Қанабек Байсейітов. Жары Күләш Байсейітова туралы

Oinet.kz 13-12-2019 2099

Актер Қанабек Байсейітовтің естелігінен:

Күләш (Байсейітова) екеуміз ширек ғасыр отастық. Ол өмірдің ішінде от та болды, су да болды, өрт те шығып кетіп жүрді, оның бәрін теріп айтып жатудың қажеттігі болмас. Әйткенмен Күләштің кешірімді, отбасы абыройын сақтай білген адам болғанын айта кеткенім артық болмас.

image.png

Суретте Қанабек пен Күләш - Төлеген мен Жібек рөлінде. ("Қыз Жібек" операсы)

Мен өзімді періште едім деп айтпайтын адаммын. Жастықтың желігі әлі басылмаған, бас асаулығым бар кезде Күләшті бір қатты ренжіткенім бар. "Түнгі сарын" пьесасын қойған түн еді. Менің губземде істейтін инженер туысқаным болды. Спектакльден соң қонақ болып қайтыңдар деп, Күләш екеуімізді сол шақырды. Спектакльден кейін Күләштің ол үйге барғысы келмеді, шаршадым деп үйге кетті. Мен жалғыз бардым. Қонақтар өзім қатарлы екен, үш-төртеуін танимын, екі-үшеуі мені білетін болып шықты. "Жаспыз, мықтымыз, біз не істесек те жарасады" деп ойлап жүрген ақымақ кезіміз ғой, әлгілердің ішінде бір әдемі келіншек бар екен, қыза-қыза келіп соған жабысыппын. Арақты ішіп алған соң, "Кетпеймін, осы келіншектің қасына жатамын" деппін де, қисая кеткен бетімде ұйықтап қалыппын. Күләш мені ары күтіпті, бері күтіпті, келмеген соң қорқып ұйықтай алмапты. "Осы уақытқа дейін қонақта отырмас, үйге келе жатып жолда мастықпен бірдеңеге ұрынып қалды ма?" деп күдіктенеді. Ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, ақыры ұйықтай алмайтын болған соң, артымнан іздеп келеді. Түнде далаға бір кіріп, бір шығып жүріп есікті ешқайсымыз ілмеппіз, Күләш үйге кіріп қараса, әлгі келіншектің қасында мен киімшең ұйықтап жатыр екенмін. Мас кісінің жатысы қай оңған болушы еді, мені көріпті де, көңіліне күдік кіріпті. Мені оятпастан далаға қайта шығып бара жатқанында үй иесі біліп қалып тоқтатыпты. Екеуінің шаң-шұң дауысынан оянып кеттім. Күләш екенін де бірден таныдым.

Сол жолы өзім де қатты қиналдым. Күләшті де оңдырмай қинадым. Табысып кетсек те, сол қылығым Күләштің есінен біржола кетпей қойды. "Егер ана келіншек те ілтипат берсе, қайтпексің?" деп, кейін де бір жағы әзіл, бір жағы кінә етіп көпке дейін айтып жүрді. Өзім де ұмыта алмай өкінумен болдым. Жастық пен мастықтың өстіп мені өлердей өкіндіргені бар.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды


Бердібек Соқпақбаев: «Мен 40 жасымнан кейін жазған емеспін»
Қамбар Уәлиев. Естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу