадым ғой. Сонда маған не істе демексің? - деді Берікбол. Жайна басын бір жағына қылжитып, ерінін жымыра, қасын керді. Сосын екі саусағын шошайтып:

- Құлағым тыныш болсын десең, екі шартым бар, екі-ақ. Соның бірін таңда, - деді. 

 - Айт ендеше?! Онсыз да тыныштығы жоқ құлағым сенде! - деді Берікбол Жайнаға бетін бұрып. Жайна иығын қозғап, кең тыныстап алып, куйеуіне:

- Бірінші шартым – біз тез арада бөлек отау болып шығамыз. Басқа жаққа қоныс аударамыз. Сол үшін әкеңнің көзі тірісінде малды екіге бөліп, көбін біз алып кетеміз.  Екінші шартым – енші алмайтын шарт. Оның есебі өз ішімде болады, - деді.

- Сен немене аузыңа келгенді көкіп тұрсың! Інім үйленбей тұрып қалай ғана мен енші алып, бөлек кетпекпін. Сонда маған әкеңді тонап, жұртқа тастап кет демекпісің?! - деді Берікбол көзін алайтып, сұсты бейнемен Жайнаға жақындап.

- Сөзді бұрмалама! Мен саған тона деп тұрған жоқпын. Өзің шығарсың тонағысы келіп жүрген! - деді Жайна міз бақпастан. Осы сәтте басын қос қолдап құшақтап, отыра кеткен Берікбол:

- Әттең, қайран басым қор болдың ғой! Әбден қатырды ғой мына ашкөз, - деп жыламсырады.

- Менің артымнан қалмай жүгіріп жүріп алып едің ғой. Қане бақытты қыламын дегенің, осы ма маған сыйлаған бақытың? - деп Жайна жүре сөйледі.

- Осыдан артық саған не керек? Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, не кием, не ішем деп жатқан жоқсың. Осыған да қанағат етсеңші. Үрерге иті, сығарға биті жоқ тақыр кедейдің қызы екеніңді ұмытып қалдың ба?! Армандама бөлек кеткенді! - деді Берікбол, ашу үстінде бойына жігер бітіп, кескін сөйлеп.

- Тарт тіліңді!!! - деп шаңқ еткен Жайна, - көрсетем саған әлі көресіні! Сенің бай болған түрің құрысын. Біреудің малын малданған сорлы... демек менің екінші шартымды қабылдағаның ғой. Жарайды, оны да уақыт көрсетеді, - деп етекке қарай жүгіре басып, жөнеле берді. Жай кеткен жоқ. Берікболға қолындағы тас қиыршықтарын шашып, жандарына жетіп келген жемқор қара саулықты басынан тебе кетті.

- Ей, малды теппе, киесі атады! - деп дауысын көтере зекіген Берікбол, - мына неменің ырымы жаман, ниеті тым тарылып барады, басынан бақ таяйын деп жүрген сорлы ғой, - деп күңкілдеді.

- Малыңның киесінің басына тыштым! Атпақ түгілі атсын, міне ендеше! - деп Жайна жайылып тұрған бір тоқтыға аяғын сермеді. Бірақ, асау тоқты шайпау қатынның аяғын бойына дарытпады, секіре қашты. Қойдың шеті тоқтымен бірге үрке түрілді.

- Қап! Мынаны ай-ә! Жайылып жатқан малдың мазасын алып, - деп төбе үстінде Берікбол баяу ғана үн қатып қала берді. Жайна аузы дамыл алмаған бойда долдана сөйлеп, етекке түсіп кетті.    

Осы әңгіме араларында неше мәрте қайталанып айтылса да, Берікбол інісі үйленбей тұрып малдың көбін алып, бөлек кетейік деген Жайнаның шартына үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл шарттарды қызының аузына салып беріп, перде артында жасырынып отырған қайын енесі екенін де Берікбол жақсы біліп жүрді. 

Серікбол – Берікболға қарағанда сәл еркетотайлау өскен. Әкесі «ырысымның алды» деп ырымдап, маңдайынан қақпай өсіргеннен де болар, малға онша жақын емес-ті. Әрі, бойдақ болған соң жастықтың желігіне де ерік беріп, құрбы-құрдастарымен сән-салтанат, сауық құрып кететін. Кейде айлап, апталап үйге қонбай, ағайын-туыстардың өзі тетелес ұлдарының қасында жүріп қалатын. Әкесі тыйым салмаған соң, Берікбол да артынан ерген жалғыз інісіне тосқауыл қойып жатпайтын. Қайта, «мен көрмеген қызықты осы көрсінші» - деп отырушы еді. Жайнаның ырың-жырыңы басталғалы бері Серікбол үйде болмаған. Берікбол іштей «Жеңгесін жөнге салып алғанымша інімнің келмей тұра тұрғаны да жөн болды» деп жүрген. Алайда, Серікбол кешіккен сайын, Жайнаның ыдыс-аяқ сылдырлатуы сирегеннің, басылғанның орнына жиілей түсті. Оған себеп те жоқ емес. Жайнаның шешесі арт-артынан үш-төрт рет келіп үлгерген. 

Күн жаңбырлы болып, Берікбол малды қораға зорға дегенде айдап жеткені сол еді. Алдынан кішкене ұлы жүгіріп шықты:

- Әке, әке! Кенже ағам келді, дәл қазір төр алдында домаланып ауырып жатыр, - деді. Берікболдың балалары ауыл балаларына қосылып, Серікболды кенже аға дейтін. Берікбол інісінің келгеніне қуанып қалса да, ауырып жатқанын естіп абыржып қалды. Малды асығыс қоралады да, кіші ұлын қолынан жетелеп, үйге жүгіре басып жетті.

Әкесі таңертең ерте базаршылап кеткен еді. Әлі келмепті. Төр алдында ішін қос қолымен шеңбектеп Серікбол жатыр. Түрі қашып, көз жанары өшкіндеп кеткен. Лоқсиды. Аузы көбіршиді. Құса алмайды. Беті бір қызарып, бір қуарады. Ағасына сәлем беруге де шамасы келмеді. Тілі күрмеліп қалған сияқты. Көзбен ғана ишара жасады. Бір сұмдықтың болғанын іші сезген Берікбол:

- Артымнан ерген жалғызым-ау, жаным-ау! Саған не болды?! - деп кеңкілдеп жылай келіп, Серікболды құшақтай алды. Інісі басын шайқады. Жылама дегені, иә болмаса, адам болмаймын дегені белгісіз. Бұны көргенде Берікбол тіптен өкіріп қоя берді. Осы кезде ыдыс-аяқ жақта жүрген әйелі – Жайна сөзге араласып:

- Бейуақта жаман ырым бастап, жылағаны несі! Соқырішек болып қалған сияқты. Борсықтың ішегін қайнатып жатырмын. Соны ішсе қазір-ақ сауығып кетеді, - деді. 

- Енді соны неге ертерек қайнатып бермедің, болмаса Қыдырға, ол жоқ болса басқа көршілерге айтып емханаға апармадыңдар ма? - деді Берікбол жыламсырай сөйлеп. 

- Басында өзі ғой «ішіме жел қарысып қалды. Болды ештеңеге әуре болма, дәрі ішпей-ақ жақсы болып кетемін» деген. Бұлай боларын қайдан білейін... Емханаға апармадың дейсің. Мен кетсем мына үйге кім қарайды? - деді Жайна. Берікболға әйелінің сөзі нанымды көрінді. Шынымен де ол кетсе, мына үй иен-тегін қалады, оның үстіне, Жайна бірден ауру себебін анықтайтын дәрігер емес қой, - деді ішінен Берікбол. 

Осы аралықта абыр-сабыр болысып көршілері де келіп жетті. Бірі соқырішек десе, бірі ішіне жел қарысқан, бірі ішкірне, бірі ілме, бірі тіл-көз болған десіп жатты... Серікболға шала қайнаған борсықтың ішегін ішкізбек болып еді. Науқастың дәрі ішуге еш шамасы келмей қалды. Тек басын шайқай берді. Ақыры, амалы таусылған жұрт көлікпен аудан орталығына алып жүруге қамданды.

Жол бойы әлсін-әлсін есін жоғалтқан науқастың емханаға демі зорға жетті. Жедел қабылдап алған ақ халаттылар Серікболдың жанын ажалдан арашалап қалуға барын салды. Бәрі де кеш екен. Арттарынан қуа келген әкесі аурухана төсегінде шала-жансар жатқан ұлын соңғы рет тірі құшты. Серікбол тек әкесінің келуін күтіп жатқан сияқты. Соңғы рет ашқан көзін әкесіне қадаған бойда, «асқар тауының» қолын қатты бір қысты да жан тапсырды. Серкіболдың сылқ етіп, емхана төсегінен құлап түскен қолы тынысы біржолата тоқтағандығын еріксіз мойындатты. Серікболдың қолымен бірге әкесінің де, ағасының үн-жұрғасы бірге құлады. Күңірене жылаған әке, еңіреп езілген аға, көрші-қолаң, туыс-туған Серікболдың енді қайтып келмесіне көз жеткізді. Тыныс алдыра қоймақ болып әбігерленген дәрігерлер де бастарын шайқап, бетперделерін шешті...

Серікболдың сүйегін емханадан алып шығарда туыс-туғанның пікірі екіге жарылды. Оған себеп – дәрігердің науқасқа берген анықтамасы. Серікболдың сырқаты соқыр ішек те, ілме де, тіл-көз тиген де болмай шықты. Қан мен асқазан сұйықтығынан алып тексерген сараптама нәтижесі Серікболға «ауыр түрде уланған» деген қорытынды шығарыпты. Ағайын арасында бір бөлімі: - Болар іс болды, өлер адам өлді, жабулы қазан жабулы күйі қалсын, арнайы сараптама үшін сойдырып, мүрдені бөлшектемей, жер қойнына уақытында тапсырайық...- десе, Берікбол бастаған бір тобы: - «Неден уланды, кім улады» деген сұраққа жауап таппай тынбаймыз. Мүрдені қатысты ұйымдардың арнайы сараптамасынан өткізіп, істі тергетеміз. Қиын қылса бірнеше күн кешіктіріліп жаназа оқылар, мүрде де бөлшектенер, алайда, ақиқатқа көз жеткіземіз, қылмыскерді ұстатып, жазалатамыз, марқұмның қан қарызынан құтыламыз! - десті... 

Ақыры, Серікболдың әкесінің сөзі байлау болды:

- Өлер адам өлді. Ендігі біздің міндетіміз – Серікболды жер қойнына тапсыру. Ұлым – адам баласына жамандығы жоқ бейуаз жан. Кім қастасса да, бейкүнә жанның қан қарызы жібермес. Қазір кімді кіналаймыз? Кімді тергетеміз? Қолымызда ешбір айғақ та жоқ. Сыртта уланды ма, үйде уланды ма оны да бір құдай біледі... Әділдігін бір Аллаға тапсырдым, алып жүріңдер, - деген қарияның сөзінен соң ешкім қарсы пікір айтпады. Мүрдені ауылға алып қайтты.

   Серікболдың жас өлімі жалпы жұрттың қабырғасын қайыстырды. Аудан орталығынан сырқатынан сауыққан Серікбол емес, сұп-суық мүрдесі келгені ағайын-тума, таныс-білістерін есеңгіретіп кетті. Жан баласына жамандығы жоқ, жайдары жігіттің қазасына ортақтаспаған адам кемде-кем. Жайна да, Жайнаның шешесі де қалың қауыммен бірге қара жамылды. Жайнаның екі иығы солқылдап отырып айтқан жоқтауына жыламаған адам болмады. Жайнаны мүсіркеп:

- Қайтсін енді, күйеуінің артынан ерген жалғыз қайнысы емес пе... Қанша дегенмен қолында өскен бала ғой... Қайнысы дегеніміз болмаса, туған ұлындай болып кеткен, әрине, қайғысы оңай емес қой, -  деген жұрттың қарасы көп болды. 

