Айкерім Қиықбай. Дүйсенбек
Оқу бітірген соң бес жыл жұмыссыз отырдым. Оған себеп келесі жағдай. Жұмыс іздеп біраз сабылдым. Әуелі зор үмітпен әдемілеп тұрып түйіндеме жаздым да оны көп дана етіп шығарып алып, мекемелерге тарата бастадым. Қолдағы қызыл дипломның буымен ең әуелі беделді мекемелерді аралай бастадым. Есігінен сығалатқаны болмаса ешқайсысы менің жеткен жетістіктерім мен дипломыма түкірмеді де. Содан енді біраз түңіле бастап, мектептерді араладым. Онда тіптен оқушыдан мұғалім көп секілді. Бәрінде де бір жауап: әзірге орын жоқ, болса хабарласамыз!
Жұмыс тауып аламын деген үміт жетегінде үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Содан мен жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Олар мамандық бойынша мекемелерге ұсыныс хат жолдап, алты ай сынақ мерзімінде жұмыс тауып береді екен. Содан жұмысты жақсы істеп, көзге түссең тұрақтап қалуың мүмкін. Бірақ қалалық жұмыспен қамту орталығында мен секілді дипломын арқалап жұмыс іздеп жүрген жандар аз емес екен. Бұл мекемеде де маған құшақ жайып тұрған ешкім болмады. Бәріне уақыт, сансыз кезек, одан кейін бір қора қағаз қажет екен. Аты қиын мекеменің табалдырығына табаным төртінші рет келіп тиген күні басшының кабинетіне жол ашылып, қол қойғызуға жолдама алдым. Оған қуана-қуана үшінші қабатқа демде жетіп барсам кезек жоқ екен. Қуанышым тіптен еселене түскен мен басшы есігін аша бере есіктің аузында ілініп тұрған кісі есімі жазылған тақтайшаға көзім түсті. Жұмағұлов Дүйсенбек Сәрсенбекұлы. Есікті жартылай ашып тұрып, есімді оқып үлгерген менің көздерім енді кабинеттің төрінде отырған басшыны да тани кетті. Иә. Иә. Дәл өзі. Еш өзгермепті. Менің сыныптасым. Санаммен сан жылдар өткенге ығыстым.
Біздің сыныпта мен ешқашан даусын естіп, сөйлесіп көрмеген бір бала оқыды. Онымен қоймай күнде таңертең сабаққа зорға келетін. Анасы біздің мектепте еден жуушы болып қызмет атқарған. Әкесі жоқ еді. Олар мектептің бір бүйіріне жабысып тұрған кішкене үйшікте тұратын. «Үйі мектепке тиіп тұр екен» деген тіркесті естісем менің көз алдыма бірден сол Дүйсенбек тұрған кішкене үйшік елестейді. Сол Дүйсенбек төртінші сыныпқа дейін анасының сүйреуімен келіп, бірінші сабақ басталғаннан екпеттеп жатып алады да кеткенше міз бақпайды. Костюмінің қыртысы бетіне жабысып, көзі ісіп әбден ұйқысы қанған уақытта басын көтеріп айналасына бір қарайтын. Сабақ аяғына таяған уақытта зып беріп сыныптан елден бұрын шығып жөнелетін. Басқа балаға: Неге сабақ оқымайсың? Неге жауап бермейсің деп ұрсатын мұғалімдер Дүйсенбекке ләм-мим деп жақ ашпайтын. Бір сыныпта осындай бір оқушы болуы шарт секілді біз де оған көп мән бермейтінбіз.
Әліппені оқып бітірген соң сыныптағы барлық бала жүргізіп оқуды үйренді. Бір күні мектепке комиссия келді.(көктен түскендей). Сыныпқа кіріп келген ұзын бойлы, қара шашты апай бірден бірінші қатардың соңғы партасында ұйықтап жатқан Дүйсенбекті көзі шалып, қасына жетіп барды. Оны түйгіштеп оятты. Көзі ісіп кеткен ол саспайды. Бетіне қарап:
- Не?-деді.
- Аш кітабыңды! деді әлгі апай. Кітаптағы мына сөзді оқы деді саусағымен кітап бетіндегі бір сөзді нұсқап. Сынып жетекшіміз шыдамай оның қасына жетіп барып көмектесе жөнелді. Қане «А»дейді апай, «а» дейді Дүйсенбек аузын арандай ашып. «Ты» «Тыыы» деп созып қояды. «А» «ааа». Ал енді қосып оқы! Дүйсенбек желкесін қасып кітапқа бір, апайға бір қарады да «Шал» деді. Сынып ду күлді. Мұғалім састы. Ал комиссия қабақ шытып сыртқа шығып кетті. Біз Дүйсенбектің ендігі күні не болар екен деп уайымдап қалдық. Десе де содан кейін Дүйсенбек ары қарай қаз-қалпында оқуын жалғастыра берді. Оқуын деймін-ау, сабақта ұйықтауын...
Сөйтіп жүріп бастауышты бітірген Дүйсенбек одан кейін бізбен бірге оқымады. Оның мектепті тастап кеткенін не өзге жерге ауысқанын мен білмеймін. Мектептің жанындағы дүңгіршектің есігінде содан бері қонжиып қара құлып тұратын. Сол есік біз мектеп бітіргенше ашылмады. Енді міне менің қақ алдымда білдей бір жұмыспен қамту орталығының директоры болып сол Дүйсенбек отыр. Сол салпиған ерін, сықсиған көз, сопайған басы. Тек ересек тартқан. Маған қарап ыржиып күледі. Күлкісінде аса бір мысқыл да, мазақ та байқалмады. Риясыз баланың күлкісіндей таза күлкі. Мен де еріксіз жымидым. Ебедейсіз саусақтарымен шимайлап өтінішімнің соңына қол қойған болды. Құжатымды ала бергенімде есіктен самай шашына ақ түскен, әжім бетті қара әйел кірді. Қолында еден жуатын таяғы мен шелегі бар. Жүзін төмен салған беті өз жұмысын жасай берді. Есікке қарай ұмтылған маған жалт қараған кезде бала күнгі мектептің еден жуушысы, Дүйсенбектің анасын тани кеттім. Сыртқа шығып жұмысқа берілген жолдаманы белінен жырта салдым да қоқысқа бір-ақ ұрдым.
P/S: Дәл сол күні бір құйтырқы ой санамда сандалып жүріп алды. Дүйсенбектің бар болмысы, іс-әрекеті түгел кезіндегі біздің мектеп директорына қатты ұқсағандай болды. Қой дедім. Адам адамға ұқсай бермей ме? Әрі екеуі де білдей директор болса?!