- Қой болды, Жайна, көп жылай берме, ауырып қаласың! - деп көңіл айта келген қауым тоқтау айтқан сайын Жайнаның жоқтауы сан құбылып сала берді. Жоқтау айтып отырғандардың қатарында Серікболдың немере ағасының қызы – Тұнық та бар-ды. Ол – Жайна жоқтауын үдеткен сайын түсініксіз көзбен жеңгесіне қарап қоятын. Тұнықтың бұл қарасы қырағы көз қарияның ой елегінен мүлт кеткен жоқ. «Серікбол өлімінің себебін іздеуді немере қызымен оңаша кездесуден бастау керек» деп көкейіне түйе жүрді.Серікболдың жетісі өткен соң да, Жайнаның мұңлы жоқтауы жалғаса берді. Бір күні қария өзін ұстай алмай қалды білем;

- Серікболымнан айрылып,

Қанатым қалды қайрылып.

Жақыным едің жанашыр,

Есеңгіреп қалдым қайғы ұрып.


Берікбол қалды жапанда,

Егіліп отыр атам да.

Мінезі жақсы қайным-ау,

Күліп жүруші ең қашан да...


Қапыда кеттің жасыңнан,

Құтылмай ажал – жасыннан.

Зар қақпай енді қайтейін,

Айрылдым жаққұт, асылдан... - деп қайнысын қайғыра жоқтап отырған келініне:

- Болды доғар, зарлана бермей! Серікболды тірілтіп алу қолыңнан келе қоймас, - деп зекіп салды. Жайна кеңірдегіне ет кептелген адамша қылғынып барып, тына қалды. Өксіген де жоқ. Үні орнында өшті. Көңіл айта келгендер қарияның бұл қылығына аң-таң болысты. Іштерінде:

- Мына қақпас, ақылынан адасқан ба? Қайта, келінінің шынайы қайғырып ұлын жоқтағанына қуанбай ма, - дегендер де болды.

Серікболдың өлімі жайлы жұрт арасында әртүрлі тұспалдар айтылып жүретін. Баласының топырағы суып, көңіл айта келушілердің аяғы сирей бастаған тұста қарияның қалаға баруы жиілей түсті. 

Тұнық – мінезі ауыр, адам баласына тіс жарып сөйлемейтін бір тоға қыз еді. Осы тұйық қызды да қария бір жолы өзімен бірге қала жаққа апарып қайтты. Алайда Серікболдың әкесінің не білген ойы бар, не үшін қала жаққа жиі барғыштайды, оны ешкім дәп баса алмады. Қария жүрісінің тағы бір жұмбағы – үйден шығарда иен тауды бетке алып аттанады да, бір қырқа асып, үйдің төбесі тасада қалған соң бағытын қалаға бұра жөнеледі. Қайын атасы атқа қонарда Жайнаның жүрегі аузына тығылса да, иен тауды бетке алып кеткенін көрген соң тынысы кеңи түсетін.

Бұл жолы да қария қала жақтан тауы шағылып келе жатқан. Келінінің соңғы уақытта түсінен жиі шошып оянатынын, күндіз де үреймен өмір сүріп жатқанын қанша айтса да, заң орындары «ол да келініңізді күдікті ретінде тергеуге алуға дәлел болып саналмайды»,- деп шығарып салған болатын. Ісінің ыңғайы болмаған соң, үйіне ерте қайтып келе жатқан түрі осы еді. Ауылға жақындап қалғанда бұта-бүрген арасымен бой тасалап, аса сақтықпен қызына қарай кетіп бара жатқан Жайнаның шешесін көзі шалып қалды. Осы сәтте Тұнықтың:

- Мен су жағасында кір жуып отырғанымда қасыма Берікбол ағамның кіші ұлы жылап келді. Не ғып жүрсің шешеңнің қасында отырмай? дегенімде: - «Мамам Кенже ағама айран құйып берді. Менің де ішкім келіп еді, Нағашы апам маған айран бергізбеді. Мен ішем деп тұрып алып едім, ұрсып, үйден қуып шықты, - деді. Мен сол кезде баланың сөзіне аса мән бермеппін. Алайда, сол күні кеште Серікбол ағам уланды. Соған қарағанда, құдағи мен Жайнаның ағамның өліміне қатысы бар сияқты болып тұрады. Егер ол айранға у қосылмаған болса, Кенже ағама «анаған да бір ұрттата салшы!»,- дейтін жөні бар еді... - деген сөзі құлағына саңқ етті. Қария атын жиі тебініп, құдағиына көрінбей, одан бұрын үйге жетуге жанын салды...

Жайнаның шешесі аһлап-үһлеп үйге кіргенде, қария үйдің сыртына келіп те үлгерген. Шешесі есіктен кірген бойда Жайна сыңсып жылай жөнелді. 

- Тәйт! Көрсетпе маған көз жасыңды! -  деп аман-сәлемнің орнына зекіген шешесі, - өзің ғой осы пәлені тілеп алған, - деп қызын жазғыра жөнелді.  

- Қайтем енді, қиналып кеттім. Күн бойы Серікболдың төр алдында дөңбекшіп жатып қараған көзі көкейімнен кетпейді, қазір түсіме де жиі кіріп жүр. Әкесі мен ағасы білмесе де, ол екеуіміздің улағанымызды біліп кетті, - деп бырқылдап жылай сөйледі. Бұл сөзді қарияның ымдауы бойынша баспалап жеткен көршісі Қыдыр да анық естіді. Берікбол да кемпірдің ізіне түсіп баспалап жеткен екен. Қария сұқ саусағымен ерінін басып, ұлына үн шығарма деп ишара жасады... Сыртта үш бірдей құлақ түрілген тұста шешесі Жайнаға:

- Өз-өзіңе мықты бол! Сәл осалдық танытсаң, сезік тудырып аласың! Шынайы қайғырған болып, езіліп жоқтай бер... Шамалы шыда! Өлім ескірген сайын бәрі де ұмыт бола бастайды... Берікболдың саған деген көзқарасы қалай? - деп сұрады.

- Білмеймін, бұрынғысындай емес сияқты. Түнде маған қарамай, күрсінеді де, теріс айналып жатады. Інісіне қайғырып жүргенінен болар деймін, - деді Жайна.

- Оған да оңай емес қой. Әлі-ақ жақсы болып кетесіңдер. Қайта бағымызға жарай, бұл сорлылардың бізден күдіктенбей, ешқайда арызданбай тыныш жатқаны жақсы болды. Қуана бер, бұл үрейлі күндерің артта қалып, армандаған байлығыңа өзің ғана ие боласың. Керек десең, ана кәрі қақпасты да жоғалта салу қиын емес, - деп шешесі бөсе бастап еді.

- Ойбай! Қойыңызшы енді, осы біреуін өлтіргеніміз де жетеді, - деп қалды Жайна. Бұдан әрі күтіп тұруға сырттағылардың төзімі жетпеді. Есіктен сау етіп кіріп келді...

Көп өтпей Шешесі мен Жайнаның қасақана адам өлтірген қылмыстары далелденді. Дүниенің құлы болған нысапсыз пенделер түрмеге тоғытылып, тойымсыз көздері темір тордың ар жағынан жылтырады... Олар үшін енді мал-дүние емес, жарық дүние арман... 


Тұрсынбек Кешубай

19.01.2016 ж. (Алматы)

Қидың иісі аңқыған қырдың шайы
Сайтан Серік (Әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу